Аймақ

Өңірде интернет алаяқтық өршіп тұр

Интернет алаяқтық күнделікті өмірімізге дендеп еніп алды. Қазір екінің бірі интернет алаяқтың құрбаны болып жатады. Мәселен, Қарағандыда 5-тен 10-ға дейін интернет-алаяқтық фактілері тіркеледі. Құқық қорғау органдары жағдайды түзету үшін қандай жұмыс жасалып жатқаны жөнінде және интернет-қылмыскерлердің арбауынан қалай сақтану қажеттігі туралы Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин Өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында өткен брифингте айтып берді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Өңірде интернет алаяқтық өршіп тұр

– 10 айдың қорытындысы бойынша Қарағандыда өткен жылы 996 интернет-алаяқтық тіркелген, ал биыл 850 факті тіркелді. Көрсеткіш аздап төмендегенін байқап отырмыз – 14,6 %-ды құрады. Дегенмен, әлі де атқарылатын жұмыстар бар. 200-ге жуық қылмыстық іс сотқа жіберілді. Алдын алу шаралары бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Учаскелік тұрғындармен кездесу, бейнероликтер жасау, парақша тарату, ХҚКО-ларда, ірі сауда үйлерінде, банктерде ескерту сипатындағы жадынамалар ілу жұмыстары жасалды, – деді полиция басқармасының бастығы. 

Басқарма басшысы интернет-қылмыстардың негізгі әдістеріне, сондай-ақ олардың алдын алу тәсілдеріне тоқталды.

Ең негізгісі – тұрғындардың күдікті сатушыларға сенбеу керектігі, жеке деректерді және банк картасының деректерін толтыруды сұрайтын сілтемелерге өтпеу қажеттігіне баса назар аудару қажет.

“Бейтаныс адамдардың өтініші бойынша ватсап арқылы құжаттарыңыздың фотосуреттерін ешқашан жібермеңіз және телефонға бағдарламалар орнатпаңыз. Егер банктен картаны бұғаттау немесе қолма-қол ақшамен күдікті операциялар туралы қоңырау келсе, телефонды тастап, банкке сенім телефонына қоңырау шалыңыз”, – деп сақтандырды полиция қызметкерлері. 

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button