Шет

Көмек сұрамай, күрек сұраған өңір бұл

Арқаның Ақадыр деп аталатын бір пұшпағының атауында ешқандай құпия, тылсым жоқ. Жері тұзаң, сор (ақ) болғандықтан, шоқылы, адырлы келгендіктен Ақадыр деп аталған.

Одан бұрынғы атауы Сорбұлақ болған екен. Ол бұлақтың да бүгінде суы кетіп, соры қалған.

Төрехан Майбас. Көмек сұрамай, күрек сұраған өңір бұл

Осыған орай қоныстанған жұрттың да қарасы сұйық еді. Даланың айдау жолдары елді мұнда әкеле бермеген.

Ақадырдың жаңғыруы Түрксіб жолымен байланысты. Жол болғанда шойынжол. Оның болатжол атануы кейінде.

Еліміздің түстігін Ібір-Сібірмен байланыстыратын бұл күрежолдың стратегиялық маңызы ерекше еді. Соған орай сонау 1935 жылы Қарағанды-Балқаш желісінің құрылысы қарқынды жүргізілді. Небәрі бір жылдың ішінде салынып, уақытша пайдалануға берілді.

1937 жылдан бастап Ақадыр станса ретінде қалыпты жұмыс істей бастады. Нақ сол жылы Ақадыр депосының дүниеге келгенін паровоздардың ащы дабылы әлемге жар салды.
Мұндағы жұмыс барынша жедел жүрді және әскери бақылауға алынған еді. Жалпы басшылық Омбы теміржол желісінде болды.

Қорғаныстық «Жүзінші бөлім» деген мұнда да жұмыс істеп тұрды.

Кездейсоқ адам жұмысқа іліге алмайтын, ішкі және сыртқы тәртіп күшті еді. Оның тораптық мәртебесі болды. Соған орай жартылай әскери жағдайға көшірілді.

1941 жылы соғыс өртінің тұтануына байланысты тәртіп одан әрі күшейтілді. Дәл іргедегі Ақшатаудың  броньді бұзатын вольфрамы мен молибденін қысқа уақытта Ақадыр шойынжолы арқылы жеткізу міндеті қойылды. 1941 жылы басталған сол жолдың алғашқы он сегіз шақырымын тұтқындағылар салды. Олар майданға алынғаннан кейін осы атыраптағы колхозшылардың барлығы жол құрылысына тартылды.

Тәшкемен салынған бұл жол екі жылдың ішінде аяқталды. Сол құрылысқа қатысқан колхозшылардың дені Ақадырда қалып қойды.

Ақшатау кенінің Ақадыр арқылы өтуі жаңа серпін берді. Мұнда Ақшатаудың жүк түсіру-тиеу базасының құрылысы қарқын алды. Сөйтіп, Ақадырда кеншілердің Мәскеу қалашығы бой көтерді.

Бұл 1943 жыл болатын. Сол жылы қорғаныстық өнімді арттырып, жедел жеткізудегі еңбек жетістіктері үшін Ақадыр теміржол стансасы мен «Ақшатауқұрылыс» басқармасы КСРО  КП ОК мен КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл туымен марапатталады. Сөз ішінде айта кетелік, ақшатаулықтар мұндай құрметке келесі жылы да ие болады.

Ақадырдың кіреберіс қақпасының тастұғырында қара паровоз қойылған. Алғаш бетте ол қызыл түсті болған екен. 1957 жылы оның орнына тепловоз келеді. Ал, 1982 жылы Ақадыр паркі толықтай қуатты электровозға көшіріледі.

Осы кезеңде еңбек торылары – Ақыш Ыбыраевтың, Иген Бошаевтың, Қален Тәтиевтің есімдері елге танылады.
Сол тұстағы саясатқа байланысты басшылық қызметтерге қазақ кадрлары алына қоймаған.

Соның реті 1950 жылы келеді.

Осыған дейін станса аталып келген Ақадырға кент мәртебесі беріледі. Оның төрағалығына қазақ – Ұлы Отан соғысының қатысушысы Шырынжан Жақан келеді.

Ол тұста да теміржолшылардың өз ауруханасы, емханасы, клубы, т.б. мәдени ошақтары болды. Олар енді кент тұрғындарына қызмет көрсетуді шектей бастайды. Кент әкімшілігі де қарап қалмайды. Арнайы бюджеті болғандықтан мұнда да жұмыс жанданады. Оның үстіне жергілікті басшылық Мәскеуге арқа сүйейтін.

Теміржол арқылы қаржыландырылатын тораптық партия комитеті амалсыздан солардың сойылын соғады.

1964 жылы осы ұйымды нығайтуға жалынды коммунист Ахмедия Смағұлов жіберіледі. Осыған дейін облыстық деңгейдегі совет-партия жұмысында болған ол жергілікті басшылармен ортақ жұмыс істеуді жолға қояды.

Осыдан бастап Ақадыр кентінің өрлеуі басталады. 1973 жылы өз алдына аудан да болады. Оңтайландыру саясаты жүргенде еліміздегі барынша жапа шеккен аудандардың бірі осы Ақадыр ауданы болды. Өзара экономикалық қатынастардың үзілуі кент құраушы кәсіпорындарың ұсақталуына жол ашты. Іргелі кәсіпорыны депоның өзі беске бөлінді. Мұндай жайт жаппай сипат алды.  Енді Ақадырға көшіп келушілер сап тиылып, көшушілер қарасы қою тартты. Көпқабатты үйлер қаңырап, бәрі адыра қалған. 50 мың тұрғынға арналған бас қазандық бөлшектеліп, сатылып кетті. Тіпті, электровоздарды жекеге алуға ұмтылушылар да бар болып шықты.

Өркендеп тұрған ауданның тарауы қаптаған қиындыққа душар етті. Бір жапырақ анықтама үшін ауданға бару керек болды. Ақадырды бұрынғыдай қаржыландыру сап тиылды. Үй салғанның орнына қиратып жатты. Осының барлығы қарапайым халыққа ауыр тиді.

Бүгінде соның барлығы артта қалған. Жасампаз ақадырлықтар бұрынғы қалпын қайтып алды. Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылған.
Ақадыр кенттік округінің құрамына Тағылы бекеті, Ақсарлы ауылы, Доңғал стансасы және Ақадыр кенті кіреді. Жалпы жерінің көлемі – 353 893 гектар (оның ішінде елді мекендер орналасқан жердің көлемі – 35 433 га.).

Кенттік округте 3 орта білім және бір негізгі білім беретін 4 мектеп жұмыс істейді. Сонымен қатар, кентте оқу-өндірістік комбинаты, З.Көкжалов атындағы жасөспірімдер және балалар спорт мектебі, Ә.Хасенов атындағы өнер мектебі, «Балбөбек» балабақшасы қалыпты жұмыс істеуде.

Кент экономикасының жетекші саласы болып табылатын 85 жылдан астам тарихы бар теміржол торабының кәсіпорын, мекемелері кент инфрақұрылымын  дамытуға, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосуда. Бұл жердегі оннан астам кәсіпорын мен мекеменің теміржолшылары Саяқ және Жезқазған, Дәрия және Мойынты стансалары  аралығында қызметтерін абыроймен атқарып келеді.

85 жылдығы бар Ақадыр тарихы осындай қатпарлы тарих. Сол тарихқа өз есімдерін алтын әріппен жазып кеткен ел ағаларын да атап өтсек артық бола қоймас. Олар –  Қ.Медиев, А.Смағұлов, М.Тұяқов, Б.Жаппаров, К.Қожахметов,  Р.Қашкеева, Ж.Мейірманов,  Е.Бектұрсынов және басқалар. Осы аға ұрпақтың жолын жалғаған еңбек майталмандарын да атай кетейік – Ш. Байлин, Ш.Қапаров, Қ.Тоқабаев, Ш.Бекішев, Т.Тұтқышев, Ш.Қыздарбеков, С.Сүтбаев, Т.Мұсахметов, Ө.Кәріп, М.Сатыбалдин, Е.Жәнібеков және басқалары.

1961 жылы сол кездегі Бірінші хатшы Н.Хрущев үкімет пойызымен Ақадырдан өтеді. Сол тұста жергілікті женсоветті басқарып тұрған жалынды комсомолка Күләнда Жуасбайқызы  бірінші хатшымен тілге келіпті.

– Бұл не станса? – деп сұрамай ма Бірінші хатшы.

– Агадырь,  – дейді нөкерлерінің бірі.

– Что за дыра?  – деп қайтып сұрапты.

– Белая, – депті білгішсымақ нөкері.

Сонда Күләнда апайымыз:

– Молочная… – деп түзепті.

– Когда винная будет? – депті Никита Сергеевич.

– Будет, – дейді женсовет.

– Когда?  – дейді Хатшы.

– В следующей встрече,  – дейді.

– Назначить ее директором винзавода! – депті Хатшы.

Алайда Хатшы қайтып келген жоқ.

Апайымыз да директор болған жоқ.

Кейінде сол Ақадырда сондай бір мекеме жұмыс істеді.

Соны жабуға апайымыз себеп болды.

Әдетте дөңгелек даталарды мерекелеуші едік. Ақадырдың 70 жылдығын, 80 жылдығын тойлағанын білеміз. Бұл жолы 85…

– Нан болса ән болады, – дейді кент әкімі Азамат Әбілдин бауырымыз.

– Елдің ұйғарымы, – деп және қосып қойды.

– Қоңыр күзге әкелмей, жаздың май тоңғысыз күнінде өткізуге болмады,  – деп жатырмыз.

– Ел жақсы білуге тиіс. Ақадырдың қайтып түлеуі 2010 жылғы 18 қазанға келеді. Сол күні Ақадырда облыс әкімі С.Ахметов бастаған қалың делегация кент  тұрғындарымен кездесуі болды. Онда кентті дамытудың жоспары, аймақтағы тұрғындардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсарту, өнеркәсіп, шағын кәсіпкерлікті дамыту, инженерлік инфрақұрылымдар жүйесін құру мәселелері қаралған-ды.

«ҚазақТемірЖолдары» ұлттық компаниясы, «KEGOK» акционерлік қоғамы, «Астана Моторс» компаниясы сынды алыптармен екі жақты меморандумға қол қойылды. Бүгінде Ақадырда бос тұрған үй жоқ дегенге сеніңіз. Әлеуметтік көмек сұрамай, күрек сұрап келсе ол жанды ақадырлық деп біліңіз. Отынымыз түсірулі, түтініміз түзу. Осының барлығы осы тойға алып келіп отыр.

Жаңа Қазақстаннан өзінің лайықты орнын тауып отырған ақадырлықтарға:

– Тойларыңыз тарқамасын, – дегім келеді.
 
Төрехан МАЙБАС,
жазушы

Басқа материалдар

Back to top button