Руханият

«Театр көбейсе, түрме азаяды…»

Облыстық орталық коммуникациялар қызметінде биыл құрылғанына 90 жыл толып отырған облыстық академиялық қазақ драма театрының жаңа 91-ші маусымындағы жаңалықтарын қамтуға арналған «Сәкен театры шақырады: 91-ші маусым» тақырыбында тікелей эфирде баспасөз мәслихаты өтті. Спикерлері – театрдың көркемдік жетекшісі-бас режиссер Айдын САЛБАНОВ пен актер-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес ЖҰМАБЕКОВ.

Баспасөз мәслихаты барысында іргелі өнер ұжымының өткен маусымда қол жеткізген жетістіктері тілге тиек етілді.

– Өткен маусымда 10 айда біз көрерменге 12 премьера ұсындық. Сонда әр 15 күн сайын 1 премьера болды деген сөз. Бұл – бір театр үшін үлкен жетістік. Негізі бір маусымда 5 спектакль ұсыну қалыпты жағдай. Біз екі есе артығымен орындадық. Барлығы да көрерменнің көңілінен шығып жатты. Бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазып, көрсетті. Әсіресе, жерлесіміз, қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Рахымжанның Қасымы» атты музыкалық-поэтикалық драмасы халықтың көңілінен шықты. «Ұлтқа қызмет» драмасы да көрерменін тапты. Қуыршақ театры жұмысын бастады. Қазақстанда бар-жоғы 6 қуыршақ театры бар екен. Біз жетіншісін аштық. Ендігі бір арманымыз басшылық және шығармашылық құрам ақылдаса келе театрымыздың музыкалық академиялық қазақ драма театры болғанын қалаймыз. Ол үшін біздің мүмкіндігіміз жетеді. Өйткені, әртістеріміз ән де айтады, рөлді де сомдайды, би де бар, қуыршақ қойылымдарына да қатысады. Неге болмасқа? Бір орында тоқтап қалу – қате. Енді осы бағытта жұмыстар атқарып жатырмыз. Алдағы уақытта қуыршақ театрына штаттар ашылса, би, ән труппалары ашылса, театрды жаңа деңгейге көтеру үшін жұмыла жұмыс істесек деген мақсат бар. Жаңа маусымда да жаңа премьералар ұсынамыз. Биылғы бірінші жаңа драмамызды Орал қаласында өтетін I моноспектакльдер фестиваліне Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесін «Қауіпті будан» деген моноспектакльге айналдырып, сахналаймыз, – деді Айдын Абзалбекұлы.

Қазіргі таңда театр қызметкерлерінің табысын арттыру – ең өзекті мәселе. Нарықтық қоғамда онсыз болмайды. Спикерлердің айтуынша, былтыр театрдың 6 жас қызметкеріне төмен пайызбен үй беріпті. Жуырда тағы 12 жас маманға үй беретін көрінеді. Жалақылары да жыл сайын өсіп келеді екен. Оған қоса театрдың қонақ үйі жұмыс істеп тұр және оның игілігін театр қызметкерлері көріп келеді. Облыстық әкімдік пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы да театрдың жұмысына үнемі қолдау көрсетіп келе жатқанын ел көріп отыр. Сондай-ақ, брифингте спикерлер журналистердің сұрағына жауап берді.

– Бір қуанатыным – қазіргі жас буынның аяқ алысы өте мықты. Біз 1970 жылдардың буынымыз. Бұлар шетінен әнші, шетінен биші. Бізді тек драма актері қылып тәрбиеледі. Қазір бізде 60-қа жуық шығармашылық топ бар. Бұл тарихы терең іргелі театр үшін аз. Десек те, қазіргі мақсат осы мықты құрамды ыдыратпай ұстап қалу. Сонымен қатар, қазір әр қойылым аншлагпен өтеді. Осы көрерменді, осы деңгейді ұстап қалуымыз керек. Шеберлік бірте-бірте келеді. Бұрындары театрға аз келетін жастар қойылымда ысқырып, айқайлап отыратын. Қазір бұл азайған. Театр мәдениеті дамып келеді. Осыдан таймаса екен. Ұстаздар шәкірттеріне осыны ескертіп отырса құба-құп, – дейді Кеңес Нарымбайұлы.

«Театр көбейсе, түрме азаяды» демекші, өнер қарашаңырағының жаңа маусымдағы жұмысына сәттілік тілейміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button