Руханият

Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ Қарқаралыдан қуғындалу себебі

Біздің Ахмет Байтұрсыновтың есімі алғаш рет «Қазақ тілі» газетінде жарияланған М.ӘУЕЗОВТІҢ «Есіл Қарқаралы» әңгімесінде аталыпты. Әуезов өз мақаласында Семей облысына қарасты, Қарқаралы уезінің 1921 жылғы күнін әңгіме қылғанда оқырманға қаланың өткен замандағы мінездерін еске салуды да ұмытпай: «Қазақтың алғашқы қамқор ақыны Ахмет не айтты, естеріңде бар ма? О да «өнеріне сүйсінген» жоқ па еді: «Хош, сау бол, Қарқаралы жуылмаған, айдай бер қалса адамың қуылмаған…» оқырманға сауал жолдайды.

Иә, Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың XX ғасыр басында тұтқындалып, қамауға алынып, еркінен айырылып, Семейге түрмеге айдалып бара жатып айтқан өлең сөзі Қарқаралыда жазылғаны көпшілікке белгілі. Әуезовтің әңгімесінде А.Байтұрсыновқа берген анықтамалық мінездемесі заңдылық және құқықтық тұрғыдан алғанда жалғыз Ахаңның уақыты емес, тіпті одан әрі Шоқан Уәлиханов заманына әкетеді. Әуезов әңгімесінде А.Байтұрсыновты «Қазақтың алғашқы қамқор ақыны» депті. Онысы рас, А.Байтұрсынов XX ғасырдың басында қазақтың сөзін қаймықпай сөйлеген қалам қайраткері еді. Бірақ, Әуезов айтқандай алғашқы емес, қазаққа қамқор болған азамат, бірінші қалам қайраткері, ғалым, ақын Шоқан Уәлиханов болатын.

Ақындық дегеніміз – өлең құрастыру ғана емес, ол адамның көңіл күйі, жүрек сыры. Көңілдің жайлауынан ел кетпеуі. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заңының, Ақтау заңының кіріспесінде мемлекет өзінің алдына жаппай қуғын-сүргіннің барлық құрбандарын ақтауды мақсат етіп қойғанын мәлімдейді. Түзу сөзге салсақ, бірінші кезекте Шоқанға жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны мәртебесін беруге заңды, құқықтық жол бар сияқты.

Айтар ойымыз, жазар сөзіміз дәлелсіз болмасын, Шоқанның 1862 жылы 6 желтоқсанда А.Майковқа жазған өз хатынан дерек келтірейік. Хат ұзақ, Петербордағы үлкен адам, ақын, ғалым А.Майковқа жазған, біз тек қана тақырыпқа қатысы бар үзіндісін ұсынамыз. Соныменен, Шоқан не депті: «Менің Сібір үкіметіне қалай қарайтындығымды сіз, тегі, Достоевскийден естіген боларсыз, мен оған Сібір үкіметінің маған бұратана ретінде қарауына байланысты болған бір оқиғаның жайын жазғанмын. Сібірде бұратана халықтарға ит қосып талатпайды демесеңіз, одан басқаның бәрін істейді. Міне, менің жайым сондай, сүйікті Аполлон Николаевич». Енді, міне хаттың бізге қажетті ең маңызды тұсына келдік, Шоқанды тыңдалық: «Жағдай нашар, алайда Мәриямұлы Иса Мәсіхтей бар азап-қайғыны көтеріп келемін, бірақ, наразымын тағдырға, оны да жасырмай жария еттім жаһанға. Қарсылық білдірген де дұрыс қой, одан тіпті ешбір мән шықпаса да». Наразы болсаң, қарсылық білдірген де дұрыс. Шоқан көріп отырсыздар, қаймықпаған, наразылығын ашық айта білген.

Ол заманда полиция бақылаудағы кісілердің хатын заңсыз оқи беретін. Уәлихановтың наразылық пен қарсылыққа толы «Сот реформасы туралы» атты Үкіметке 1862 жылы жолдаған жазбасы да бар: «Әр ұлттың өзін-өзі билеуге құқығы барлығын жоққа шығару үшін қандай да болмасын билік етуші үкімет халықтың еркін қозғалысын болдырмауға тырысып бағады. Әртүрлі сырттан танылған «революция», «реформалардың» бәрі де қазақ ұлтының жалпы адамзаттық өркениет жолымен, өз ерік-жігерімен еркін өсіп-өнуіне кедергі, қиянатшыл, ұлттық рухты күйретуші күш болған соң қазақ халқы үкіметке сенбейді» деп. Халықтың еркін қозғалысы. Теңдік пен татулық үшін. Қазіргі заманда «реформа» дегеніңіздің мән-мағынасына келесідей анықтама берген абзал: сыбайлас-жемқорлықтан бұзылған қоғам мінезін түзету, адамшылыққа оралу, хайуандықтан арылу. Орыстың ақыны А.Майков Шоқанның тағдырын дұрыс бағамдап айтқаны: «Шоқан, Сіз өз Үйіңізде пайдалы қайраткер бола алмайсыз, өйткені Сіз батыс Европаның білімін-ғылымын игерген Шығыс ойшылысыз. Сіз, ол ортаға сыймайсыз, өйткені Сіз тым сауатты, ғалым адамсыз және де, пысық емессіз. Ол жаққа сіз әлі керек емессіз, онда жай ғана, қарапайымдылау шыңдалған қозғаушы күш керек».

Маңғаз Майков көре білгендей колониальдық күйретуші күшке қарсы тұра аларлық халықтық қозғаушы күштің қайраткерлер толқыны Шоқан мен Абайдан кейін сахнаға шыға бастайды. Абайдың ақындыққа келуінің өзі оның халықтық еркін, азаматтық қарсылық жолына Шоқанның наразылығындай наразылық көңіл күйден туған қарекет. Абай – қазақтың оқуы мен әдебиетінің гүлдену жолына түсуіне бар ынта-жігерімен қозғаушы күш болуға қызмет еткен қазақтың қалам қайраткері. Абай – атақты Кеңгірбай, Ырғызбай, Өскембай, Құнанбай сияқты қазақтың билер мектебінен шыңдалып, қара сөзде суарылып, суырылып шыққан құқықтық қозғаушы күш болатын. М.Әуезов «Есіл Қарқаралы» әңгімесінде Достоевский, Гоголь сияқты ойшылдармен қатар Ахмет Байтұрсыновтың есімін атауында заңды, құқықтық негіз бар болатын. Себебі, А.Байтұрсынов 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарыққа шыққан «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында Абай сөзінің тамырын адаспай, тура тапқан еді. Сондықтан да, Әуезов «Қарқаралыдай бұзық кірлі қала жоқ» деген Достоевскийдің сынымен бірге А. Байтұрсыновтың «Хош, сау бол, Қарқаралы, жуылмаған, айдай бер қалса адамың қуылмаған» деген өлең сөзін бір мақалада келтіреді.

Сонымен қоса, Әуезов Қарқаралыдан А.Байтұрсыновтың қуғындалу себебін де анық тапқан. Бұзылған, кірлі қала Қарқаралы малын бағып, жай жүрген, қарапайым қазақтың қаласы емес-тін. Қарқаралы 1822 жылдан бері ұлықсыған орыстардың, ел жуандарының, бұралқы бұзықтардың, алаяқтардың ұясына айналды. Міне, осы бір тоғышар топ қазақ қамқоршысы А.Байтұрсыновты қуғындауға мүдделі болды. Өйткені, қарусыз қыр қазағын зорлық-зомбылықтан қорғайтын қуатты қалам Ахмет Байтұрсыновтың қолында ғана еді. Мұстафа Шоқай шет елде шыққан естелігінде «Ежелден Түркістан өлкесіндегі қазақ ұлт- азаттық қозғалысының орталығына айналған Орынборда шығатын «Қазақ» газеті А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың қуатты қаламының арқасында қалың елді аузына қаратқан» дейді. Біздің М.Шоқай кезінде А.Байтұрсыновты ғұлама ғалым, дарынды жазушы деп те бағалаған. Ақ патша құламай тұрған уақыттағы Абай наразылығының туу себебін дұрыс аңғарып анықтаған Ахмет Байтұрсынов болды. Ахаң ғұлама ғалым болған соң басқалардан гөрі Абайдың ісін анығырақ сезе білген. Ахаң һакім Абайда шеберлік, сыншылдық, білімдік барын атап көрсетіп, бұлардың үстіне Абай көсем, үлгі шығарып, өнеге жайғыш болған дейді. Яғни, Абай сөзі үлгі тұтуымызға, басшылыққа алуымызға лайық, заң нормасы іспеттес сөз. Тұрмыста тұрақты терминге айналған «норма» сөзі алғашқы бетте заң, құқыққа ешбір қатысы жоқ еді, ол «құрылыс бұрышының дұрыс-бұрыстығын тексеретін арнайы құралдың» атауы ретінде алғаш І ғасырда атақты Рим архитекторы Витрувийдің еңбектерінде көрініс берген. Норма термині латын тіліндегі «nosco» сөзінен келген, мағынасы «таныймын, талдаймын, зерттеймін, сынаймын, қабылдаймын, білемін, қолымнан келеді». Сол себепті, біз Абай сөзін өзіміздің ісіміздің дұрыс-бұрыстығын тексеретін арнайы құралға айналдыруымыз қажет. Президент те, Перзент те – Абай бола біл, демекпіз!

Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың Бас ақыны» атты мақаласында Абайдың қазақтың көркем сөзінде көсемдікке, жалпы өлең жазуға неге келген себебін де тап басып айтқан. Абай қазақ өнеріндегі мінезсіздікке, өз өңіріндегі замандасына разы болмай, өркөкірек заманына наразы көңілі азаматтық қарсылыққа апарды. Абайдың жастық шағы қазақ елін, жерін орыс империясы отарлап басып алған, қазақтың соңғы ханы Кенесарының басын алған, болыстық пен билікті сатып алған, жалынып, бас ұрып алған заманда өткен. Кімнен сатып алады болыстықты? Ұлықсыған орыстан. Патшаның әкімшілігінен. Губернатор мен ояздан. Кімге жалынады? Ұлықсыған орысқа. Губернаторға, оязға. Патша әкімшілігіне. Кімге бас ұрады? Арқасынан қаққан ұлыққа. Шенді шекпен жапқан орысқа. Қолына бар ауылдың, бір болыстың бюджеті қолына түскен соң болыс-екең не іздейді, не қалайды? Баяғы сол мақтан! Содан келіп, ел ақтаған, сыйлық дәметкен, әнін сатып нәрсе алатын ақын іздейді. Табады да, өйткені қайыршы, тіленші, ақындар мен өлеңшілдер біздің өлкеде өріп жүрді. Жұмыс жоқ, қолы бос, шаруаға олақ өлеңшіл жұрт сұмырай сұрамсақтар сапын құрағалы қашан. Намысты замандағы жетесінде санасы бар топ басы, ел басы жоғалып біткен, ел шаруасын жетілтетін жүйе де жойылған, ел-күйреген, өз ырқы өз қолынан кеткен елдің өлеңші ақыны да азбай ма? Ақыны да азды, тозды, оңды-солды сөзді сатты, би- болысы арзанға сатып алды. Абай сонда не істеді? Абай 13 жасынан әкім әкесінің тәлім-тәрбиесін көрді, ерте есейді, үйлі- баранды болды, ел басқару ісіне де, өз шаруасына мықты ие болды. Бар болды, бай болды. Бар байлық-барлық, білім-біліктілік Абайға еркіндік берді. Еркіндік поэзиямен тең түсуге мүмкіндік әкелді.

Өлеңші ақындар ортасындағы қайыршылық, тіленшіліктің себебі ақылсыздық пен надандық екенін Абай әбден білген соң, өлең жазуға түскен. Ғұлама ғалым А.Байтұрсыновтың сөзі бойынша, Абай өз заманындағы ақын, өлеңшінің өнерін зерттеп, барлап, сынап барып, жан-жақты танысып, біліп жетіп, толысқан сәтте наразы көңілден өлең жазуға кіріскен. Өмірге наразылықтан туған азаматтық қарсылық поэзиясын әкелді. Абайдың наразылығы ескі ақындар көр-жерді өлең қылып, жоқтан қармап қазақ өлеңнің қадірін кетіргеніне қарсы шыққан наразылық еді. Абай, ақымақтық пен надандыққа көріне қарсылық ретінде өзгеге үлгі-өнеге берерлік өлең жазбаққа бел байлады. Бұл іс Абай қолынан келді де, халықтың еркін қарсылық қозғалысы Абайдың сөзін, өлеңін тез қабылдады. Абай қазақтың жазбаша әдебиетін жаңадан жасап шыққан, айналасына үлгі- өнеге көрсеткен классик, көсем қалам қайраткері. Сол себепті ғалым Ахаң һакім Абайды қазақтың бас ақыны деп атады.

Бірақ, шынын айтсақ, Абайдың жеке өз басы өзін ақын деп еш жерде жария етпеген. Абай сол кезеңдегі қоғамдық дамудың барысын дұрыс ұғып, жіті көре білген ойшылдың бірі. Тұрмыс, мамандық, кәсіп, іске, шаруашылығына келер болсақ Абай – сот, Абай – заңгер. Абай – билік еткен адам. Абай – бар қазақтай адам баласы. Абай – адаспай, тура жол іздеген һакім. Ақындық Абай өнерінің бір ғана қыры, ол өлеңді өзінің күресіне қажетті құрал ретінде жұмсады. Абай қазақтың ұлттық мүддесін қорғауға қажетті құралы – азаматтық еркін қарсылық қозғалысының құқықтық негізін қалап берді. Қарулы көтерілістің, көріне шыққан қарсылықтың бәрі қанмен аяқталатынын білген Абай бейбіт, тыныш жол тапты. Халықтың еркін қарсылық қозғалысы. Біз, деді Абай, жастарды малды қалай адал жолмен табуды үйретсек, үйретушілер мен үйренушілердің қатары көбейсе, біз ұлықсыған орыстың жалпыға бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Үйрету үлкендердің ісі, міндетті. Адал қызмет етпек жастарға үлгі-өнеге болмақ. Абай таңдаған жол – Заң арқылы құқықтық тәртіпке қол жеткізу. Қазіргі кезеңде біз Абайдың малды адал жолмен табу идеясын мың мәрте қайталай отырып елге еріксіз жаттатып, жадына сіңіре беруіміз керек. Қайталап айтудан жалықпауымыз қажет.

Сөз түзелді – тыңдаушы сен де түзел! Сөз – бүкіл халықтық еркін қарсылық қозғалысы. Әлемдік коррупцияға қарсы. Коррупция жалғыз біздің елде ғана болса, оған баяғыда-ақ тиым салынар еді. Тоқтау айтпау, тежеу қылмау төңкерісшіл топқа тиімді. Қазаққа Құдай берген Сөз көрінген жолаушыға ере беретін бұралқы ит емес! Сол себепті, біз Сөздің бар жанрында жаңа сапа, әділ сана іздеуіміз қажет. Қолға қалам алған адам – Сөз сапасына жауапты. Сыйлық емес сапа іздеуге міндеттіміз.

Сапа – саналылықтан туады. Саналы болмақ – Абай болмақ! Абай бол! Сый дәметпе, сый алма! Өз ақылыңа, еңбегіңе сен! Абайдың үлгісімен қазақтың бас адамдарына ақылдас, ойлан, ынтымақпен іс қыл деп Қарқаралыдан хат жазған Ахмет Байтұрсынов бол! Сыншы ойға құлақ сал! Мысалы, қазіргі қазақ қоғамының кітап оқудан бас тартуы – наразылықтың, қарсылықтың бір түрі. Наразылықтың себебі – қисыны кеткен сөз. Сөз – қисынымен қызықты. Қисыны жоқ сөзден адам баласы қажып бітті. Көңілі қалды, қарны ашты. «Бетін басты, тұра қашты». Ойын-сауық ауылына безді. Бірақ, ол жақта да анық, айқын, қадірлі өнер тапты ма, әлде тағы да бағытынан адасқан жұртқа кезікті ме, кім білсін? Анығын танып, ашып айтып берер Ахмет Байтұрсынов та жоқ…

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button