Бас тақырыпРуханият

Балаңыз батырлар жырын оқи ма?

Бірнеше жыл бұрын айтыскер ақын Айтбай ЖҰМАҒҰЛ ҚарУ-дың филология факультетінде өнердегі бауыры, жыршы-термеші Дидар ҚАМИЕВТІ шақырып, Алпамыс батыр жырын домбырамен жатқа орындау кешін халықпен кездесу түрінде өткізген еді. Сонда Дидар ақынның Алпамыс батыр жырын мүдірмей айтқанын көріп, таң қалғанымыз рас. Демек, ақындыққа келуіне мұның да өз әсері бар деген сөз. Қазір осы үрдісті жалғап, Айтбай ағамыз дәстүрлі Бұқар жырау оқуларын жыл сайын өткізіп жүр. Ал, осыдан 1-2 жыл бұрын Қобыланды жырын жатқа оқудан республикалық байқау өткен. Сонда қуанып едік. Енді, облыстар қозғалатын шығар деп. Алайда, олай болмады. Бүгінгі жас буынның жігерсіздеу болуы, ойын ашық айта алмауы, жат жұрттық тәрбиеге еліктеуі, жылтыраққа әуес келуі сол батырлар жырын, ауыз әдебиеті үлгілерін бойына сіңірмегеннен, өзін танымағаннан емес пе екен? Осыны білгіміз келіп, қолға қалам алдық…

– Шынымды айтсам, батырлар жырын кітапханадан өздігінен келіп, сұрап алып оқитын оқушылар өте сирек. Алайда, мұғалімдердің тапсырмасымен көбіне жазғы демалыста келіп, алып оқиды. Оқушыларға өкпелеу қиын. Бұл үйде, дастархан басында да айтылуы керек деп ойлаймын. Мәселен, бұрын еліміз көшпелі өмір сүргенде ата-аналар үйретті ғой бәрін. Мұғалім аз болды ол кезде. Сондықтан, балаға қандай кітап оқу керектігін айтатын үлкендердің сиреп кеткенін де мойындаған жөн. Осы сіз айтқан соң ойланып отырмын. Құптарлық дүние екен. «Ortalyq Qazaqstan» газеті, мәдениет, әдебиет, руханият бөлімінің идеясымен, келесі жылы батырлар жырын жатқа оқудан облыстық байқауды мектеп оқушылары арасында ұйымдастыруға күш саламыз. Келесі жылғы жоспарға енгізуге тырысамыз. Сол кезде оқушылар ауыз әдебиеті үлгілеріне қызыға бастайды, – дейді облыстық Абай атындағы балалар кітапханасының директоры Баян Қуанышқызы.

Ал, Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының балаларға қызмет көрсету бөлімінде қазақ тіліндегі әдебиеттерге оқырмандар арасында батырлар жыры мен ертегілерге әжептәуір сұраныс бар екен.

– Өскелең ұрпақ тәрбиелеу жолында батырлар жыры мен ертегілердің алатын орны ерекше. Балалардың ой-өрісі мен тіл байлығын дамыта отырып, олардың қиялын қанаттандырады.

Кейіпкерлердің бойындағы адами ізгілік қасиеттерді балалардың бойына дарыта отырып, өз елін, Отанын сүюге, адал қызмет етуге тәрбиелейді. Осы тақырыптағы кітаптарды, ауыз әдебиетін, батырлар жырын, қазақ ертегілерін насихаттау мақсатында кітапханамызда «Жас оқырман» клубы аясында кітап көрмелері, театрландырылған көріністер, қызықты викториналар, бейнесабақтар өткізіледі. Кітап қорын зерттей келе әдебиеттердің жаңартылуының – 21% , оқылымының – 33%, сұраныстың – 12% екеніне көз жеткіздік, – кітапхананың балаларға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Жанар Амангелдина.

Бұдан бөлек, сұрау салған көп баланың жартысы 7-8 сыныпта оқыса да, батырлар жырының не екенін білмейді. Не ұмытып қалған. Күмілжіп жауап бере алмады. Бірен-сараны ғана Алпамыс пен Қобыландының атын атады.

– Шыны керек, батырлар жырын әдебиет сабағының үйірмелеріне қатысатын немесе ақындыққа бейім оқушылар қызығып оқиды көбіне. Бірақ, мен өз оқушыларыма мектеп бағдарлама сынан бөлек те тапсырмалар, деректер ұсынамын. Кітапханадан алып оқуға тапсырмалар беремін. Ашық сабақтар да өткіземін. Оның ішінде өзіңіз айтқан батырлар жыры, эпостық жырлар, жыраулар поэзиясы және Абайдан басталған бері қарайғы әдебиеттің озық үлгілері бар. Қызығушылығына қарай шет елдің әдебиеттерін де оқуға кеңес беремін. Негізі батырлар жырын жаттап өскен бала, рухы биік, арман-мұраты асқақ болып өсері хақ. Ер жігіттің атқа міне білу қажеттігі, ат әбзелдері, сөзге беріктік, достық, Отанға адалдық сынды патриоттық сезімдерді қалыптастыруда батырлар жырының берері көп. Сондықтан, батырлар жырын оқудан байқаулар өтіп жатса, оқушыларымды дайындап, қатыстырар едім, – дейді №8 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ақын Қайрат Иманбек.

Кейбір мұғалімдер қазіргі кітаптардың құрылымына, мазмұны мен дизайнына да көңілі толмайтынын айтты. Себебі, бастауыш сыныптарда Ер Тарғын жырынан үзінді беру ақылға сыймайды деп есептейді олар.

«Неге десеңіз, Ер Тарғын өте күрделі жыр. Оны үлкен адамның өзі түсіне алмайды. Оның үстіне жорыққа аттанған тұсын қиып беру, тіптен, қисынсыз. Осыған көңіліміз толмайды. Өйткені, баланың беті қайтып қалады. Мұғалімнің бәрі тәжірибелі емес қой, кез келген оқушыны қызықтырып алып кететін. Жаңадан жұмысқа тұрған жас мамандарға баланы күрделі жырларға қызықтыру өте қиын. Ал, жоғары сыныптарда өтсе құба-құп. Оның өзінде мұғалімнің қызықтыра білуі ауадай қажет» – дейді есімін атауды құп көрмеген ұстаздар.

Біз олардың назы мен ұсынысын жеткізуді міндетіміз деп білеміз.

Ал, Әлихан Бөкейхан атындағы №76 орта мектеп оқушысы Асылбек Қуандық батырлар жырын өте сүйіп оқиды екен.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғыны, Қамбар батыр сынды батырлар жырының үлгілерін анимациялық фильм қылып, мемлекеттік тілде түсіре бастаған еді. Өкінішке орай, тоқтап қалды. Орыстың «Маша мен Аю» мультфильмінің мыңдаған бөлімі түсірілді. Сосын, тек кітаптан оқу аздық қылады. Сол батырлар жырын кино қылып та түсіру керек. Қуана көрер едік.

Сонда кітап оқымай желіде желігіп жүрген қатарластарым да қызыға түсер еді. Мәселен, Өзбекстанға барғанда «Алпомиш» деген фильм көрдік. Кәдімгі Алпамысты фильм қылып түсірген. Қызығып көрдім. Бізде де түсірсе ғой», – деді ол.

Шындығында, ала тақиялы ағайындар тәуелсіздік алған сәттен бастап, латын графикасын енгізіп, ауыз әдебиетінің бәрін телеарнаға көшірді. Осылай өзбек ұлтын ұйытып ұстап отыр. Айтса, айтатындай, ойланатындай жайт.

Әр тараптың пікірін тыңдадық. Байқасақ, батырлар жырын оқушыға оқыту үшін оған қызықтыру үшін ұстаздың білім-білігі ауадай қажет екен. Бұдан бөлек, жоғарыда айтқандай телеарналар мен сайттар батырлар жырын да насихаттауға өз үлесін қосса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жаңа Қазақстанның жастарына алдымен, асқақ патриоттық сезім керек. Сол сезім батырлар жырында тұнып тұр…

Ал, сіздің балаңыз батырлар жырын оқи ма?

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button