Бас тақырып

Сегізінші томның сәулесі

Атқан таңмен таласа ерке Есілді бетке алып жүріп бара жаттық. Мақсат – Қазақ көсемсөзінде өз сүрлеуін салып, кенжелеп қалған көркем аударманың бойына қан жүгіртіп, ащы сатирасымен жүректерге сәуле түсірген қабырғалы қаламгер Марал ХАСЕННІҢ жуырда жарық көрген таңдамалы VII томдық шығармалар жинағаның таныстырылымына қатысу. Елорда төріндегі Ұлттық Академиялық кітапхананың Мырзатай Жолдасбеков атындағы залына кіріп келгенде, бізді жазушы Тұрсын ЖҰРТБАЙ бастаған бір топ қонақ пен Марал ағаның достары, туыстары, кітапхана мамандары күтіп алды. Жүйелі жоспарланған жиын уақытылы басталды.Кешті Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақтаңгер ақын Дәулеткерей Кәпұлы тізгіндеп, жазушының қысқаша өмірі мен шығармашылығына тоқталды. «Соңғы 7-8 күн бойы қарағандылықтарға қызмет етіп жүрмін» деп бір астарлы әзілмен түйреп өтті. «Жақсының шырақшысы» Марал ағаның жары Рымбала Смайылованың ерен еңбегін тілге тиек етті. Ұлттық академиялық кітапханадан жазушының мұралары сақталатын бұрыш ашып, кітаптарын, қолжазбаларын өткізіп, зыр жүгіріп жүргенін, бүгінгі кеш сол жұмыстардың заңды жалғасы екенін айтты. Шараға орай арнайы кітап көрмесі қойылған.

Марал ағамның бұрышы ашылғанда соңғы 30 жылдық өмірім есіме түсті. Өйткені, Есілдің жағасына ел орталығы көшкелі бері осындағы кітапхана жүйесін қалыптастыруға біраз еңбек сіңірдім. Рымбала апай сыйлаған 7 томдық – осы зәулім кітапханаға жасалған қымбат қазына. Біз өз салақтығымыздың кесірінен біраз рухани дүниеден көз жазып қалдық. Өзгесін айтпай-ақ, Абай шығармаларын түгел сақтай алмадық. Кәкітай Ысқақұлы 1904 жылы хакімнің шығармаларын жинақтап қойған. Сонда бір сенімді досына барып, өзі сақтауға берген Абайдың «Әзім әңгімесі» поэмасын сұраса, әйелі отқа тамызық қылып отыр екен. Поэманың жартысы жанған, жартысы қалған. «Аяқталмаған дастан» дейтіні содан. Осы орайда Рымбала жеңгеміздің жасап жүрген ісі – үлкен ерлік. Марал ағамның кітаптарын қараған сайын, ұшқыр қиял ақыл-ойдың жемісі екенін сеземін. Облыста жүріп-ақ, елдің қамын жеген ілгері, терең ойлы Марал ағам көп еңбек етіп, сөз өнеріне олжа салған. Көркем аудармада да ешкімге ұқсамайтын өз қолтаңбасы көрініп тұр. Бірге өмір сүрген адамдардың жан жылуы о дүниеге де нұр болып барып тұратын көрінеді. Адамның миында 30 млрд. түйіршік болса, 1 секундқа жетер жетпес уақытта бір-біріне хабар жасайды. Абайдың «Жан қуаты» дейтіні сол екен. Сондықтан да, жеңеше, сіз – ағамыздың жан қуатысыз. Әруақтар бәрін сезеді. Пәк махаббатыңыз ағамызға бүгін жылу болып, ол өмір сүріп жатқан арсы-күрсі де нұрланып қалды ғой деп ойлаймын, – деді Тұрсын Құдакелдіұлы.

Шарада Марал ағаның немересі Ая Марал гитарада күй ойнап, тәнті етті. Ал, дәстүрлі әнші Сырым Мұхамеджан әуелете ән шырқады.

Қазақстан Журналистер одағы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары, телевизия саласының ардагері Әли Тойжігіт Марал Хасен ағамен арадағы әріптестік-сыйластық туралы айтып, жылы естеліктерімен бөлісті. Филиал төрағасы Жәнібек Садыхановтың аманаттаған Алғыс хаты мен Рымбала анамызға камзол-жаулығын тапсырды. Бұны алдыңғы буын Марал ағалардан қалған аманатқа адалдық деп ұқтық. Марал Хасен ағамен «Сарыарқа» телеарнасында бірге жұмыс істегенін, көп жақсы кәсіби дағдыны үйренгенін, Рымбала апайдың күнде түскі асын әкелетінін, екеуінің арасындағы пәк махаббатты айтып, Тұрсын ағаның сөзін тұздықтап қойды. Көркем аударма жасаудағы шеберлігі мен телегей теңіз білім иесі екендігін айтып, ағаға деген құрметі мен сағынышын паш етті.

«Қарағанды» энциклопедиясында бірді-екілі ғана қазақ қаламгердің аты-жөні болса, арасында «аудандық «Ақадыр таңы» газетінің негізін қалаушы, журналист, аудармашы Марал Хасен» деп жазылып тұратын. Кейін жұмыс барысында танысып, жақсы араластық. Облыстық радиодан жасайтын саяси шолуларын апта сайын студенттерге міндеттеп тыңдататынбыз. Студенттер әлемде болып жатқан саяси жағдайларды айтқанда Марал ағаның шолуына арқа сүйейтін-ді. Омар Жәлел, Мартбек Тоқмырза үшеуміз «Сәрсенбінің сәті» деген кездесу өткізетінбіз. Ол кезде «Орталық» күнде шығады, радио, телеарнада да жұмыс қызу болатын. Сонда да Марал ағам уақыт тауып, студенттерге бар білгенін айтып кететін. Өткір-өткір дүниелерін іздеп жүріп оқитынбыз. Студенттер ағаның журналистикасынан дипломдық жұмыс та қорғады. Адамгершілігі мен азаматтығы өте биік болатын. Жазғандарын қарап отырсам, әлі күнге өзектілігін жоймаған тақырыптар. Кейде ағадан өткір жазатыны туралы сұрағанда «Қорқатын несі бар, біз айтпасақ, кейінгі буын жасық болмай ма, оларға кім үлгі болады?» дейтін. Шыны керек, қазір кейбір ақсақалдар «сабыршыл» болып кеткен, айтарын айта алмай бүгежектеп отырады. Марал аға қиын кезеңде де бір тайсалған емес. Біз оның осы болмысын, кәсіби білігін бойымызға сіңіріп өстік. Мол мұрасы өлмек емес, үкіметіміз де ағаның шығармашылығын назардан тыс қалдырмас болар, – деді шәкірті Мейрамхан Жәпек.

Бұдан бөлек, қаламгердің достары мен туыстары да жүрекжарды естеліктерін ортаға салып, ағаның биік парасаты мен бөлек болмысын көз алдымызға әкелгендей болды. Қарағандыдағы «Достық үйі» жанында жұмыс істейтін «Ақниет» ансамблінің жетекшісі Күліш Төлеуханқызы Рымбала анамыз бен Марал ағаның арасындағы кіршіксіз махаббат төңірегінде әңгіме өрбітті. Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айрылуы» поэмасынан үзінді оқып, екеуінің селкеусіз сезімін аққудың махаббатына теңеді, апайға ұзақ өмір тіледі. Қазақстан Журналистер одағының мүшелері Нәзипа Асқар, Болат Сыздық, Аманғали Қалжандар да Марал ағаның сан-қырлылығына тоқталды. Екінің біріне беріліп жатқан көп атақтың кейбірі Марал ағаға берілмегенін, оның жазушылық қырының көп айтылмайтынын, Жазушылар Одағына мүшелікке қабылданбағанын тілге тиек етті. Қаламға адал ағаның мол мұрасының өлмейтінін, өз оқырманын табатынын да ұмытпады.

Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы, ақын Әсет Аманжолов басқарма басшысы Гүлнарайым Хасенқызының Рымбала анамызға деген Алғысқа толы хатын табыстады. Марал ағаның ұлы ғарыш саласында қызмет ететін Дархан ағамыз шараға өз үлесін қосса, немересі Азамат та достарын ертіп келіп, атасымен мақтанатынын жеткізді. Кітапхананың мәдениет бағытына жетекшілік ететін Алуа Түгелбайқызы кітап көрмесін ұйымдастырып, шараның жинақы өтуіне үлес қосты.

Жиын соңында біртуар тұлға, қабырғалы қаламгер Марал Хасеннің адал жары, шырақшысы, шығармаларын жарыққа шығарушы Рымбала Смайылова іс-шараның өтуіне атсалысқан барша азаматқа, іргелі кітапхана ұжымына шексіз алғысын жеткізді.

Қарағанды облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесіне, арнайы келген Жаңаарқадағы О.Жұмабеков мектебіндегі Марал ХАСЕН атындағы əдебиет сыныбының жетекшісі Гүлнұр Хасеноваға ерекше алғысын жеткізді.

Осылайша, таныстырылған 7 томда айтылмаған, жазылмаған көп дүниеге қанық болдық.

Бұл тың дүниелер бізге Марал Хасен аға жайлы таптырмас естеліктерден тұратын 8-ші томның сәулесіндей көрінді…

Өйткені, «Жаздық біз ертеңді де, бүгінді біз, Біз кімбіз? – Тарихтағы тігіндіміз. Әр жерден Марал атым қылаң берер, үйіндіде қалмаса тігіндіміз…» деп жырлаған Марал Хасен ағамыз өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастамады. Түрлі жанрда еңбек етті. Нобел сыйлығын алған әлемдік деңгейдегі классиктерді де қазақша сөйлетті. 7 томын парақтап отырсақ, әр жанрдағы тұщымды дүниелері рет-ретімен берілген. Бұл – қаламгерлік жетілу, кемелдену жолы. Әр қалам ұстаған жан осылай сатылап жетілсе, жүйелі ізденсе, Марал ағам секілді өз шыңына жетері анық. Ол бізге осылайша, қай қырынан болса да үлгі. Міне, енді, екінші ғұмыры басталды. Ендеше, ол жайлы айтылатын есті естеліктің 1 томға жүк болары анық!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button