Жемқорлықпен күресудің жаңа жолы
Сыбайлас жемқорлықпен күресу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Онымен күресу үшін мемлекет кешенді шаралар қабылдауда, соның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын енгізілуде. Комплаенс деген не? Ол қалай жүзеге асырылады? Осы және өзге де мәселелер «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс – жемқорлықсыз Жаңа Қазақстанды қалыптастырудың маңызды құралдарының бірі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысында айтылды.

Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанова, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының басшысы Серікжан Байбосынов, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов, Қарағанды облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлігінің басшысы Жанболат Сәрсембаев және өңірдегі квазимемлекеттік кәсіпорын басшылары мен комплаенс-офицерлері, сондай-ақ, облыстың жоғары оқу орындарының өкілдері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері қатысты.
Аталған шара кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жаңа тетіктері талқыланды.
– Комплаенс – Заң ережелері мен этикалық нормалардың жиынтығы. Тарқатып айтқанда, Заң бұзушылыққа жол бермеу, талаптарды сақтау, азаматтардың Конституциялық құқығын қорғау. Бұл – кәсіпкерлікті ұйымдастыруда ең қажетті қызметтің түрі. Комплаенс қызметін жүзеге асыруға кәсіпкерлердің қызығушылығы болуы керек. Ал егер ешқандай қызығушылық болмаса, комплаенс қызметін жүзеге асыру қиын, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнар Қадыржанқызы.
Елімізде квазимемлекеттік және жеке секторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі өз қызметін бастады. Бұл «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына енгізілген өзгерістерден бастау алды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасы басшысының орынбасары Арыслан Мыңгишовтың айтуынша, Қазақстанға инвестиция тарту барысында комплеанс қызметінің рөлі өте зор.
– Инвестиция құюға қызығушылық танытқан инвестор алдымен екі мәселені анықтайды. Біріншіден, бизнесті дамытуға қандай жағдай жасалғандығы, одан кейінгісі – сыбайлас жемқорлықты жою қалай реттелгендігі. Комплеанс қызметі – сыбайлас жемқорлықтың тиімді құралына айналу қажет. Сондай-ақ, ол компаниялардың, кәсіпорындардың, инвесторлардың, қызметкерлердің мүддесін қорғап, жалпы ел мүддесіне қарай бағытталуы қажет. Бұл әділдікті, ашықтықты қамтамасыз етеді, – дейді Арыслан Мыңгишов.
Оның айтуынша, облысымызда 32 квазимемлекеттік сектор бар. Олардың бәрінде косплеанс қызметтері құрылған. Бұл – жемқорлықпен күресудің жаңа түрі. Департаменттен 30-дан аса комплаенстік қызмет бойынша түрлі шаралар өткізілген.
– Квазимемлекеттік секторларда сыбайлас жемқорлық жойылған жоқ. Оған әлеуметтік желідегі арыздар мен шағымдар дәлел. 5 жарым жылда 37 адам 82 қылмыс бойынша ұсталды. Мектеп, балабақша, театр және басқа да ірі кәсіпорындарда орын алды. Сондықтан, барлық квазимемлекеттік секторларды ел мүддесі үшін жұмыс істеуге шақырамыз – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасы басшысының орынбасары Арыслан Мыңгишов.
Ал, Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының басшысы Серікжан Байбосыновтың айтуынша, сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін жүйе бойынша жұмыс жасау қажет.
– Жемқорлық – қоғамды жайлаған дерт. Президент 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдама бекіткен болатын. Соның аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жою және оны болдырмау маңызды бағытқа айналды. 2020 жылдан бастап жобалық менеджментті енгізуді қолға алдық. Қазіргі кезде Easy Project платформасы жұмыс істеп жатыр. Барлық жобалар осы платформа арқылы бақыланады. Ашықтық принциптер қамтамасыз етілген. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстардың нәтижесі деп айтуға болады, – дейді Серікжан Берікбайұлы.
Сонымен қоса, облыстық филиал басшысы квазимемлекеттік секторларға ISO 38.00.1 Халықаралық стандартын енгізудің артықшылықтарын айтты. «Кез келген ұйымдарда, мекемелерде адамдар ауыса береді, тек жүйе жұмыс істеу керек. Осылайша, халықаралық стандартты енгізу белсенділігін жүзеге асыру қажет. Кез келген жұмыс басшылықтың қолдауымен ғана жүзеге асырылады», – дей келе, халықаралық стандартты енгізу барлық жұмысты реттеуге көмегін тигізетінін айтты.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.