ЖаңалықтарШет

Есімі ел есінде қайта түлеп…

25 мамыр күні Шет ауданы төменгі Қайрақты ауылындағы Хасен Сәрінжіпұлы атындағы мектептің соңғы қоңырауы соғылды. Осынау іс-шара мектептің музыка пәнінің мұғалімі болған марқұм Макура БАЙНАМАЗОВАНЫҢ атына ашылған мектеп ішіндегі мәжіліс залының тұсауын кесумен жалғасты. Ауыл адамдары мен келген қонақтар, ұстаздар қауымының қарасы бұл ауылдың ынтымақ бірлігі жарасқан мекен екенін бірден аңғартты. Мектепті үздік тәмамдаған тәлім алушылар бүгін нағыз тастүлекке айналды. Мақтау қағаздарын алып, алдағы үлкен ғұмырдың ғұрпымен таныспаққа дайын. Түлектерін түлеткен осынау мектептің алтын тірегі ол ұстаздар қауымы. Есімі елге мәлім болған қай ғалым болмасын оны біліммен сусындатқан ұстаз екені ақиқат. Осынау ұлы есімнің ар жағында тағы бір ұстаздың атқарған еңбегі мен төккен тері бар. Ол осы мектепте музыка пәнінен сабақ берген мұғалім, есімі ел есінде мәңгі сақталған марқұм Макура Байнамазова. 

Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп бекер айтпаса керек. 

Макура Байнамазова Шет ауданы, «Қарасаз» кеңшарында дүниеге келген. Осы ауылдағы онжылдық мектепті 1952 жылы бітірген. Онжылдықты ойдағыдай аяқтаған жас түлек мамандық таңдауда да жаңылмаған. Мамандық таңдау ол өз өміріңнің соқпағын салумен пара-пар. Мектепті аяқтаған соң Қарағанды қаласындағы музыка училищесіне музыка бөлімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1964 жылы тәмамдады. Білім ала жүріп, музыка өнерінің бар қыр-сырына қанық болды. Ән-күй оркестр ансамблінің белді мүшесі болды. Әдетте өз ісінің білгірі, алқалаған әлеуметтің құрметіне бөленген маман жайлы сөз қозғамас бұрын, әуелі оның бастау алған қайнары туралы, өсіп-өнген ортасы туралы білу шарт. «Ісім өнсін десеңіз, сол істің маманы болыңыз, даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз» деп әл-Фараби айтқандай Макура апамыз осы киелі шаңырақта 25 жыл өз ісін аса жауапкершілікпен атқарған ұлағатты ұстаз болды. Ол еңбек жолын Шет ауданы, Ақсу-Аюлы елді мекенінде бастаған. 1964-1969 жылдар аралығында Ақсу-Аюлы ауданында Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебіне ән-күй пәнінің мұғалімі болып қабылданып, онда 5 жыл жұмыс істеді. Ән-күй пәнінен сабақ бере жүріп, көркемөнерпаздар үйірмесін басқарды. Үйірмеде ән, күй, би, хор өнеріне жас өнерпаздарды баулыды. Шәкірттері аудан, облыс көлеміне танылып, ұстаз еңбегін жандандырды.

1969 жылы отбасылық жағдайына байланысты Шет ауданы Қайрақты кентінің жалпы орта мектебіне ауысып, ән-күй пәнінің мұғалімі болып 20 жыл табан аудармай еңбек етті. Оқушыларды ата-аналарының рұқсатымен меркелік іс-шараларға жиі қатыстырып, талай шәкірттің бағы мен бабын қатар келтірді. 

Жалпы бұл ауылдың мектебінен түрлі талант иелері түлеп ұшқан. Оның біреуі атақты профессор Баян Рақышев, мектеп директоры болған, халық қалаулысы атанған Сухибек Ахметов. Осындай тұлғалармен үзеңгі қағыстыра еңбек еткен менің апайым Макура Байнамазова. Өзі атадан 11 бала едік, қазір үшеуміз ғана қалдық. Макура апайымның ел алдындағы абыройы асқақ. Ол артынан ерген бәрімізге музыканы үйретті. Дегенмен, ол кезде тәртіп қаталдау болып, шешеміз бір үйден бір музыкант шықса да жетер деп, біздің басқа салаға барғанымызды қалады. Өнердің ауылынан алыс емеспіз бірақ, – деп түйді өз естелігінде марқұмның сіңілісі Аллаоңғар Жұмаділқызы.

Өнердің өресін кеңейткен туған жер топырағының да әсері мол. Шеттен шыққан небір дарындар бүгінде ел алдында. Оның барлығын бірдей қағазға тізер болсақ таңды-таңға соғарымыз хақ. Бір ғана Макура Жұмаділқызының еңбегі мұнымызға айнымас дәлел.

Бүгін міне осынау тарихи сәт куәсі болып қонаққа келіп қалдық. Біз сонау Қарағандыдан арнайы келдік. Мен сол марқұм Макураның құдасы болам. Қос қарлығашы Әсел мен Венера қыздарының қызығын көре алмады ол кісі. Бірақ, тектіден қалған ұрпақ ақыры ата-ана есімін қайта жаңғыртты. 100 адамдық мәжіліс залын ашып, барша ауылдың құрметін алды. Ендігі жерде ел игілігіне пайдалансын осы залды, – деді марқұмның құдасы Рымбек Қорабаев. 

Расында, әке-шеше есімін ел жадында қайта тірілткен ұрпақ бары қалың қауымды қатты қуантты. Төменгі Қайрақты ауылының барлық ардагер мұғалімдері, мектеп қызметкерлері, Макура апайдың көзін көрген көнекөз ауыл ақсақалдары жиналған бұл басқосуда тек жақсы естеліктер айтты. 

– Макура құдағидың өзін көрмесек те келініміз Әселдің қызымыздай іші-бауырымызға кіріп кеткенін көріп, марқұм құдағи еске түседі. «Шешесіне қарап қызын ал» деп бекер айтпаса керек. Түтетер түтіні басқа болса да ата-ана қадірін ерекше ұққан ұрпақ осы қос құлыншақ деп білемін. Мына атқарған істерің нағыз ұлтқа жанашырлық деп ұқтым, – деді құдағиы Шолпан Қорабаева. 

Ашылған акт залының кіре берісінде қаз-қатар тізілген баяндарды көріп, апайдың музыканы жете түсінген бірегей тұлға екенін ұғу қиын емес. Бәрінде марқұмның аты жөні жазылған. Көне мұражай іспеттес. 

Сондай-ақ, шара соңында марқұмға ас берілді. Барша туған-туыс ағайындары естеліктерімен бөлісіп, Макура апайдың біршама ел қызығар қылықтарын тілге тиек етті.

– Маңайдың бәріне жұғымды болған Макура апай. Ақша, атаққа қызықпады. Оның бар жиғаны дос, ағайын-бауыр. Көптің есінде тек өнерімен емес, көпшілдігімен қалған бір жарқын бейненің есімі мәңгі ұмытылмайды, – деді марқұмның келіні Қадиша Қорабаева.

«Жақсының аты өлмейді» деген аталы сөз өз иесін тапқандай-ақ. Төменгі Қайрақты ауылының мақтанышы, бетке ұстар белсенді тұлғасының ендігі жерде ізін жалғастырып, өнерін өрге домалатар Хасен Сәрінжіпұлы атындағы мектептің оқушылары.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ. 

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button