Жаңалықтар

Төлтаңба

Астана жайлы әңгіме болса біз оның тек саяси, мәдени төңірегінен алшақтай алмай қаламыз. Тарихы да жазылып жатыр. Бірақ, Астананың мөрі, төлтаңбасын ұмыт қалдырады екенбіз. Қарап тұрсақ, бұл айшықтың маңызы зор да, тәмсілі тым тереңде екен.

Қазіргі төлтаңба эскизі мен тұжырымдамасының авторы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Астананың таңбасы мәңгілік, абсолют ұғымдарын білдіретін дөңгелек пішіндес. төлтаңбаның ішкі жағында тұйық шеңбер орналасқан, ал сыртқы жағынан бірнеше жарты шеңберге бөлінген. Сыртқы шеңбер Қазақ даласы тарихының тереңдігін көрсетсе, оның қызыл түсі оттың тазалауыш қасиетін білдіреді. Өйткені, түркілер үшін от – өмірлік стихия.

Сонымен қатар, қызыл жиек отты қақпаның символы іспеттес. Сол қақпадан өткен адам рухани тазарып, жаңа күшке ие болады деген ұғымды аңғартады. Көшпенділер көбіне қызыл матаны әскери ту дайындау үшін қолданған. Бұл мата жауынгердің батылдығы мен жеңістің қайсарлығын білдірген. Ішкі шеңбердегі көгілдір түс, Қазақстан туындағы көгілдір түс сияқты, амандық пен бейбітшілікті сипаттайды. Демек, Елтаңба мен Елорданың төлтаңбасын байланыстыратын ортақ нышандар бар. Көгілдір аспан түсі түркі мәдениеті үшін үлкен мәнге ие. Төлтаңбаның ортасында Астана мен Қазақстанның символына айналған – Бәйтерек. Бәйтерек – өмір мен өркендеудің символы. Енді қараңыз, Астананың сол жағалауында орналасқан Бәйтерек ғимаратының ұшар басында алтын жұмыртқа орналасқан. Ал, Елордалық таңбадағы Бәйтеректегі шарды шаңырақ бейнесі безендіріп тұр. Қазақ мәдениетінде шаңырақ та терең мәнге ие. «Бәйтерек» негізінде «Құсқанаты» оюы орналасқан. Иә, аңыздағы Самұрық атты құс қанатының стильдік бейнесі. Бәйтерек, шаңырақ және «құсқанаты» оюы – сары түсті. «Құсқанаты» мен шаңырақты береке мен мәңгі жастықтың символы болып табылатын жасыл түс жиектеп тұр.

Елтаңбаның төменгі жағында алтын түстес жерде қызыл түспен «Nur-Sultan» деген жазу бар. Әріптер симметриялы орналасқан. Елорданың төлтаңбасы мен елдігіміздің елтаңбасындағы ұқсастықтар көп. Біз көрген, білген терең тәмсіл – осылар.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button