Пікірлер

Басымдықтар айқындалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт басылымы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында қазіргі елдегі эпидемилогиялық ахуал, халық тағдыры, тіл, ұлтқа қызмет жайы кеңінен сөз болғанын көңілге түйдім. Халықты алаңдатқан бүгінгі жағдайдың сынақ екенін, сол арқылы алдағы дамудың бағдарын бағамдау қажеттігіне де назар аударған Мемлекет басшысы тіл мәселесіне ерекше тоқталыпты. Оған қоса, айтқан пікірлері, ойларының мәні зор екен. Әсіресе, тіліміз бен тарихымызды дәріптеуде нақтылық керек екенін айтыпты.

«Тарихтан сабақ ала отырып, біз технология мен роботтар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі қазақ халқының игілікті өмірі жайында ойлануымыз керек. Әлем түпкілікті өзгерістердің алдында тұр. Сол себепті есте жоқ ескі заманды аңсамай, лингвистикалық мәдениеттің айналасын шиырлай бермей, тарихымызды да дәріптеп, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, алға ұмтылуымыз қажет. Біздің мемлекеттік тілдің жағдайын қайта-қайта көтеріп, оның мүшкіл халі туралы айта бергенімізге өзге елдер, әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттер түсінбей, таңданыспен қарайды. Қазір – нағыз аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ. Олай болмаған жағдайда біз өзімізді халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрсетеміз», – деді Президент. Өте құптарлық пікір. Жалаң ұран, бос байлам емес, бұл істе нақты іс-қимыл мен сол мұратқа жеткізетін әрекет қажет. Бұл орайда Президент ұсынған бағыттар – өзекті. Тілдің дәрежесін көтеру үшін кілт болар басымдықтарды белгілеп берген екен. Ендігі міндет – сол басымдықтар бойынша қарекет қылу. Сұхбаттың құндылығы – оның ұлт, мемлекет тағдырына қатысты қадау дүниелерді алтын арқау еткендігінде деп білемін.

Ілияс ИСКАКОВ,

ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының докторанты.

Басқа материалдар

Back to top button