Қазақ пен Домбыра

Жошы өлімін естірткен домбыраның көмейіне қаһарлы Шыңғысхан қорғасын құйғызғанда да қазақ өлмеген, домбыра қалған. Сөйткен Шыңғыстың сүйегінің қайда қалғанын жан баласы білмейді…

Ұлы күйші Құрманғазыны ұры, барымташы деп әкім қаралар абақтыға жапқанда да, ұлы Тәттімбетті орыстар улап өлтіргенде де, кешегі заманда Жанботаның әпербақан поштабайы қолынан домбырасын жауыздықпен жұлқып қалып, Біржан салды жұрт алдында қамшымен тартып жібергенде де, Ақан сері Құлагер мен Ақтоқтының күйігінен, дүмше молдалардың өсегінен құсадан өліп, домбырасы иесіз қалғанда да, Шорманның Мұстафасы Жаяу Мұсаны атынан аудартып алып, домбырасын сындырып, өзін итше тепкілеп, көгала қойдай қылып сабап, ертоқымын арқалатып жібергенде де, “Қорландай” әлемде жоқ ән шығарған Естай ақынды қартайған шағында ауданның шолақ белсенді хатшылары қыстың қақаған аязында Ұлы Жеңісті жырлатамыз, айтыстырамыз деп жердің түбіне ат шанамен сүйреп апарып, қос өкпесін суыққа қабындырып өлтіргенде де, “Гәкку” әнімен әлемді таң қалдырған Үкілі Ыбырайды, “Ғалиясымен” ел жүрегін елжіреткен Балуан Шолақты, “Қаракесегіне” қазақтың бар қайғы-қасіретін сыйғызған Мәдиді, атақты Иманжүсіпті, Батақтың Сарысын, Сейтекті, Қапезді – бірін айдап, енді бірін атып өлтіргенде де, 1930 жылы ескілікті аңсайды деп қазіргі Шет ауданында Қыздарбек күйшінің күллі шәкіртін түгел қырып тастағанда да, “Қазақ радиосы” пленка таусылып қалады деп, ұлы күйші Сүгірді жазбай қойғанда да, Мәскеуде, Сьездер сарайында өткен 25 сьезде «Сен тағы да домбырамен ән айтып, қазақты позорить ететін болдың ғой» деп, Қайрат Байбосыновтың қолынан домбырасын жұлып алып жерге бір-ақ ұрғанда да, Жанділдин деген хатшы: «домбыра ескіліктің аспабы, одан да скрипка мен пианиноға көшіңдер дегенде де, Афро-америкалық зәңгілердің құлдық, қалдық музыкасын плагиаттық жолмен ұрлап-жырғап алып жұлдыз атанған, күллі репертуары ауыз жыбырлатудан тұратын парықсыз фанерщиктер мен олардың сарт-сауан, пәмсіз продюсерлері домбыраны сахнаға шығармаймыз, телевидение мен концерттік сарайлардан аластатамыз, сөйтіп домбыраның түбіне жетіп, тексіз-затсыз поп музыканың туын тігіп, саясында жын қаққандай ақырдың күніне дейін аласұрып билеп жүретін боламыз, осындай алаяқтықпен есер әнге елтіген халықты қарақшыдай тонап, кәнігі “карманниктей” талтүсте қалтасын қағамыз деген жымысқы жобалармен домбыраны халықтан аластатуға жаныға кірісіп, отыз жыл бойы аяусыз алысқанда да домбыра өлген жоқ. Ал, қазақ ешқашан домбырасынан айырылған жоқ. Айырылмайды да. Қазақтың қолындағы домбыра — ядролық боеголовка секілді сұмдық жойқын күшке ие қуатты қару, сондықтан, қазаққа жау ниеттілердің барлығы әуелі домбыраның түбіне жетуге тырысады. Домбыраның түбіне жетсе, қазақтың да түбіне оңай жететінін біледі.

Кетбұға мен Құрманғазының, Тәттімбет пен Абайдың, Біржан сал мен Ақанның, Мұхит пен Кененнің аруағы қолдайды оны. Домбыраның шанағынан аққу болып ұшқан, пернесінен Сарыарқаның жезкиігі болып өрген, шегінен көктемгі төл даусындай мың сан үнмен жамыраған, тиегінен жылқылы байлардың желіден шіңгірлеп кісінесіп қара-көктің құлынындай ақтарыла ағытылған алты мың ән-күйі қорғайды оны. Керек десеңіз, қазақтың аруағы – домбыра! Қазақтың ұлт ретінде жойылып кетпей, ХХІ ғасырға жеткені сол киелі домбыраның арқасы. Домбыра – ұлттың символы!

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,

әнші, өнертанушы.