КездесуРуханият

Рухани азық өмірді ұзартады

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың пікір алмасу алаңында Балалар жылы мен «Бүгінгі сән – кітап оқу!» балалар мен жастар кітабы апталығы аясында «Өмірімді өзгерткен кітап» кездесу кеші өтті. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат КЕМАЛОВ, облыстық «Рухани жаңғыру» аймақтық кеңсесінің басшысы Айтбай ЖҰМАҒҰЛ, республикалық «Қасым» әдеби-танымдық журналының Бас редакторы Серік САҒЫНТАЙ қатысып, өзекті тақырыпта ойларын ортаға салды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кітап таңдап, оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіне жарату – әр адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайды. Осы асыл қазына төңірегінде тұшымды ойлар айтылып, ғибратты сөз тілге тиек етілді. Кешті тізгіндеген Эльмира Сайлауқызы «Өміріңізді өзгерткен кітапқа дейінгі оқыған кітаптарыңыз қандай еді?» деген сұрақтан бастап, қонақтарымызды балалық шаққа жетелеп, албырт жастық шақпен қауыштырғандай болды. Пілте шамның жарығымен кітап оқу ләззаты, кітаптың тапшылығынан балалар арасындағы тартыс, дауыстап оқу арқылы актерлік қабілет пен сөйлеу мәдениетінің қалыптасуы, кітапты мазмұндау арқылы тіл байлығының дамуы сынды қасиеттерге жеткендері хақында тың әңгіме өрбіді. Қонақтар жастарға әлемдік классиканың озық үлгілерін, тарихи шығармаларды оқуды кеңес берді. Жиылған жастар да өздері оқитын кітаптармен бөлісіп, ұйымдастырушылар мен кеш қонақтарына алғысын айтты. Кездесуден жастар рухани азық алып, ерекше күйге бөленіп қайтқаны анық. Кітапхана басшысы Дина Аманжолова Қайрат Кемалов ағамызға театр мен кітапхана бірлесіп, жас актерлерге «Оқырман клубын» ұйымдастыруды ұсынды.

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button