Көңілге медеу болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ ұлт газеті «Ана тіліне» берген сұхбатын жұмыс арасында жедел әрі мұқият оқып шықтым. Бүгінгі таңдағы елді алаңдатып отырған өте маңызды жайттарға тоқталған екен. Солардың ішінде мен өз жұмысыма қатысты айтқанына пікірімді білдіргім келеді.

 

Адамзатты дүрліктірген пандемия жайлы айта келіп: «Бір планетаны мекен еткен соң өзге елдегі дерт бізге келмейді деп бейқам отыра алмаймыз. Пандемия шекараға қарамайды. Сақтансақ қана өзімізді, жақындарымызды аурудан аулақтата аламыз. Сондықтан ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырамын» деп айрықша атап айтқан екен. Осы сөздері көңілге медеу болды.

Мен жоғары білімді дәрігер-хирург ретінде, ел Президентінің осы сөзін толық құптаймын. Өйткені, күнделікті індетті жұқтырған науқастармен жұмыс істеу барысында сақтық шараларына мұқият болу керектігіне көзім жетті. Біз дәрігерлер адамдар ауырмаса екен деп тілейміз. Ауырғандары болса жылдам емдеп, аяғына тік тұрғызып, үйіне, бала-шағасына қайта оралуына бар күш-жігерімізді саламыз.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, тұрғындарға айтарым барынша сақтық шараларын сақтаса екен. Бетперде киіп, жүрген жерлерінде ара-қашықтықты сақтап, мүмкіндігінше көпшілік шараларға бармай сақ болса екен. Отбасы мүшелері мен бала-шағаларын ойласа екен. «Отан – от басынан басталады» дейді ғой дана халқымыз. Сондықтан да, әрқайсымыз алдымен өзіміздің отбасымызды сақтайық. Осы арқылы қоғамды індеттен құтқаруға үлес қосамыз.

Бауыржан ЕШЖАНОВ,

КМК Жезқазған қаласының «Көпбейінді ауруханасы» қабылдау бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-хирург.