Руханият

Ән қанатындағы тағдыр (очерк)

Қарсы алдымда бидай өңді, мінезі – сырбаз, болмысы – сыпайы жігіт ағасы отыр. Өмірдерегіне қарасаң – бүгін-ертең алпыстың жалына жармасып, «жер ортасы» дейтін жасыңызды бағындырады. Ал, өңінде – қылшылдағын қырықтың қыр мінезі. Көзі от шашып тұрғанымен, сөзі – сырбаз. Жүріс-тұрысы ән болып ырғалып, әңгіме ырғағы ән болып төгіліп тұрғандай. Бір сәтте «Елім-ай» болып егіліп, енді бір сәтте өзінің «Арман әні» болып асқақтай жөнеледі. Босағамды ән болып аттап, әңгімесінің өзін әсерлі әндей ырғалтқан, ән болып қоштасып, бойымды әуезді әндей баурап алған белгілі композитор, Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры Есжан Әміров болатын.

***

…Қырғыз Алатауының мұзды шатқалдарынан бастау алатын Талас өзені кеш тасиды. Бастауы шыңнан болғандықтан шығар, асау өзен. Әйтеуір, маусымнан тамызға дейін өткел бермейтін өктем мінезі бар. Алатау сілемдерінің жерге жайдақтала жақындайтын тұсынан жазық басталады. Асау Таластың аңғары болған соң ба, қарашаның қары бүркеп, желтоқсанның қырбық тоңы бекігенше әрін бермей жататын көкорай бел.

Тау етегінен құдыққа қарай мал қаптатқан екі аттылының кішісі әнге басып келеді. Баласының бұрын-соңды ән айтқанын естімеген Сарманқұл әке – аң-таң. Сынамасы ең жоғарғы алтын табақтай қызара дөңгеленіп, көкжиекке жамбастай кетуге ыңғайланған күннің өзінде таңданыс бар. Жайшылықта гүрілдеп, төңіректегі тыныштықтың шырқын бұзып жататын Таластың тасқыны да тына қалып, әнші баланың үніне құлақ түргендей. Бірақ, тау етегін әсерге бөлеп, Алатаудың құзар шыңына дейін жетіп, айналаны ән бесігіне айналдырып жіберген бала бұлбұлдың сырлы даусына да, нұрлы келешегіне де ешкім кедергі келтіре алмас еді…

Жапандағы киіз үйге буы бұрқыраған самаурынмен бірге кірген Сарманқұл аға төрдегі орнына жайғасып жатып:

– Ә, Күлән, мына балаң әнші болады-ау, осы. Тау етегінен ауылға дейін бір тынбай ән салып келді. Тоқты сойып, той қыласың ба, қайтесің? – деді, қашанғы әдетіне басып қуақылана.

– Е, несі бар? Менің Есжан балам әнші болғанда да, есті әнші болады! Әзімбектің (айтыстың ақтаңкері Әзімбек Жанқұлиевті айтып отыр) әкесі екеуің секілді ауыл-үйдің арасын емес, менің балам үлкен сахналарды дүбірге бөлейді, көресің! – деп, анасы Күлән да отағасына оңтайлы жауап қайырып үлгерді.

Екеуі де өнерден қаражаяу емес-ті. Алатау мен Қаратаудың баурайын сауыққа бөлеп, күнара көкпар тартысып, ақындары айтысып жататын ел еді қазіргі Байзақ ауданының Тегістік ауылы. Сарманқұл әкеміз бен Күлән шешей сол ду-думанның көркі болған. Салтанаты сарқылмайтын, той-думаны тарқамайтын «Сарыкемер» ауылының суырып-салма ақыны Сарманқұл әкей болса, «Жайдарманмен» таң атырып, «Маусымжанмен» күн батыратын күміс көмейлі Күлән анамыз еді.

…Иә, осындай асылдардың арманынан жаралып, Нұрғиса, Шәмшілердің әуезінен нәр алған Есжан Әміров сонау бір жылдары Батыстың поп-музыкасына еліктеп кеткен толқынның бетін ұлттық бояуы қанық дәстүрлі сазға бұрған көшелі композиторға айналды.

***

Қарағанды. Ымырт үйіріліп, қараңғылық қоюлана бастаған. Бейбітшілік бақжолы бойындағы колледж ғимаратында бір ғана терезенің жарығы жанып тұр. Директордың атшаптырым кабинеті. Есағаң оңаша отыр. Күні бойы бірнеше жиналысқа қатысқан. Нендей мәселе қаралып, нендей шешім қабылданғаны дәл қазір есінде жоқ. Сонша, жауапсыз басшы емес. Бірақ, таңмен таласа жүрегіне қонақтап алған бір әуен ештеңеге мән бергізбей қойғаны. Тылсымнан жеткен ырғақ тізгіндеуге көнер емес. Ырқына бағынбаған асау ырғақ туған жерін, Талас өзенін есіне түсірсін. Орнынан баяу қозғалып, кітап сөресіне жақындады. Қолына дауылпаз Қасымның (Аманжолов) жыр жинағы ілікті. Парақтай отырып, ақынның «Махаббат періштесі» атты өлеңіне аялдап қалды. Қайталап оқыды. Жүрегіндегі әуен мен кітаптағы өлеңнің табиғатында, тіпті, буынында да үндестік барын аңғарды. Өзіне-өзі таң қалып отыр. Бұған дейін мәтінге ән жазып көрмеген-ді. Жүрек түпкірінен ән болып әуелегелі тұрған ырғақ мына мәтінге үйлесе кетсе қане?!

Баянын қолға алды. Жұмбақ әннің ішкі иірімдері сиқырлы ырғақ болып төгіле кетті. Аспаптың түймелерін басқан сайын сәби ән құлпыра берді. Кітапты алып, мәтінді әнге қосты. Жымдасып сала берді. Жалма-жан нота дәптерін ала салып, әуенді хатқа да түсіріп үлгерді. Сол кезде ғана өзінің таңнан бері ашқұрсақ жүргені есіне түскен.

…Сол сәтте ғана сырттағы жұртқа әйтеуір тіршіліктің белгісіндей болып жарқырап тұрған терезенің жарығы өшті. Алайда, бұл терезенің арғы жағы жай ғана директордың кабинеті емес, ән бесігі екенін сырттағы елдің ешқайсысы сезген жоқ.

***

Көлігіне ерекше қуаныш құшағында жайғасты. Тізгін – өз қолында. Радиосын қосып еді, диктор:

– Әуе толқынында – Ұлттың үнжариясы Қазақ радиосы! Эфирде – «Інжу-Маржан» хабары. Тыңдайтындарыңыз Есжан Әміровтің «Ауылға арнау» әні, орындайтын Досымжан Таңатаров, – деп саңқылдап қоя берсін. Не деген сәйкестік!

Көлігін тежей қалып, өз әнін өзі тұңғыш тыңдап отырғандай әсерге бөленді. Ауылы ойына оралды. Ата-ана, бауырлары… «Сарыкемердің» Алатауға асылған кең жазығы… Мектеп бітірген жылы оқудан құлап келгендегі өкініші… Өзі белді мүшесі болған «Ақ жүзім» ансамблі… Әуе толқынында әуелеген әсерлі ән Есағаңның жүйрік қиялын ой толқынына ала қашқан.

Қақ төріне «Күн көсемнің» портреті ілініп, оң қапталында совхоздың «Социалистік жарыста» жеңіп алған ауыспалы қызыл туы желбіреген парторгтың кабинеті. Кемал Беспаев ағасы:

– Әміров, сені оқудан құлап келді дейді ғой. Қазір не істеп жүрсің? – деп әңгіме бастады.

– Құрылыста жүрмін, аға.

– Тәәк, бізде завклубтың орны бос тұр. «Ақ жүзім» ансамблі мен аудандағы жалғыз Халық театрының тыныс-тіршілігімен мектепте оқып жүрген кезіңнен жақсы таныссың. Белді мүшесі болдың. Енді сол клубқа өзің ие болсаң, қайтеді? Мен ауданмен өзім келісемін, – деп, мәселені төтесінен қойды парторг мырза.

Ертесіне аудан орталығына барып, мәдениет бөлімі басшысының қабылдауына кірді. Ананы бір, мынаны бір сұрап, ыңыранған басшы сөзінің тоқетерінде:

– Дипломың жоқ, жай клуб емес, бір ансамбль, бір театры бар клубтың жұмысын тарта алмайсың, ренжіме, – десін. Жастық максимализмнің буы ғой, бұл да қарап қалмады.

– Парторг өтінген соң келдім. Әйтпесе, өзім келмес те едім, – деп, есіктің арғы жағына өтуге асықты.

Ауылға келіп, парторгқа болған жайды баяндап берді. Кемал аға адуынды кісі еді, бірден қара телефонына жармасып:

– Әй, Асқар, менің жіберген жігітімді неге қайтарасыңдар? Өз ауылымыздың жағдайын өзіміз білеміз ғой, – деп дүрсе қоя берді. Аудан мәдениетінің басшысы «Дипломы жоқ екен» деді ме, Кемаң оны аз тыңдап, қайта көсілді:

– Қайдағы жас? Қайдағы диплом? 9 сыныптан бері сол ансамбльді басқарып жүрген маңдайалды өнерпазымыз – бұл Әміров! Сендердің жіберген адамдарыңды көрдік қой. Екі күннен кейін милиция қолын қайырып алып кетті. Қылмыскерге мәдениет басқартуға бола ма екен?

Сөз осымен тәмам. 18 жасар Есжан Әміров ауылдың Мәдениет үйіне меңгеруші болып тағайындалды. Өнер өлкесіне, ән әлеміне осылайша қадам басып, қанат қаққан-ды.

Содан бергі тағдыры – ән қанатында.

***

Кәусар бұлақтың тамшысындай мөлдір, аққу құстың әуеніндей әсем әндерімен танылған композитор Есжан ағамыздың азаматтық ұстанымы – берік, ойы – көшелі. Әнге айналып кеткен болмыстың кей сәттерде «Елім-айлап» егілетіні де сондықтан. Шұбарланған тіл, ақшаға құмарланған жемқор қоғамның жемсауы, отбасы тәрбиесі, ұлтық мүдде тақырыбында әңгіме бастап берсеңіз, Есағаңды тоқтата алмай қалуыңыз кәдік.

– Ұрпағымыздың бойына ұлттық рух сіңірмейінше, толыққанды тәрбие процесі болмайды. Ұлттың тілімен сусындап, ұлттық өнердің мәйегімен көктемеген ұрпақтың да, елдің де көсегесі көгермейді. Отбасында балалардың көзінше өнегеден басқа ештеңе айтылмауы керек қой. Бізде қалай? Бізде таңертең балабақшаға немесе мектепке баласын алып бара жатқан әке есіктен шыға темекісін тұтатып, темекінің тұқылын аулаға лақтырып жібереді де, абажадай көлігіне жайғасады. Мұны көрген балада қоршаған ортаға деген мейірім бола ма? Осындай ойлар ұйқымды да, тіпті, әнімді де қашырады,а – дейді Есағам менімен қоштасқалы орнынан қозғалып, қолын ұсынған күйі.

– Мына бір аты жаман індет тұтас тіршілікті тұмшалап тастады ғой. Әй, бірақ, қазақтың өнерін тұмшалай алмайды! Ел аман, жұрт тыныш болсын, бауырым!

Осылайша ақжарма тілекпен қош айтысып, Есағаң кабинетімнен шығып барады. Күні бойы әуезді әннің бесігінде тербелгендей ерекше сезім құшағында отырған ойым пышырап, бойым қоңылтақсып қалды.

Аман болыңыз, Аға! Алпыста алқынбаңыз, жетпісте жарқылдаңыз! Арғы жағынан жабылған есікке телміріп, ой құшағында қалдым…

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button