«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы…»
«Сарыжайлау» кинотеатры мектеп жанындағы лагерлердің балалары үшін ұйымдастырған мультипликация мерекесі аясында Саран, Сұрыптау, Майқұдық және Пришахтинскіден үміткерлер қатысқан «Мультфейерверк» балалар анимациялық киносының облыстық фестивалі өтті. Қорытындысы Абай қаласының Мәдениет сарайында ұйымдастырылды.
Фестивальде түрлі киностудиялардың алтын қорынан алынған қысқа метражды мультфильмдер көрсетілді. Атап айтсақ, «Қазақфильм», «Молдова-фильм», «Арменфильм», «Өзбекфильм» сынды өнер қарашаңырақтары бар. Балалар Диснейдің «Күл қыз» («Золушка») ертегісін қазақ тілінде тамашалады. Мультфильмдерді білуге арналған викториналар өтті. Мерекенің музыкалық бөлігіне «До-ми-соль» балалар вокалдық студиясы жауапты болды.
Қорытынды іс-шара қызыл кілемде дефиледен басталып, әдемі киінген жұптарға өздерін нағыз жұлдыздар сияқты сезінуге мүмкіндік жасалды.
Фестивальдің салтанатты жабылу рәсіміне ArmanFilms киностудиясы, StartKino командасы, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының қызметкерлері, музыкалық комедия театрының актрисасы Наталья Мигунова, Құрметті журналист Сағат Батырханова, дыбыс операторы және бейнеклиптердің режиссері Дәулет Дүйсембаев қатысты. Олар да бірнеше интерактивті алаңдар ұйымдастырды.
Грим шеберханасында балалар грим мен париктің көмегімен адамның келбетін қалай түбегейлі өзгертуге болатынын көрсе, Сәкен театрдың грим-постижері Әйгерім Сауырбаева өз шеберлігінің құпиясымен бөлісті.
Ал, дыбыс жазу студиясында оқушылар «Үй жануарларының құпиялары – 2» мультфильмінің трейлерін дыбыстауға тырысып, талпыныс танытты.
Тележурналистика бағытындағы шеберлік сабағында балаларды жұмыс негіздерімен таныстырып, сұхбат жүргізу жайында кеңес берілді. Балалар да өздерін сынап көрді.
Бірнеше сағат ішінде оқушылар нағыз киноның қалай түсірілетіні және режиссер, актер, оператор алаңда не істеу керектігі хақында деректерге қол жеткізді. Алған білімдерін балалар бірден фильм түсіруге жұмсады. Сюжет бойынша жақсылық пен жамандық шайқасқа түсті. Ұялы телефонға түсірілген кинотуынды монтаждалып, жуық арада абайлық жас талапкерлер өз еңбектерінің жемісін көрмек.
Бұдан бөлек, костюм-бутафор цехында балаларды театрлық реквизиттермен таныстырып, балақайлар өз таңдауына сай жұмсақ ойыншық тігуге мүмкіндік алды. Тіккен ойыншығын өздерімен естелікке алып кетті.
Осылайша, «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қызыққа толы фестиваль талай жеткіншектің жүрегінде ынта отын жақты.
Жәлел ШАЛҚАР.