Қарқаралы

Ұлттық өнер ұлықталды

Құрақ көрпе – әрі өнер, әрі тұрмыстық бұйым. Қазіргі уақытта үйдің сәнін арттыратын құрақ көрпелер жақсы табыс көзі де. Қарқаралы ауданының ісмерлері өңірде алғаш рет «КөрпеFest» шарасын өткізді. Күздің соңғы жаймашуақ күні жиналғандарға жылу сыйлады.

Ұлттық өнер ұлықталды

Аудан бойынша 27 шағын орталықтан жиналған 60-қа жуық тәрбиеші мен әдіскерлер алты ауылды құрып, құрақ көрпе тігу бойынша шеберлік сыныптарын көрсетті. Бұл жерде ауылдардың Абай, Қасым, Ахмет, Мәди, Қазбек би, Тоқтар деп белгілі тұлғалар есімімен аталғанын да айта кеткен орынды. Шара барысында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Жиналғандар ұлттық тағамдарға толы дастарқаннан дәм татып, сол жерде пісірілген бауырсақтан да ауыз тиді.

– Құрақ көрпе тігу – ұрпақтан- ұрпаққа беріліп келе жатқан өнер. Аналарымыз бен әжелеріміздің құрақ құрағанын көзіміз көрді. Қазір сол өнер үзіліп қалмасын деп насихаттауды жөн көрдік. «Құрақ» сөзінің өзі қазақ халқы үшін ерекше мағынаға ие. Бірлікті, ұйымшылдықты, адамдардың басын құрау дегенді білдіреді, – дейді Қарқаралы ауданы білім бөлімінің әдіскері Жанар Қасымжанова.

Қатысушылар халық назарына құрақ көрпенің оннан астам түрін ұсынды. Жай ғана ұсынбай, олардағы әр өрнек пен оюдың мәні мен мағынасын әңгімелеп, таным көкжиегін арттырды.

– Мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл жерде тек шағын орталық мамандары атсалысты. Алдағы уақытта бұдан да кең көлемде ұйымдастыру ойда бар. Жиналғандардың өздері де бастаманы қолдап, ауқымын кеңейтсе деген тілектерін білдірді. Жайлы ауа райы, оның үстіне жаңадан ашылған орталық саябақ келушілерге жақсы көңіл күй сыйлады, – деп атап өтті Жанар Қасымжанова.

Қатысушылардың барлығына аудандық білім бөлімінің Алғыс хаты табысталды. Жалпы, бүгінгі күні төл өнерді заманауи үлгіде дамытып, жан-жақты жетілдіре түсуге ұмтылған жандардың көптігі қуантады. Матаны түріне қарай үйлестіріп, түсіне қарай ойнатып, көздің жауын алатын бұйымдар шығаруда. Құрақ құрау ісі технологиялық жағынан өзгеріп келеді. Ұлттық өнердің бұл түрін кәсіп етіп, несібесін арттырып отырған жандар барда, қоғамның қызығушылығы барда көрпе құрау түрленіп, жандана береді деуге болады.

Жансая ОМАРБЕК. 

Басқа материалдар

Back to top button