Өшпес рух өнегесі
Жезқазғандық жалғыз майдангер Иван Кузьмич Артёменконы мерекеден бірер күн бұрын баспанасына арнайы барып құттықтаған қала басшысы Қайрат Әбсаттаров “Ержан” мейрамханасында тыл ардагерлеріне, Чернобыль зардабын жоюшыларға, Тәжік-Ауған шекарасындағы қанды қақтығысқа қатысушыларға дастархан жайып, құрмет-қошемет көрсетті.
Сурет ұйымдастырушылардан
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жезқазғандықтардың жауынгерлік және еңбек ерлігі ұшан-теңіз. Майдан мен тылдың, әскер мен халықтың бірлігі жауды жеңген зор күшке айналды. Сол отты жылдар бүгінде ұшқыр уақыттың еншісінде. Есті естелік айтатын ардагерлер қатары да жыл сайын, ай сайын, тіпті күн сайын сиреп барады. Қазір мысты шаһарда ерен еңбегімен Жеңісті жақындатқан 372 тыл ардагері тұрады. Мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шараларда ортамызда жүрген ата-әжеге құрмет көрсетіліп, құрбан болғандар еске алынды.
Қала мектептерінде “Ерлік сабақтары” өтті. Жезқазған тарихи-археологиялық музейі “Жеңіс жаңғырығы” атты виртуалды экскурсия ұйымдастырды. Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар мен оқу орындарында Талғат Бигилдинов пен Мәншүк Мәметованың, Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына арналған “Ұлы Жеңіс – өшпес өнеге!” тақырыбында батырлық сағаттары өтті. Серке Қожамқұлов атындағы сазды-драма театры Сәкен Жүнісовтің “Жаралы гүлдер” спектаклін көрермендер назарына ұсынды.
Мереке күні жезқазғандықтар Мәңгілік алау басында майдангерлердің өлмес рухына тағзым етті. Алашахан алаңында “Ерлікке тағзым!” атты ойын-сауық іс-шарасы өтті.
P.S. Ленинград майданында етігімен қан кешкен жезқазғандық соңғы майдангер Иван Кузьмич Артеменко 2022 жылы 9-мамырда бақилық болды.
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.