Қарағанды

Шетелдіктер жүрегіндегі Қазақстан

Соумья Джоши Үндістаннан келіп Қарағанды медицина университетінде білім алып жатқан шетелдік студенттердің бірі. Қазақстанға келген жеті жыл ішінде ол қазақшаны да, орысшаны да бір кісідей меңгерген екен.

– Негізі өз арамызда хинди тілінде сөйлесеміз, – дейді Соумья. Сабақтарымыздың барлығы ағылшын тілінде. Ол жағынан оқу барысында қиындық жоқ. Бірінші курстан бастап жатақханада тұрамын. Жағдай жақсы. Күндіз сабақтамын, кешкісін №1 емханада кезекшілікте боламын.

Айтуынша, интернатурасын бітіргеннен кейін Ұлыбританияға резидентураға түспекші. Біздің елде берілетін дипломмен ондай мүмкіндік бар екен.

– Мен мектепте оқып жүргенде Қазақстанда оқитын студент болды, сол ол жақтың оқуы жақсы деп айтатын. Қазақстанға деген қызығушылық сол уақытта басталды десе болады. Үндістанда оқу бітіріп, жұмысқа тұру үшін экзамен тапсыру керек. Қазақстаннан оқып барғандар сол экзаменді жақсы тапсырады. Бұл да осы елді таңдауыма әсер етті, –дейді Соумья Джоши.

– Қазақстандықтар – қайырымды. Әрине, арасында игнор жасайтындар болады, бірақ, ондай барлық жерде бар деп ойлаймын. Көбіне-көп халық ашық, көмектесуге жақын. Адам дұрыс жүрсе, ешқандай проблемасы да болмайды. Мұнда келіп, көп дос таптым. Ұлты қазақ, орыс, түрік, өзбек достарым бар, – дейді ол.

Қарағанды медицина университетінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, бүгінгі таңда білім ордасында 1 279 студент білім алып жатыр. Оның арасында Үндістаннан келгендер көп. Одан басқа, Иордания, Палестина, Мысыр мен Сирия сияқты елдерден келгендер де бар. Мәселен, 4 курс студенті Мохаммед – иорданиялық. Оның мұнда келгеніне 5 жыл болыпты. Алғашқы жылдары Алматыда, кейін Қарағанды медицина университетіне ауысып келіп, жалпы медицина мамандығы бойынша оқып жатыр. Армения, Малайзия, Мысыр, Грузия мемлекеттері арасынан таңдауы Қазақстанға түсіпті.

– Мен таңдауды ағылшын тілінде білім алу мүмкіндігіне қарай жасадым. Әрі басқа елдермен салыстырғанда мұндағы оқу ақысы арзандау. Оқу бітіргеннен кейін Иорданияға қайтамын. Дәрігер болып жұмыс істеу үшін екі жыл тәжірибе жинақтауым керек. Егер Қазақстанға, оның ішінде, Қарағандыға қайтып келер мүмкіндік болса, ойланбастан келер едім, – дейді ол.

Өзімізде барды бағаламайтын әдетіміз бар ғой. Ал, халықаралық деңгейде Қазақстан медицинасының өз орны бар. Әсіресе, медициналық білім беретін оқу орындары жастар арасында танымал. Оған Ғылым және жоғары білім министрлігінің мына бір дерегі дәлел. Қазіргі уақытта Қазақстанның жоғары оқу орындарында 30 мыңға жуық шетелдік студент оқиды екен. Оның жартысына жуығы медициналық мамандықтарда білім алуда. Денсаулық сақтау бағытында 12 мыңға жуық студент, педагогика ғылымдарын – 4 905, бизнес, басқару және құқық саласында – 4 692 студент оқып жатыр.

Министрліктің мәліметінше, студенттер әлемнің 72 елінен келген. ТМД елдерінен бастап, Таяу Шығыс елдері мен Африкадан, Азия мен Еуропадан, тіпті, Америкадан да бар. Мұның барлығы елдегі медициналық білім берудің деңгейін, тәжірибе жинақтау базасының сапасын аңғартса керек. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін денсаулық сақтау саласы қалыпты жұмыс үдесінен жаңылып қалғаны рас. Сол тұста дәрігерлер күнкөріс қамымен басқа салаға, тарихи отанына кетті. Қазір ол заман артта. Сол уақыттың қиындығы үлкендер айтатын естелікке айналды. Азаттықтың арқасында салада инфрақұрылым дамып, технология жаңарып, емдеу ісіне көп жаңашылдық енуде. Бұл қоғамның барлық саласына қатысты. Мұның барлығы – тәуелсіздікті нығайтуға, мемлекетті дамытуға үлес қосып жатқан білікті азаматтардың еңбегі.

Жансая ОМАРБЕК

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button