Руханият

Дін мен дәстүр – тәрбие бастауы

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің арнайы жобасымен әйелдер арасында дін мәселелері жөнінде республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мамандары әр өңірде қоғамның дәстүрлі, мәдени және ұлттық құндылықтарын нығайтуға бағытталған діни-ағартушылық жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар, әйел діндарлары арасында діни эстремизмнің таралуының алдын алуды көздейтін бірқатар іс-шара өткізуде. Ақтөбе қаласы, «Ихсан» қоғамдық бірлестігінің теологі Роза БАҚЫТҚЫЗЫ мен «Ихсан» қоғамдық бірлестігінің психологі Эльмира ӘДІЛХАНОВА кезекті жұмыс сапарымен Қарағанды облысына ат басын тіреп, облыстық Әнет баба мешітінде көпшілікпен кездесті.

Суреттерді түсірген авторҒылым мен техника алға озған кезеңде ұлттық құндылықтарымыз кенжелеп қалғаны жасырын емес. Бұны мамандар да растайды. Сондай-ақ, жат ағым мәселесі де тыйылмай тұр. Республикалық ақпараттық түсіндіру тобы дүйсенбіден бері әр мекеме қызметкерлері, жастар мен облыс тұрғындарымен дін мен дәстүр жөнінде келелі кездесу өткізуде.

Осы бағытта жұмыс істеп келе жатқанымызға бірнеше жыл болды. Жат ағымның жетегіне кетіп жатқандардың ішінде жастар да бар. Қазір елімізде мұндай көрсеткіш төмендеді. Мемлекет тарапынан мәселенің алдын алу үшін түрлі іс шара ұйымдастырылуда. Біз, жастар деп айтып жатырмыз ғой. Мектепті тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқан жасөспірімдер өте осал келеді. Кейбірінің діннен хабары болмауы мүмкін. Жат ағым өкілі әдейі осындай жастан бастап, оларды өз қатарына қосқысы келеді. Себебі, оларды көндіру оңай. Дәл осы тұста оларға ақыл айтып, кеңес беретін ешкім болмауы мүмкін. Сондықтан, біз алдын алу үшін осындай жұмыстар атқарып жатырмыз. Және дін мен дәстүрдің сабақтастығы жайында кеңінен сөз қозғап, көпшіліктің сұрағына жауап беріп жүрміз, – деді Роза Бақытқызы.

Ал, психолог Эльмира Қайырғалиқызы:

Бүгінде интернетті ашып қалсаңыз, дін тақырыбындағы түрлі жазбаны көресіз. Санында есеп жоқ. Мысалы, біреуі дін туралы бірдеңе білгісі келсе, интернеттен іздейді. Ал, онда жарияланған материалдардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Жалпы, ол сайттың мұндай жазбаларды жариялауға рұқсаты бар ма? Ол жерде уағыз айтқан кісінің уағыз айтуына рұқсат етілген бе? Сондықтан, тұрғындармен кездесу барысында рұқсат етілген сайттар мен уағызшылар, кітаптар жайында кеңінен сөз қозғадық. Егер, рұқсат етілмеген сайтты, рұқсат қағазы жоқ уағызшылардың уағызын әлеуметтік желіде бөлісіп немесе лүпіл бассаңыз, ескерту немесе айыппұл төлейсіз. Тіпті, бас бостандығыңыздан да айырылуыңыз ғажап емес. Сол себепті, әр кездесуде осы мәселе баса айтылады, – деді.

Жат ағымның жетегіне кететіндердің басым бөлігі – әлеуметтік жағдайы төмен жандар. Яғни, психологиялық, материалдық жағынан қолдаушылары жоқ немесе әлеуметтік мәселелерін шеше алмай жүргендер. Сондай-ақ, бұл қатарға жастар да кіреді.

Бала ортада өз пікірін айтып, өз қалауынша әрекет еткісі келеді. Ал, ата-анасы баласының кейбір іс-әрекетіне тиым салады. Осыдан бастап, олармен тіл табысу қиындай бастайды. Қолдау көрсететін жанды сырттан іздеп, жат пиғылды адамдардың құрығына түсіп қалатыны осыдан, – деді психолог маман.

Әйелдер арасында ұлттық құндылықтар, дәстүр мен дін арасындағы мәселелер қазіргі уақытта өте өзекті мәселеге айналды.

Діни, азаматтық, ар құндылықтарынан бөлек, ұлттық құндылықтардың бар екенін де ұмытпауымыз қажет. Қазақтың мал шаруашылығы, сәулеті мен өнерін, саятшылығын алып қарасаңыз дінмен ұштасып жатыр. Дін мен дәстүрді бөлек алып қарау – қазақ қоғамына үлкен қауіп. Өйткені, дін мен дәстүр қос қанатымыз. Тағы бір мәселе, дінді ұстану жолында кейде асыра сілтеп, қазақты бұрын мүлдем дін ұстанбаған деген пікір айтатын топтар қоғамда пайда болды. Дін құдды бір солармен келген секілді. Қазақтың дәстүрін ұстансаң, «Бұл қазақтың дәстүрі. Дінге келмейді» деп ысырып қояды. Дәстүр мен діннің құндылығын біріктіре білуде осындай шаралардың маңыздылығы жоғары. Әсіресе, бойжеткендер мен әйелдердің арасында өткені құба құп. Олай дейтінім, қыз – болашақ ана. Ал, ана – ұлтты тәрбиелейтін жан. Анадан ғалым да, дана да, батыр да туады. Сондықтан, қазақтың ұлттық құндылықтарын әсіресе қыздардың бойына дарытып өсіруіміз қажет, – деді әл-Машани мешітінің ұстазы Гүлжазира Ақназарова.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button