Баған

Суреттер сүйкіміңді кетірмесін

Әлеуметтік желіге кірсең, желдей ескен қауесет сөздерге толы. Бәрі өз алдына білгішсымақ. Оларға келіп-кетер қандай пайда барын түсінбейсің. Әйтеуір, жағымсыз пікірлер. Одан қалаберді небір әдепсіз фотосуреттерден көзің сүрінеді. Өткенде Facebook парақшасындағы жаңалықтарды қарап отырып, жасы сексеннен асқан бір қарияның суретіне көзім түсті. Қарап сүйсінесің, тегі. Сол сәтте «Салтты ұстанған, дәстүрімізді насихаттап жүрген шежіре қарттарым қайда?» – деген ой санамды билеп алды.

Суреттен қазақылықтың исі аңқиды. Төселген сырмақтың үстінде жағалай жатқан құрақ көрпе. Сақалын ақ басқан қария езу тартып тұр. Киген тонын күзен ішік деп топшыладық. Жағасы жалт-жұлт етеді. Аяғында мәсі. Артқы жағында бірінің үстіне бірі қойылған үлкен екі көне сандық. Қазақы оюлармен безендіріліпті. Үстінде оюлы көрпелер жинаулы. Суретке қараған адамның назары бірден осы әбдірелерге түсетіні сөзсіз. Көздің жауын алып тұр. Қабырғада ілінген – түс кілемдер. Ғажап дерсің!

Ал, қазір адамдар суретке қалай түседі? Өткенде бір танысымның ұялы телефонынан арақ толы рөмкені ұстап тұрып суретке түскен үш азаматтың суретін көріп қалдым. Жасы елуден асқан болуы керек. Қарындары шығып, бетіне болар-болмас әжім түскен. «Сыртынан біреу байқатпай түсіріп алған ғой» деп айтатын емес. Құдды бір ащы суды ішкеніне масаттанып тұрғандай.

Жалпы, үлкендерді былай қоя тұрайық. Ашық киініп суретке түсетін жастардың қарасы көбейіп барады. Құран сүрелерінде: «Ашық киінген қыз-келіншектер зина жасап қана қоймай, сырттан қараған көздерді де зинаға итермелейді» делінген. Жастардың жай-күйі осы. Сонда, өскелең ұрпаққа ақыл айтатын жандардың азайып бара жатқаны ма?!

Біздің үйде қара-ала түсті үлкен фотоальбомдар бар. Сондағы суреттерді қарап отырсаң, керемет естеліктер. Тіпті, сол уақытта фотоға түскелі жатқан кездегі оқиғаны «мына суреттің тарихы былай еді» деп үлкендер айтып отыратын. Ол уақытта ер адамдар шашын өсіру – сән еді ғой. Қарап, бір күліп алатынбыз. Ал, әйелдер қауымы ұзын етекті көйлектер киетін. Қай суретке қарасаң да сондай киімдерді халық көп тұтынатынын байқауға болады. Сол кездегі аға-әпкелеріміз қазір – сақалы аузына түскен қария, ақжаулықты әже. Ұрпақтарына осы сурет арқылы өзін таныстырып келеді. Бүгінгі жастар осы қарияларымыздың жасына келсе, өзін қайтіп көрсетеді екен? Табиғи сұлулығын жасырып, түрлі опа-далапты қолданады. Кеудесі ашық, етегі келте киімдерге әуес. Әрине, барлығы бірдей емес. Тіпті, ерлер де шашы мен көзін бояғанды шығарып алыпты. Айтыскер ақын Ринат Зайытов айтпақшы, бұлар келешекте өз ұрпақтарына бұл күйін не деп айтады екен?

Әлеужеліде таралған ақсақалдың суретін көріп, тамсанбаған жан болмаған шығар, бәлкім. Ұлттың байлығын, салт-санасы мен әдебін бір ғана сурет арқылы жеткізіп-ақ тұр. Қазір мұндай қарияларымыздың қатары сиреп барады. Көнекөз қарттарымыздан үлгі-өнеге мен өсиетін алудан жалықпайық.

Осылай суретке түскен жастарды көргеніңіз бар ма? Сіз суретке қалай түсесіз?

Ербол ЕРБОЛАТ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button