Қарқаралы

Қарқаралы қаласында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тастан қашалған ескерткіші орнатылды

Қарқаралы қаласында Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың тастан қашалған еңселі ескерткіші орнатылды. Алаш арысының 150 жылдық мерейтойы аясында жүзеге асырылған атаулы шараға аудан әкімі Ерлан Құсайын қатысты.

Қарқаралы қаласында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тастан қашалған ескерткіші орнатылды

Бүгінгі күн ерекше, бұл сәт – айтулы басқосу. Кездейсоқ ештеңе болмайды, Қарқаралы төрінде осындай ескерткіш белгінің ашылуы – тарихи заңдылық. Қарқаралының тарихы күллі қазақтың тарихы. Тағы да бір қыры – Алаштың алтын бесігі десе де болады. Қарқаралыда кешегі бар Алаштың басын қосқан, қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған саяси көсемдері – Әлихан, Әлімхан, Жақыптардың сара жолы бар. Солармен бірге бар қазақтың ұлт ұстазы атанған рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының да еңбегі сіңген, ізі қалған қасиетті Қарқаралы бұл. Асыл тұлғаның айшықты бейнесі табиғи тасқа қашалды. Керемет көрініс, керім туынды, – дей келе, аудан әкімі аға буынның ұлағатты жолын жалғастырып, халыққа қалтқысыз қызмет ету үлкен жауапкершілік екенін баса айтты. Туынды авторы, – осыған дейін Абай мен Бұқар жырау бейнесін тасқа қашаған мүсінші, аудандық мұрағат басшысы Манарбек Кәрім.

Ескерткіш жұмысына бір апта уақыт кеткен. – Ескерткішке Қорғантас тауының тасын қолдандық. Тұтас тасты жеткізуге кәсіпкер Болат Ахманов қол ұшын берді. Ескерткіштің ені – 2,2 метр, биіктігі – 4,3 метр. Салмағы шамамен 5 тонна. Ұлтымыздың асыл азаматтарын кескіндеу, олардың жарқын бейнесін өскелең ұрпаққа жария етуді ұлтын сүйген перзент ретіндегі борышым деп білемін, – дейді Манарбек Әзімбекұлы.

«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп соңына өміршең мұра қалдырған қоғам қайраткерінің жарқын бейнесі де ел жүрегінен өшпесі анық дейді, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, ардагер ұстаз Мейірхан Қасымжанұлы.

Сағыныш ӘБІЛ

Қарқаралы ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button