Кездесу

Жастар жанашырлық күтеді

Облыс әкімінің орынбасары Ербол ӘЛІҚҰЛОВ пен облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Біржан ӘЛІМЖАНОВ облыс жастарымен кездесті. Кездесу барысында жастарды қолдау мақсатындағы грант мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, жастарға берілетін баспана, жұмыссыз жастардың мәселесі жайында сөз қозғалды.

Әлеуметтік тапсырысқа енбеген, бірақ өзінің жобасын жүзеге асыруға ниетті бастамашыл топтарды қаржылық қолдау мақсатында былтыр «Жас фонд» қоры ашылған-тын. Кездесу барысында шығармашылық бағытта жұмыс істейтін жастарды аталмыш қор аясында қаржыландыратынын мәлімдеді спикерлер.

Жастар арасында шешімін таппай жатқан мәселелер жеткілікті. Осы уақытқа дейін мұның бәрі пирамидалық жағдайда шешіліп келген. Яғни, ауылдағы мәселе бірінші аудандық, содан кейін қалалық, облыстық деңгейге жететін. Бұл – қайдан туады? Жергілікті жердің билік өкілдері тұрғынның мәселесін қарамағандықтан, олар облысқа шағымдануға мәжбүр болады. Енді бұл жағдайды реттеуіміз қажет. Ол үшін бізге сындарлы пікір, тәжірибе алмасу қажет. Бәрі өз қолымызда, – деді Ербол Шымкентбайұлы.

Белсенді жастардың басын қосқан ұжымның бірі – Қарағанды қалалық жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған«Ұлағат» жастар клубы. Бүгінгі таңда клуб мүшелері игі істерге мұрындық болып отыр.

Клуб осыдан төрт жыл бұрын құрылды, содан бері талантты жастардың басын қосқан шығармашылық ортаға айналды. Сөзіме дәлел болсын, өлкеге есімі белгігі жас ақындар Ерік Нарын мен Жоламан Әйткеннің кітабы шығып, осы орталықтан қанат қақты. Осы ұйымды ашудағы басты мақсат – жастардың жиналатын, бас қосатын әдеби ортасы болсын деген ниет еді. Былтырдан бері қаржыландыру болмаса да жастардың басын қосып, тәжірибе жинасын деген мақсатпен «Ұлағат» әдеби-қоғамдық журналын шығардық. Ендігі мақсатымыз – шалғайдағы ауылдарға барып, концерттік бағдарламалар қою. Егер сіздердің тараптан қолдау болса, біз қашан да әзірміз, – деді «Ұлағат» шығармашыл жастар клубының жетекшісі Бектас Жұман.

Ал, Жанасыл Ғабдуллин – компьютерлік графика саласын меңгерген жанның бірі. Ол бос уақытында бағдарлама арқылы бүлдіршіндерге арналған қазақы мультфильмдер жасайды. Яғни, қазақтың дәстүрін, киімін насихаттау мақсатындағы авторлық туынды жасаушы. 24 кейіпкерден тұратын туындының бүгінде тек 3-іне ғана жан бітіріпті. Ал, қалғанын жасауға қаржы болмаған соң, тек нобайын сызып қойған.

Жобамды үш кезеңге бөлдім. Оның алғашқы бөлімі, үш кейіпкері дайын. Әу баста, бірінші кейіпкерді жасағанымда сәтсіз шықты. Содан кейін оны өңдеп, түзетіп қайта жасап шығардым. Енді осы бастаған дүниемді аяқсыз қалдырғым келмейді. Ол үшін біраз қаржы керек, – деді ол.

Арман есімді азамат – «Самғау» қосымша білім беру орталығының негізін қалағандардың бірі. Ол орталығын ауылда ашқан. 11-сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындап, оларды үлкен өмірге қанаттандырып келеді.

Ауылдық жердегі білім мен қаладағы білімді салыстыруға келмейді. Ауылдық жерден шыққан түлектердің ҰБТ-да төмен көрсеткіш көрсететіні содан. Қазір біздің ұжымда білікті мамандар бар. Сол кісілердің арқасында былтыр ҰБТ-дан 21 оқушымыз жоғары балл жинады, – деді Арман.

Жиын соңында Ербол Шымкентбайұлы:

Айтқан пікір мен мәселелеріңізді толық тыңдадым. Сіздермен сол үшін кездесіп отырмын. Енді тығыз қарым-қатынас орнатып, бірге жұмыс істеймін. Әуелде мұндағы мәселелерді жүйелеп, жеке-жеке талқылау қажет. Содан кейін жоспар құрып, іске кірісеміз. Ешкім де аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ. Бәрі қолдарыңыздан келеді. Мен де сіздерге қолдау көрсетемін, – деп қайырды.

Ербол ЕРБОЛАТ. 

Басқа материалдар

Back to top button