Бас тақырып

Хабар айтқанға сыйақы бар

«Азаматтарымыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отырған кезде сіз бен біздің істеп жатқан жұмысымыздың еш тиімділігі болмайды. Ешқандай халықаралық рейтингтің де керегі болмай қалатыны түсінікті. Түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу – келмеске кетуі керек».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

ҚР Президенті.

«Антикордың» жұмысы қызып тұр. Екі күннің бірінде жемқорды құрықтадық деген ақпарат таратып жатады. Иә, бұдан байқайтынымыз – коррупция қоғамға әбден дендеп алған екен. Қазір тамырын «балталап шабуға» бағытталған шаралар қолға алынуда. Алысқа ұзамай-ақ, облыстағы ахуалды сөз етсек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің дерегінше, былтырғы жылы жемқорлық фактісімен 33 тұлға жауапқа тартылыпты. Оның ішіндегі 9-ы құқық қорғау органының қызметкері, 7-еуі жергілікті атқарушы органнан болса, орталық мемлекеттік органнан 4-еу, қалған 12-сі басқа да субъектілерден (жеке тұлға, кәсіпкерлер). Сонда 22-сі – жалпы сыбайлас қылмыстық құқықтық жауапкершілігі үшін жазаға, ал, қылмыстық кодекстің 367-бабы бойынша «пара беру» фактісімен 11 тұлға жауапқа тартылған. Мәселен, былтыр тамыз айында жол-патрулдік полиция қызметкерлерін 5 000 теңге көлемінде пара алуға итермелегені үшін (жол ережесін бұзу бойынша хаттама толтырмау үшін) бір азамат 75 000 теңге айыппұл төлепті. Осы тұста департамент өкілдері қазір пара алғанмен қатар, бергендер де жазаланатынын қатты ескертеді. Өйткені, көбі мұны біліп, түсіне бермейді дейді мамандар. Ал, жазаланушының біреуі Қылмыстық кодекстің 190-бабымен жауапкершілікке тартылған. Яғни, өзінің жеке мүддесін жүзеге асыру үшін алдап-арбау, басқа да заңсыз әрекеттер арқылы мәселесін шешуге барған.
Былтырғы жылы тіркелген ең көп пара мөлшері – 10 миллион теңге. Өндіріс ошағын ауаны шамадан тыс ластауына байланысты айыппұл төлемеу үшін лауазымды тұлғаға берген. Жемқорлық фактісі бойынша хабарлама берген тұлғаны көтермелеу бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес келтірілген залал сомасы 1000 айлық есептік көрсеткіштен асса, оның 10 пайызы хабар беруші тұлғаға сыйақы ретінде беріледі. Осы фактіге қатысты хабарлаушы 1 миллион теңге сыйақы алған.

Иә, бұл былтырғы жылдың есебі. Биыл ше? Қаңтар оқиғасы сабақ бола ма деп ойлаған едік. Алайда, жемқорлық айылын жимай тұр. Биылдың өзінде 22 қылмыстық іс анықталып үлгерді. Құзырлы органдар білек сыбана кіріскенінің айғағы – осы. Негізгі басымдық сипат құқық қорғау органы саласына тиесілі. Мәселен, Жезқазған қаласы Полиция басқармасы патрульдік қызмет инспекторы әкімшілік жауапкершілікке тартылмау үшін 250 000 теңге пара бермекші болған. Бірақ, ойы жүзеге аспай, өзі жазадан құтылмады. Іс сотқа жолданған. Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департамент қызметкерлері құқық қорғау саласындағы сыбайластық біршама тәртіпке келгенін айтады.
Иә, ковид көп нәрсені айқындап берді. Жалған вакцина құжатын дайындаған дәрігерлер де жер-жерде ұсталып жатты. Және індет кезінде үдете жұмыс атқарған ақ халаттыларға айлығымен қоса үстемақы төленгенін жақсы білесіздер. Қарамағындағы дәрігерге заңсыз үстемақысын заңсыз көтеріп бергені үшін 1 миллион 75 мың теңге пара алған облыстағы аудандық аурухананың директоры жазаға тартылды. Міне, осы секілді мысал көп.
Жемқорларды құрықтаудың қазіргі тиімді тәсілі – хабарлағандарға қаржылау сыйақы табыстау болып тұр. Бұл бірізділікке түсті десек те болады. Былтыр хабарлама жеткізген 17 тұлғаға 528 900 теңге көлемінде сыйақы үлестіріліпті. Ал, биыл 9 азаматқа 2 миллион 766 800 теңге табысталған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында мемлекеттігіміздің мықты іргетасы – әділдік, ал оған әкелетін маңызды басымдықтардың бірі – жемқорлықты түп-тамырымен жою екенін мәлімдеген болатын. Осы бағытта Мемлекет басшысының бастамасымен бірқатар пәрменді шара қабылданып, қоғамдық өмірдің қай саласына болсын дендеп енген қылмысты түп-тамырымен жоюға күш салынып отыр. Мәселен, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 2 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Осы стратегиялық құжаттарда көрсетілген маңызды бастамалардың ішінде негізсіз баю үшін жауаптылықты қарастыру, қаржылық тергеу институтын (Follow the money) құру, парасаттылыққа тексеруді енгізу (Integrity check), бюджет процесінің, мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыру, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту сынды жүйелі шаралар бар. Солардың ішінде мемлекеттік қызметшілердің парасаттылығын һәм жемқорлықтан адалығын тексеруге арналған Integrity check тетігін енгізу қоғамда айтарлықтай қызығушылық туғызып отырғанын айтады мамандар. Шенеуніктің адалдығын тексеру үшін оған біреуге көрсетіп жатқан қызметі үшін әдейі пара ұсынылады. Егер, ол пара алудан бас тартпаса, онда мемлекеттік қызметтен бірден қуылады. Осы жобаны енгізу құқық қорғау органдарынан басталады деп күтілуде. Бұл жобадан хабары барлар тиімділігінің зор екенін айтады. Егер, шындап әрі жаппай іске асырылса, игі.

Академик Төрегелді Шарманов ағамыздың жемқорлық туралы пікірін әлеуметтік желіден оқып қалғаным бар. Ағамыз жемқорлық дегенде келер ұрпақ жиіркенетіндей болу керек дейді.
– Жемқорлықты пара алған адаммен шектемей, берген адамды да қылмыскер деп санауымыз керек. Әрине, алғаны мен бергені болсын, бұларың аспаннан салбырап түспейді. Олар біздің ортамыздан шығып отыр. Барлығы да біздің аға-көкелеріміз, ұл-қыздарымыз, өз азаматтарымыз. Кішілері үлкенінен үлгі алып, ал үлкені арам пиғылына ерік берген заман. Мұны қазір алдын алып, шорт кесіп доғартпасақ, келешек ұрпақ та осылай болып қалыптасады. Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны іледі. Дәл бүлдіршіндеріміз, студент пен оқушыларымыз жемқорлық дегенде жиіркенетіндей сезімде болуы керек, – дейді академик ағамыз. Шынымен, әр шаңырақтан біреудің ала жібін аттамауды, кісі ақысын жемеуді бала шағынан үйренген әркім бұл былықтан ада болары анық.

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button