«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»

Бәсі басым кәсіпорын

«Саран – өндіріс ошағы» десек, артық айтқандығымыз емес. Себебі, бұл жерде нарыққа қабілетті, шетелге өнімін экспорттап отырған алып компаниялар шоғырланған. Солардың бірі санитарлық-гигиеналық өнімдерін өндіретін «Sunpaper» ЖШС кәсіпорыны. Бүгінде жылдық қуаты 21 410 тонна қағаз өнімін шығаратын ірі кәсіпорынның қарқыны жыл өткен сайын күшеюде. Бүгінгі таңда кәсіпорын қағаз сүлгілерінен бастап дәретхана қағазының түр-түрін шығарады. Өткенге көз жүгіртсек, бұл компанияның тарихы терең. 2009 жыл – компанияның іргетасы қаланған уақыт. Алайда, кәсіпорынның өндіріс саласында кеңінен қанат жаюы 2014 жылдан басталады деседі. Сол жылы қала сыртынан тысқары орналасқан бос ғимаратты жалға алып, үлкен компания ретінде таныла бастайды. Оған дейін аталмыш ғимаратта түрлі құрылыс компания өкілдері жұмыс істеген. Бір жылдары жабылып, бір жылдары ашылып…

2014 жылы бос тұрған ғимаратты «Sunpaper» ЖШС сатып алып, күрделі жөндеуден өткізеді. Түрлі станоктар алып, жұмыскерлер қатарын арттырады.

Ай сайын орта есеппен 200 тонна өнім өндіреміз. Ұжымда 100-ден астам адам жұмыс істейді. Бізде бос жұмыс орындары бола бермейді. Мысалы, бір адам өз еркімен жұмыстан шықса, бірден орнына басқа жұмыскер келеді. Бұл компанияға жұмысқа тұрғысы келетіндердің көптігін білдірмей ме? Жергілікті жұмыспен қамту орталықтарымен де тығыз байланыстамыз. Бос орын бола қалса, жаңа жұмысшы тауып бере қояды. Жасыратыны жоқ, бос жұмыс орындарының 10%-ын ЖҚО мамандары толтырып отыр, – деді «Sunpaper» ЖШС өндіріс жөніндегі менеджер Игорь Пехтерев.

Отандық өнім – сұранысқа ие. Өнім сапасы импорттық тауарлардан кем емес. Әрине, бұның астында үлкен еңбек жатыр. Әрі мұндағы құрылғылар да толығымен жаңартылған.

Көбісі жұмысқа келгенде «Менің тәжірибем жоқ. Қалай үйренемін?» деп сұрайды. Ол жағынан бізде ешқандай кедергі жоқ. Жұмысқа қабылдаған күні осында талай жылдан бері істейтін маманның жанына қосамыз. Бәрін үйреніп, білгенше сол кісінің жанында болады. Тіпті, оқуын жаңа бітірген түлек болсын, бәрін осылай үйретеміз, – деді Игорь Пехтерев.

Кәсіпорында 40 адамнан жасақталған 2 ауысым жұмыс істейді. Сол ауысымның бірін сарандық Серік Нұрмыш жетекшілік етеді. Оның осы жерде жұмыс істегеніне 5 жылдан асқан. Алғашқыда оператор ретінде қабылданыпты.
– Таңертең жұмысқа келгеннен әр жұмыскерді кадағалау, жұмыс жоспарын орындау – маған бекітілген. Әр қызметкердің өз жұмысы бар. Яғни, «бәрі бір-бір станокқа тұрып, батырманы басып тұра береді» деген сөз емес. Станок – техника. Техника болған соң түрлі жағдайлар болады. Сондықтан, оқыс жағдайларға жол бермеу үшін станокты жіті қадағалап, дұрыс жіберіп тұруың керек. Алғашқы жылы «жұмысқа оператор болып қабылдандың» дегенде «батырманы басып тұра беремін» деп ойлайтын едім. Алайда, олай емес екен. Егер сен бір қате жіберсең, барлық дүние бүлінеді. Ал, бұл – үлкен шығын. Сондай қателіктерге жол бермеу үшін әр адам өз жұмысын тиянақты орындау қажет, – деді ол.
Майлық пен дәретхана қағазы – қағаздан жасалатыны белгілі. Алайда, ол қалай жасалатынын көпшілік жіті біле бермейтіні анық. Өнім өндіру үшін біріншіден шикізат қажет. Ал, елде – шикізат өндірілмейді. Сондықтан, қажетті шикізатты көрші Ресей мен Өзбекстаннан алдыратын көрінеді.

Әуелі шикізат өнімі арнайы аппараттардың көмегімен жұмсартылып, формаға келтіріледі. Одан кейін, түс беретін құрылғыға жіберіліп, қажетті түске боялады. Содан барып, түрлі пішінде кесіледі. Дайын өнім қатталып, сол жердегі мамандардың алдына жеткізілген соң, олар өнімді таратуға дайындайды.

Қарап отырсаңыз, барлық жұмыс бір батырмамен тынып жатқан секілді. Алайда, күніне әр өнімнің 40 мың данасын шығарып, әр жерге тарату – үлкен іс. Сондықтан, үлкен істің басында жүрген мамандардың еңбегін көзбен көрмей, «жұмысын оңай» деуге болмайды. Ал, екіншіден, бұл – отандық өнім. Оның ішінде, Қарағандының да аты қоса аталып тұр. Сондықтан, жергілікті өнімнің көлемін арттырып, отандық өнімнің дамуына үлкен үлес қосқанымыз абзал.

Айта кетейік, аталмыш кәсіпорын 2021 жылы кәсібін ұлғайту үшін «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидияландырылған несие алған болатын. Бүгінде сол бастамасының нәтижесі – оң. Бұған дәлел – дүкен сөрелеріндегі аталмыш кәсіпорын өнімдеріне сұраныс жоғары!

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button