Елорда күніРуханият

Бас қаланың белдеуі бекем

Еліміздегі негізгі көмір базаларының бірі – Қарағанды облысы әуел бастан ештеңеден кенде қалмаған. Қойнауы қара алтынға толы бұл өңірдің экономикада да елеулі үлесі бар. Одан бөлек, Менделеев кестесіндегі элементтердің басым бөлігі Қазақстанға тиесілі болса, өңірімізде өндірілетін пайдалы қазбаларды есептеуде екі қолдың он саусағы жетпесі анық. Қарағандының батпандай бағы Қазақстанның бас қаласы 1997 жылы Алматыдан Ақмолаға көшірілгенде тіпті еселене түсті.

Елордаға жақын орналасуы, одан бөлек, бұған дейін де өркен жайған егін және мал шаруашылықтары бар Қарағанды өңірінің бас қаланың азық-түлік белдеуіне кіретіні бесенеден белгілі еді. Ақмола облысының 17 ауданымен бұл қатарда облысымыздың 4 ауданы да бар.

Әуел баста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған азық-түлік белдеуі аясында Елорданы сапалы және қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін бірнеше нысан құру жоспарланған еді.

Содан бері, еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуде Қарағанды есесін жіберген жоқ. «ҚазАгро» ұлттық холдингі желісі бойынша белдеуді дамыту үшін миллиардтаған қаржы құйылып, біраз жобаның тұсауы кесіліп, бизнес өмірге жолдама алды.

Мәселен, ары кетпей-ақ, 2011 жылға тоқталсақ, осы мақсатта «Қарағанды сүт» комбинаты 30 түрлі өнім шығарып, 3 гектар жерде «Green Technology» шамамен 1,7 мың тонна өнім өндірген екен. Жобалық қуаттылығы жылына 150 млн. жұмыртқадан тұратын «Майқұдық құс фабрикасы» өз алдына.

Одан бөлек, былтыр ғана облыстың кәсіпкерлер палатасында «Елорданың азық-түлік белдеуіне қатысушы» мәртебесін беру мақсатында арнайы комиссия да құрылған болатын. Комиссия құрамына ауыл шаруашылығы басқармасы, өңірлік палата, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қауымдастықтар мен одақтың өкілдері кірді. Бұл мәртебеге ие болғанның «күлшелі бала» атанары сөзсіз еді. Яғни, тауар өткізу нарығына, оның ішінде, коммуналдық нарықтарға қол жеткізуге басым құқықтар беріледі. Ең бастысы, «ҚазАгро» ұлттық холдингінде тауар өндірушілерге несие берудің басым мүмкіндігі қарастырылады.

Мәселен, былтырғы жарты жылдықтың өзінде Нұр-Сұлтанға 15 мың тоннадан астам өнім жеткізілген. Оның 2 мың тоннасы ет, 1,5 мың тоннасы – көкөніс, 9 мың тоннасы картоп болған. Одан бөлек, май, бакалея өнімдері, тауық жұмыртқасы тағы бар. Жалпы, бұл көрсеткіш бір жылдың ішінде 100 мың тоннадан асып жығылған.

Жәрмеңкеге сапалы өнімдерін жеткізетін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өздері азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуде қомақты үлесті қамтып келді. Қарағандыдан тонналап жөнелтілген сүт пен балық, ет пен көкөніс, бірнеше мыңдаған жұмыртқа елордалықтардың несібесін молайтты.

Елордамыз жыл сайын көркейіп, тұрғындар саны да артып келеді. Демек, азық-түлік белдеуіне кірген аудандардың да жауапкершілігі арта түспек. Өніммен қамтамасыз ету жолдарын табу, кәсіпкерлер мен саудагерлердің тұрақты түрде халыққа азық-түлікті ұсыну нормаларын сақтауы, баға тұрақтылығы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәрізді үлкен жауапкершілік те өз алдына. Бірақ, бас қаланың азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуде негізгі роль ойнайтын Қарағанды облысының әрісі экономикасының, берісі халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызының үлкен екені сөзсіз.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button