Жаңалықтар

Деректі детектив

Омбыдан жеткен жақсы хабар мұқым Тобықтының ер-азаматтары түгіл қазан-ошақ маңайындағы қатын-қалаш пен ойындағы бала-шағасына шейін елең еткізді. Патша алдында ақталып, Құнанбай қылмысынан құтылыпты, ертеңдері елге қайтпақ. Жандарал Құнанбайды Қарқаралы приказына жеткізіп салуды полковникке тапсырыпты. Жай, кәпір полковник емес. Таза мұсылман. Тектінің тұқымы. Арғы атасы хан Абылай, өз әкесі қарақалпақтың қызы Сайман ханымнан туған Уәли. Қазақтың Арғын тайпасына билік еткен Уәли ханның ұлы – Шыңғыс полковник. Құнанбай еліне сәлем айтыпты. Тобықтының игі-жақсылары, Майбасар бас болып, Қарқаралыға дереу жетсін, Абайды да ала шықсын. Атасы Ырғызбаймен дос болған Абылай ханның немересі Шыңғыс төреден баласына бата алмақ ойы бар екен.

Біз, оқырман М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан Абайдың 13 жасында Барлас пен Бөжейден бата алған оқиғасымен таныспыз. Әрине, жазушы Абайға бата берер тұлғаларды өзінің шығармашылық еркіндігімен таңдап алуы әдеби заңдылық. Дегенмен, жазушының баталыққа Барлас пен Бөжейді бөлгені сәтті шыққан шешім деуге болмас. Өйткені, шеберлік шыңы шындық десек, Құнанбайдың бала Абайын қазақтың дана Абайына дейін көтерген ақ батаның авторы үлкен кісі болуы тиіс еді. Әділін айтсақ, әдебиетте тарихи кейіпкердің шынайы келбетін қиыннан қиыстырып шығару жолында суретшілерге дәлелді деректер жетіспей жатады. Адаспай тура ізденген суретші ғана кейіпкердің портретін дәл сызып шықпақ. Дәлелді деректер табылған соң, оларды құқық пен қисынын келістіріп, анығына барып әділ сөйлер заң білімі де керек. Әрбір әділ сөз қашанда өзіне қажетті еркін жанр іздемек. Бас кейіпкердің әдеби бейнесі өзінің тарихи орнында толық көрінуіне себепші жанр-деректі детектив. Детектив дегеніміз деректі табу, ашу, жарыққа шығару, сөйлету. Деректі детектив-көркем дүниеге ғылыми теориялық түсініктеме. Шынында да, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы бала шәкірт Абайға берілген қос батаны дәлелдейтін дерек жоқ. Болуы да неғайбіл, өйткені бұл көркем ойдан туған қиял-өрнек, бірақ оқырман қисынымен қызықты көркем сөзге иланады, болмағанды болғандай қабылдайды.

Суретшінің сюжеттік шешімін сынға салсақ, онда біз жас Абайға бас бата берген кім болды екен деген сауалға жауап беруге міндеттіміз. Біз бас батаны бала Абайға берген кім деген сауалға жауапты Абайдың өлеңінен, Құнанбайдың билігінен іздейміз. Кімде кім, «Абай жолын» оқиға қуаламай, асықпай, әр жолына үңіле оқыса Әуезов шығармасының құқықтық идеясы, заң сүйегі Абайдың сөзінен және Құнанбай ісінен тұратынына көзі жетеді. Жазушы Әуезовке романда бата беру идеясы Абайдың «Масғұт» поэмасынан алынған. Поэмада бағдаттық жігіт Масғұт бір ұры бас санап тонап жатқан шалды ажалдан айырып қалады – «Бұл шал бөтен шал емес, Қыдыр еді, ебін тауып даруға кезі келді. Сөзіне, ақылына, қылығына, разы болғаннан соң, бата берді». Абайдың сөзінен бата алудың да, бата берудің өз жолы, шарты реті, заңы, ережесі бар екенін көреміз. Батаның ең басты шарты – разылық. Алла разылығы. Әркімнің міндет – парызы шын ниетімен орнын тауып, бір Алланың разылығы үшін өнер қылу. Роман – эпопея бала шәкірт Абайдың қаладан, жабырқау медреседен жаңа құтылып, үйіне, ауылына асыққан күйін сипаттаудан басталады.

Абайдың қаладағы медресеге, мұсылман оқуына берілуінің себебін Абайдың 41 жасында жазған «Патша құдай, сыйындым, тура баста өзіңе» деген сөзінен табамыз. «Тура баста» деп Абай өзінің жастық шағын, балалық кезін меңзеп отырса, «сыйындым» етістігінде барша адамзат құлшылық еткен үлкен құдайдың ежелгі есімі «Сый» тұр. Абайдың көп өлеңі естелік, күнделік іспеттес, сондықтан да, біз мысал ретінде ақынның «Абыралыға» атты өлеңін алып қаралық. Бірінші жолы «Мен жасымнан көп көрдім мұсылманды, кәпірді» деген дерек береді. Абай «Мен жасымнан» деп қай жасын меңзеп тұр десек, ол жайында бізге ақынның «Балалық өлді, білдің бе?» атты өлеңі дәйек ретінде көмекке келмек. Жас кезі – балалығы өлген кезі. «Балалық өлді, білдің бе? Жігіттікке келдің бе?» Мұндағы «балалық» пен «жігіттік» әлеуметтік-құқықтық терминдер. Бір әлеуметтік топтан екінші бір кезеңге, әлеуметтік топқа, күйге, мәртебеге, дәрежеге өтудің көрінісі. Абайда «кәпір» термині де ауыспалы әлеуметтік, әкімшілік атау ретінде «Болыс болдым, мінекей» өлеңінде пайдаланылған. «Әуелде көтім бос кәпір, мықтыға не қып беттеймін? Жуанды қойып, жуасты біраз ғана шеттеймін. Ояз бардағы қылықты, ояз жоқта етпеймін».

Көті бос кәпір-мінезсіз әкім. Кәпір әкім. Бұралқы билік – жуанның жұдырығы. Құнанбай да Алланың хикметін білмекке құмартқан баласына бата берер Қыдыр атаны шынайы ниетімен іздегені ақиқат. Өйткені, Құнанбайдың көңілінде өзінің анасы Зеренің Би атаға баласына бата алуға қатарынан үш жыл барғаны ұмытылмас із қалдырғаны белгілі. Бұл хабар қазақта оң бата алу жолы да оңай еместігін білдіреді. Тобықты тайпасының ел басы Кеңгірбай би өзінің інісі Ырғызбайға берген оң батасы – барша елдегі биліктің тұтастығын сақтау мүддесінен туындаған байырғы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес келеді.

Кеңгірбайдың билікті інісі Ырғызбайға беруі қазақтың «Би болмақ ініден, билікке шықпақ баладан» атты құқықтық жолы еді. Ырғызбай өлген соң қазақтың ескі сөзіне сай билік басқа ағайынға көшуі тиіс болғанымен, Кеңгірбай би заман келбетін дұрыс пайымдап билікті Өскенбайға өткізеді. Өйткені, Ресей империясының отарлау саясатының қазақ еліне дендеп енген тұс, қарулы күш қолданып, хандық билікті жойып, патша үкіметі әскери бекіністер соғып, қазақ жерін басып алып, отарлау әкімшілігін құра бастаған кезеңде сырттан танылған басқару нысанымен қызмет ете білер ақылды да, айлалы да билеуші табу қажет еді. Жат жүйеге бейімделу үшін Өскенбай би де өзінің үлкен ұлы Құнанбайды билік ісіне ертерек тартып, бойын үйретіп, баули бастайды. Әрине, Өскенбай баласына билікті тапсыру жолында Кеңгірбай бидің батасын алу қажеттілігі жете түсінген жан. Сол себепті, Өскенбайдың бәйбішесі Зере жалғызы Құнанбайға бата алуға Би атаға үш жыл қатарынан барғаны анық. Кеңгірбайдан қайтып романға оралсақ, бала Абай ауырып жатқан кезде үйлеріне Барлас пен Байкөкше ақындар қадамы құтты қонақ болып кеткенін көреміз. Бала Абайдың ұғымтал зеректігіне қатты ырза болып, шын сүйсінген Барлас бір оңашада, жай ғана тақпақтап: «Шырағым, ер жетерсің, ер жетсең, сірә, не етерсің. Алысқа шырқап кетерсің, Шындасаң шынға жетерсің; – деп кеп, Абайға домбыраны ұсынды.

– Міне, балам, осы менің батам болсын!» дейді. Барластың батасы бір оңашада айтылған бата. Елге белгілі, аңызға айналған бата емес, есте ұстарлық, үлгі-өнеге боларлық бата қатарына жатқыза алмайсыз. Барлас ұсынған домбыраны Абай қабыл алды ма, жоқ па, білмедік, әйтеуір екі қыл құйрықты жетектеріне алған екі ақын Ұлжан ауылынан риза, қош боп аттанады. Барлас ақынның прототипі Дулат ақын деседі, Абай екеуі өмірде кездесті ме, жоқ па, ол туралы дерек дәлел жоқ. Романдағы екінші бата берген кісі – Бөжей Ералыұлы, Кеңгірбай бидің немересі. Абай Бөжей бастаған топқа қысқы Қарқаралының көшесінің бір пұшпағында кездейсоқ ұшырасып қалады да, Бөжей Абайдың сәлемін жақсы қабыл алып батасын береді. Романда да, өмірде де Бөжей мен Құнанбай қарым-қатынасының өте күрделі, шым-шытырық көрінгенімен ағайындылардың арасын ашқан бір-ақ объективтік себеп бар еді.

1822 жылы Ресей империясы «Сібір қазақтарын басқару» жарлығы бойынша хандық билігі жойылған елде жаңа жат жүйе құрылды, ел іші округ, приказ, болыс, ауылдарға бөлінді. Бұрынғы тыныш, тату тіршілік бүлінді. Ел бірлігінен, тұтастығынан айырылып қазақ жұрты өзара жер-су үшін таласуға мәжбүр болды. Ұрысты, керісті, соғысты, жеке бастың пайдасы үшін сөз де сатты. Сол себепті, бар өңірде бас- басына би болған өңкей қиқым қаптаған. Жағдайдың дәп осылай өрістеуі Ресейге тиімді еді. Бөліп ал да, билей бер! Хандықтан қағылған сұлтандар әкімшілік үстемдікке таласты, қара қазақ та қалыспады, жаман жақсының үстінен өтірік арыз айдады. Жалған айыптардың көптігі соншалықты, Аман- Қарағай округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиұлының үстінен берілген шағымдар бойынша тергеу жүргізуге Батыс Сібір генерал-губернаторының өзі тікелей тыйым салуға мәжбүр болған. Құнанбай билікте жүргенде баласы Абайды жұрт меңгермек қайраткер қылмақшы еді. Сол себептен, бала Абайға бата берер танымал тұлға іздей бастайды. Құнанбай 1840-1850 жылдары Омбыға қызмет бабымен қатынап жүргенде Шыңғыс Уәлиұлымен танысады да, оның сөзіне, ісіне қарай отырып баласына үлгі-өнеге боларлық кісі тапқанын жете таныған. Құнанбай Шыңғыстың оң батасын алуға үміттеніп, істің ретін күтіп жүреді. Оның орайы 1854 жылы Құнанбай өз округінен келіп түскен арыз- шағымдар бойынша істі болып, Омбыда абақтыға қамалып, жеке басы тергеуге алынған кезде келеді. Істің басы, «Сібір қазақтарын басқару» туралы Жарлықтың нормаларына сүйеніп, Тобықтының жуандары бір болысты екіге бөлмекке әрекет етеді. Пысық белсенділер үкіметтің ұлығына жол тауып, Тобықтының тұтастығын сақтап қалмақшы аға сұлтан Құнанбайға қарсы шабуылға көшеді. Құнанбай қызмет бабын асыра пайдаланды деген желеумен 1853 жылдың желтоқсанында Омбыда қамауға алынады. Соттауға еш дәлел таппай, тергеу тым созылып, Құнанбайды 1854 жылдың жазында қамаудан еріксіз босатып, Омбыдан кетпеу туралы қолхат алынады. Тура сол 1854 жылдың 13 қазанында Құнанбайды ауылдастары өз қолдарына алып, оның қашып кетпеуіне жауапты болатын болса,оған ауылына қайтуға рұқсат беріледі. Құнанбайды Қарқаралы приказына жеткізу міндетін жандарал Сібір қазақтар басқармасының кеңесшісі Шыңғыс Уәлихановқа тапсырған. Омбыдан 3 қарашада шыққан Құнанбайды Қарқаралы приказы 17 қарашада қалаға шақыртып алынған би Мырзахан Байтөрінге, Тоқсан Чорбаевқа, қазақтар Джангубеков пен Татыбаевтың қолына тапсырады. Біз келтіріп отырған барлық деректер Омбы архивіндегі «Құнанбай Өскенбаев ісі» атты қорда сақтаулы.

Белгілі ғалым Н.Дулатбеков кезінде Омбыға барып, істі көшіріп әкеліп, 2021 жылы жеке бір кітап қылып жарыққа шығарған соң оқырман қолына тиді. Біз кітаптағы деректерді Абай өлеңімен бірге зерттей келе келесідей тұжырымға келеміз. Сібір басқармасының қазақтар ісіне қатысты кеңесшісі Шыңғыс Уәлиұлы үкіметке Құнанбайды қамаудан босатып, ауылына қайтаруды ұсынып, өз сөзін өткізген. Сол себепті, Құнанбай Абылайдың немересін оның дәрежесіне, еңбегіне сай сән-салтанатымен Қарқаралыда қарсы алу үшін мұқым Тобықтыға «Жедел жетсін!» деп бұйыруы заңды еді. Сонымен, архивтегі тарихи деректер Шыңғыс Уәлиұлының Қарқаралы қаласында Құнанбайдың баласы 9 жастағы баласы Абайға оң батасын бергенін дәлелдейді. Архивтің дерегін Абайдың өзі де растап, бекітеді- «Мен жасымнан көп көрдім мұсылманды, кәпірді.» Қазақтың бар мұсылманы Құнанбай салдырған Қарқаралы мешіті маңайында, бар кәпірі Құнанбай аға сұлтан болған Қарқаралы приказында. Құнанбайдың Абайды алдыртуының тағы бір себебі бар еді. Абайды Семейдегі Ахмет Риза мешіт-медресесіндегі оқуға дайындау үшін Қарқаралыдағы оқымыстыларға баласының мұсылмандық білімінің деңгейін бір тексертіп алуды қажет санаған. Және де Құнанбай Омбыдағы тергеу біткенше Қарқаралының приказының рұқсатынсыз жүріп- тұра алмайтын еді. Семейге, Омбыға барғысы келсе Қарқаралы округінің келісімі керек-тін.

Қараша, желтоқсан айларында Қарқаралыда аялдаған Құнанбай қаңтардың басында ауылына, Шыңғысқа аттанады да, Абайды күтушісі, күзетшісі бар өз үйінде жазға дейін қалдырып кеткен. Омбыдағы тергеу ісіндегі дерек Құнанбайдың Қарқаралыда өзінің жеке меншігінде үй болғанын да растайды.

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button