Бала тәрбиесі – баршаның ісі
Қай кезде де қоғам бала тәрбиесіне бейжай қарай алмайды. Себебі, бала – ертеңгі ел болашағы. Жас ұрпақтың тәрбиесіне баса көңіл бөлуді қолға алған облыстық білім басқармасы «Өмірлік дағдылар#Навыки жизни» атты алғаш рет ата-аналар форумын өткізді. Мұнда қоғамды толғандыратын маңызды тақырыптар талқыланды. Форум аясында диалог алаңдары, форум-театрлар ұйымдастырылып, ата-аналар мен балалардың психологтан жеке кеңес алуына мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, пленарлық мәжілісте белгілі тұлғалар ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты кітаптар тізімін ұсынды.
Форум бала тәрбиесі және әлеуметтендіру мәселесі бойынша білім беру ұйымдары мен ата-аналар қауымдастығы арасында ашық диалог өткізу мақсатында ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шара аясында Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен диалогтық алаң, әлеуметтік мәселелерді шешу дағдыларын дамыту бойынша интерактивті форум-театрлар, ата-аналар мен оқушыларға психологиялық кеңес беру және пленарлық жиын өткізілді.
– Бүгінгі форум «Балалар жылы» аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл іс-шарада қоғамды толғандырған балалар тәрбиесі мен әлеуметтендіру мәселесіне баса назар аударылды. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, бизнес өкілдері, танымал коучтердің қатысуымен ата-аналарға, балаларға кеңес беру, пікір алмасу, семинар, тренинг, шеберлік сыныптар, кәсіби сынамалар, форум-театрлар өткізілуде. Облыс бойынша мұндай ата-аналар форумы алғаш рет өтуде. Одан бөлек, диалогтық алаңдарда біз қоғамдағы ең маңызды тақырыптарды талқылауға көңіл бөлдік. Форумға 600-ден астам адам қатысты. Оның 70%-ы ата-аналар. Ата-аналар форумын 28 мамырда облыстың басқа қалалары мен аудандарында өткізу жоспарланған, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбақыт Жүнісова.
Форум аясында күнделікті өмірде отбасында болып жатқан түрлі мәселелерді шешуге, тығырықтан жол табуға көмек беретін форум-театрлар ұйымдастырылды. Мұндай форум-театр Қырғызстанда дамыған екен. Ал, Қазақстанға Татьяна Витальевна алып келген. Ал алғаш рет қазақ тілінде №13 мектептің мұғалімі Жансая Нұрғалиева ұйымдастырып отыр.
«Отбасындағы асыранды бала» тақырыбын қаузаған форум-театр мүшесі, студент Нарғыз Екпенбай мұндай көрініс қоюдың маңыздылығына тоқталды:
– Форум-театрда кез келген көрермен актер болып кете алады. Ұсақ проблемалардың өзін алып, өмірлік мәселелерді қамтып көрсету – біздің басты мақсатымыз. Мұндай проблемалар қазақ отбасында да кездеседі. Алайда, қазақ тіліндегі форум-театрлар мүлдем жоқ. Баланың басқа отбасында өсуі, отбасында болатын кикілжіңдер, баланың бойындағы жалғыздық, тіпті, суицидке ұшырататын мәселелерді талқылап, оның алдын алу мақсатында өткізіледі, – дейді «Отбасындағы асыранды бала» тақырыбы бойынша өткізілген форум-театр ұйымдастырушыларының бірі Нарғыз Екпенбай.
Форум-театрға қатысқан ата-аналар, оқушылар проблемаға ұшыраған адамның кейпіне еніп, рөл ойнады. Ұйымдастырушылар «қолдан жасалған» актерлерге отбасылық проблемаға кезіккен жағдайда тығырықтан шығар жолды көрсетіп береді. Ата-аналар соңында мұндай шарадан алған әсерімен бөлісіп, алғыс айтты.
Форум соңы пленарлық мәжіліспен жалғасын тапты. Мұнда ата-аналарға, ұстаздарға бала тәрбиесіне арналған таңдаулы кітаптар тізімі және балаларға мамандық таңдауға көмек боларлық «Жаңа мамандықтар» тізімі ұсынылды. Пленарлық мәжілістің бағыты бойынша балаға кітап оқыту, баланың психологиясы, мамандық таңдау мәселелері талқыланып, арнайы спикерлер шақырылды. Кітап оқу – әрбір отбасында баланың тұлға болып қалыптасуына септігін тигізетін игі іс. Бақытты отбасынан бақытты балалар шығады. Осы мәселелерге баса назар аударылды.
– Бүгінгі күні жас ұрпақты тәрбиелеу мен дамыту мәселесі – әлем бойынша ең өзекті мәселеге айналды. Сол себепті, қоғам бала тәрбиесіне баса көңіл бөлуі қажет. Осы орайда облыстық ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шара аясында оқу-тәрбие процесінің барлық қатысушыларына кәсіби мамандармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берілді. Қоғамдық бірлестіктің өкілдері арнайы шақырылды. Биыл Балалар жылына орай облыс көлемінде түрлі іс-шаралар өткізілуде. Мемлекеттік бюджеттен 6 млрд-тан астам қаражат бөлінді. Мұндай шаралар әлі де жалғасын табады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.
Пленарлық мәжілісте сөз сөйлеген Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау департаменті төрағасының орынбасары Дулат Шәйкенұлы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің және Балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтің құттықтауын жеткізді.
«Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының кеңесшісі Гүлнар Омарова бақытты отбасынан бақытты балалар тәрбиеленіп шығатынын тілге тиек етіп, ата-аналарға мектеппен тығыз байланыс жасау қажет екенін айтты.
«Нәтиже» компаниясының бас директоры Ерлан Әшім де осы жиыннан табылды. Арнайы шақырылған белгілі кәсіпкер ата-аналарға бала тәрбиелеуде кітап оқытудың маңызын атап өтті.
– Қазіргі шығып жатқан «Богатый папа», «Бедный папа» деген мотивациялық кітаптарды балаға оқытудың қажеті жоқ. Мұндай кітаптар қазақы ұғымға сай келмейді. Бұлар қазақтың «Әкем – асқар тауым» деген сөзін аяққа таптап жатыр. Қазір мотивацияны шетелдің кітаптарынан алу әдетке айналды. Алайда, қазақтың өзінде, Абайдың өлеңдерінде мұндай дүниелер тұнып тұр. Әр бала «қоғамға пайдам тисе екен» деп өсуі керек. Ол үшін кітап оқытып, тәрбиелеу керек, – деді Ерлан Әшім.
Сондай-ақ, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының ағылшын пәнінің мұғалімі Нұрлан Иманғалиев бала тәрбиесіне қатысты Чарлз Дахиггтің «Власть привички», Кэрол Дуэктің «Ойлау», Дейв Грейдің «Лиминальное мышление», «Джеймс Крюстің «Мой прадедушка, герой и я» атты кітаптарын ұсынды.
Қоғамдағы бала тәрбиесі қай кезде де өзекті. Ата-аналар үшін бала тәрбиелеуге мұндай форумның берері мол болмақ. Сол себепті, облыстық білім басқармасы ата-аналар форумын жиі өткізуді қолға алмақ.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.