Жаңалықтар

Тағы да тіл туралы…

Тіл мәселесі өзекті болып тұр. Қаржы құйылып жатса да көсегесі көгерер емес. Жұма күні облыстық Қоғамдық кеңестің Әлеуметтік сала, халықты әлеуметтік қорғау және жұртшылықпен байланыс мәселелері жөніндегі комиссия отырысында осы түйткілді мәселелер айтылды…

Қасым үйінде «Қарағанды облысында тіл саясатын жүзеге асыру, мемлекеттік тілді дамыту және қолдану аясын кеңейту» тақырыбында өткен жиынға кеңес мүшелері, облыстық басқарма басшылары, журналистер қатысты.

Кеңес мүшелерінің алдында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова баяндама жасады. Гүлнарайым Хасенқызының айтуынша тілді оқытудың тегін курстары, арнайы байқаулар тұрақты өткізіліп келеді. Басқарма басшысы: «Биыл тілге қатысты заңға да өзгерістер енгізілгенімен, қателіктер үшін айыппұл салу, жауапкершілікке тарту мәселелері шешімін таппай отыр. Сондықтан да, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына басымдық беріліп келеді. 2021 жылы ұйымдастырылған көрнекі ақпарат пен жарнамалардың тілін жүйеге келтіру бағытындағы айлықтар аясындағы тоқсан сайын ұйымдастырылған облыстық айлықпен қамтылған 11 805 нысанда анықталған 4 130 заңбұзушылықтардың 2 818-і (68%) түзетілді. Рейдпен қамтылған нысандардың ішінде 3677-не өңірлердегі кәсіпкерлік палаталарымен бірлескен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Биылғы жылдың 7 ақпан мен 7 наурыз аралығында өткен облыстық айлықта 2 695 нысаннан 506 кемшілік анықталып, оның 312-сі (61%) түзетілген», – дейді.

Сонымен қатар, рейд кезінде кәсіпкерлік нысандарға өткен жылы 18 075 дана ақпараттық парақша мен 10 мыңнан астам «Тілашар» қысқаша сөздіктері қосымша таратылған. Биыл да бұл жұмыс жалғасуда.

Жиында тілге қатысы бар ономастика да сөз болды. «Ономастика бойынша заң талаптары өзгерген 2014 жылдан бергі кезең тәуелсіздік жылындағы жұмыс жүргізілген кезең болды. Нәтижесінде идеологиялық тұрғыдан көнерген әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша атаулар 65-тен 50-ге дейін азайып, олардың көрсеткіші 8,3%, ал құрамдас бөліктер бойынша ескірген атаулар саны 858-ден 471-ге азайып, көрсеткіш 10,5% болды. 

2021 жылдан бері облыста 2 елді мекен мен 110 көше және 26 мекеменің атауларын ауыстыру жұмыстары жүргізілді», – дейді басқарма басшысы. 

Жиында білгеніміз Тілдерді дамыту жөніндегі басқармада жеті-ақ адам бар екен. Облыстағы алты өңірде тіл бөлімі мүлдем жоқ көрінеді.

Келесі болып сөз алған облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Әдекенова мектептегі тіл мәселесіне, өңірде қанша білім ошағы салынғанына тоқталды. Бақтыгүл Науқанбайқызының айтуынша қазақ тіліндегі мектептер саны артуда. Балабақшаларда да мемелекеттік тілге басымдық берілген.

Осы жерде Қоғамдық кеңес мүшесі Әбілдә Әбдікәрімов тағы да бір әңгіменін шетін шығарды. «Немерелерім қазақша балабақшаға барады. Үйде ана тілінде сөйлейтін сәбилер бақшаға барғалы бері орысша шүлдірлеп жүр. Кім кінәлі? Басшылық бұған неге назар аудармайды?», деген Әбілдә ағамыз облыстағы барлық балабақшаны тексеріп шығуды ұсынды. «Олай болса, кеңес мүшелері, білім басқармаларының өкілдері қосылып арнайы комиссия құрып балабақшаларды аралайық. Ол мекемелерде қай тілге басымдық берілетініне көз жеткізейік», деді Бақтыгүл Әдекенова.

Аралас мектеп мәселесі де – өзекті. Өйткені, кей аралас деген мектепте қазақша білім 4 сыныпқа дейін беріліп, жоғары сыныпқа көшкен бала басқа білім ордасын іздеп кетеді екен…

Көшпелі отырыста Халықаралық қазақ тілі қоғамының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Темірғали Көкетай, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының басшысы Меруеш Башай, қоғамдық кеңес мүшелері Ниқанбай Омарханов, Майра Абдрахманова сөз сөйлеп, тілек, ұсыныстарын айтты.

Жиынды жүргізген комиссия төрағасы Қайрат Әбілдә: «Атқарылған іс те аз емес. Дегенмен, шынында да мемлекеттік тілдің жағдайы мәз емес. Бала біткеннің өзге тілде шүлдірлеп кеткеніне интернет кінәлі көрінеді. Одан қалса, бұл іске балабақша мен мектеп те сүбелі «үлес» қосып жатыр екен. Әлбетте, мұның бәрі Қоғамдық кеңестің 26 мамыр күні болатын үлкен жиынында қоғамның сөзі есебінде қағазға қатталып, жіберетін жеріне жіберілетін болады», – деп аяқтады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button