Ресми

Білім ошақтары жаңа оқу жылына дайын

Қарағанды облысында 17 мың бала штаттық режимде  оқиды. Ал, аймақтың 18 мың оқушысында жылдам интернет желісін пайдалану мүмкіндігі жоқ. Неліктен облыс аумағында қашықтықтан оқыту үшін кейбір платформалар жұмыс істемейді? Жаңа оқу жылына қатысты осы және өзге де маңызды мәселелер жөнінде облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ пен облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА «SARYARQA» арнасының тікелей эфирінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

 

Интернет желісінің барлық жерде мінсіз жұмыс істемейтіні белгілі. Сондықтан, ата-аналардың желіге тұрақты қосылуы туралы мәселесін шешу ұйғарылған.

– Биыл күрделі жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті, мемлекеттік органдар мен Үкімет тарапынан мектептерді қолдау бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдануда. Президент тапсырмасымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыста білім беру нысандарын жөндеудің өзіне 10 миллиард теңге бөлінді. Жалпы, биыл білім беру нысандарын жөндеуге 17 миллиард теңге қарастырылған. Бұл – алдыңғы жылдарға қарағанда 3 есе көп. Қазір 15 білім беру нысаны салынып жатыр, осы күзде Қарағанды, Жезқазған және Ұлытау аудандарында үш мектеп пайдалануға беріледі, – деп атап өтті Абзал Нүкенұлы.

– Ата-аналарға интернет қол жетімді болу үшін үнемі сауалнама жүргізіледі. Тұрғындардан осы сауалнамаға белсенді қатысуларын сұраймыз, интернет жылдамдығын тезірек арттыру үшін операторлармен жұмыс істейміз, – деп толықтырды облыс әкімінің орынбасары.

Дерекке сүйенсек, 1-4 сыныптар үшін жұмыс істейтін бес мыңға жуық кезекші топта 58 мыңға тарта бала бар. Жағдай кез келген уақытта өзгеруі мүмкін болғандықтан, ата-аналардың қырағы болғаны жөн. Ал, 17 мыңға жуық бала дәстүрлі түрде оқиды. Эпиджағдайға байланысты, алдымен балалардың өмірі мен денсаулығы маңызды екені белгілі. Облыс есебіндегі жабдықтармен қоса есептегенде, мектептердегі жаңарған компьютерлік қорды 47 мыңнан асыру жоспарланған. Бұл қажеттілікті толық қанағаттандырады. Биыл облыс бойынша мектеп (503) аясындағы оқумен 200 мыңға жуық бала қамтылатын болады.

Ол сондай-ақ, облыста қосымша білім беру мен тәрбиелеу бойынша жобалар ұйымдастырылғанын айтты. Өңірде «Отбасы сағаты» жобасы іске қосылған. Ал онлайн режимде облыстың мұражайлары мен театрларын тамашалауға болады.

Бұдан басқа, Абзал Нүкенов ата-аналар мен оқушыларға мына нөмірлер арқылы сұрақ қоюға болатынын айтты.  8 (7212) 25-25-02, сондай-ақ WhatsApp үшін 8-747-491-12-91.

Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, ұялы байланыс провайдерлерімен жұмыс жалғасуда. Нұра, Абай және Қарқаралы аудандарының елді мекендерінде желінің жылдамдығын 4G-ға дейін арттыру мәселесі шешілуде. Алайда, бүгінде 18 мың балаға жылдам интернет қол жетімсіз және олардың 9 мыңы қашықтықтан оқиды.

– Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру үшін үш интерактивті платформаны қолдануды жоспарлап отырмыз, олардың бірі – «Bilimal» болды, – деді Гүлсім Шабданқызы.

– Педагогтар осы платформаларда жұмыс істеу дағдыларына оқытылды, ал оқушылар компьютерлік техникамен және интернетпен қамтамасыз етілуде. 15 тамыздан бастап, балаларға компьютер және басқа да оқуға қажетті жабдықтарды тарату жалғасуда. Ата-аналардың өтінішіне сәйкес, компьютерлер 12 мыңнан астам балаға таратылды. Облыста қосымша 28 мың бірлік техника сатып алынады. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарының балалары үшін қосымша қаржы бөле отырып, 2997 роутер мен модемдер сатып алынды. Барлық оқушы оқулықтармен қамтамасыз етіледі, ал жаппай оқыту қорынан мұқтаж балаларға көмек көрсетіледі, – деп толықтырды басқарма басшысы.

Сонымен қатар, интернет желісі жоқ ауылдардағы онлайн оқыту мәселесі мен бір үйде бірнеше бала қашықтықтан білім алу мүмкіндігі туралы сұрақтарға да спикерлер жауап берді. Мәлімдеуінше, интернеті жоқ ауылдардың оқушылары мен студенттеріне жергілікті әкімдіктер мен білім беру ұйымдары онлайн білім алу үшін жағдай туғызады. Қажет болса, жағдайы төмен отбасыларға қосымша техникалық жабдықтар әперіліп, жатақханаларға орналастыру жұмыстары жүргізіледі. Барлық жағдайда санитарлық талаптарды сақтауға мән беріледі.

Ата-аналардан қашықтықтан оқытуға арналған интерактивті платформалардың жұмысына қатысты көптеген сұрақтар туындауда. «Оқу жылының басталуына аз қалса да, платформалар туралы толық ақпарат жоқ. Оны қалай пайдалану туралы да білмейміз. Балаларға қиын, қашан қалыпты өмірге ораламыз?» деп дабыл қағуда олар. Бұл жағдай бойынша Гүлсім Қожахметова түсінік берді.

– 20 тамыздан бері онлайн оқытуға арналған үш платформаны сынап көрдік. Олардың барлық серверлері Қарағандыда орналасқан. Бұл бізге қойылған ҚР Білім және ғылым министрлігінің талабы. Ал, электрондық күнделіктердің функционалдылығын өзгерттік. Енді, балалар мұғалім қосқан материалдарды еркін көре алады және орындаған тапсырмаларын мұғалімге жібереді. Өздерінің деңгейі мен бағаларын да көре алады. Кері байланыс осылай орнатылады. Мұғалім платформада онлайн сабақ өткізе алады. 25 тамыздан бастап бағдарламалық өнімді тестілеу жүргізу барысында анықталған кемшіліктер үздіксіз жұмыс жүруі үшін қателіктер 1 қыркүйекке дейін жедел түзетіледі. Сонымен қатар, осы тақырып бойынша мұғалімдермен және ата-аналармен онлайн-кездесу өткіздік, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, мұғалімдердің өз сыныптарын бірінші және екінші ауысымда оқытатыны тілге тиек етілді. «Ауыстыру болмауы да мүмкін. Оның үстіне, мұғалімдердің жүктемесі де жоғары. Бірақ, ауысым мәселесін міндетті түрде реттейміз. Әр мектепте сырқаттанған мұғалімді алмастыруға келетін қосымша кадрлар бар» деп сендірді басқарма басшысы.

– Мұндай жағдай бұрын да болған, сондықтан проблема туындамасы анық. Мектеп әкімшілігі міндетті түрде осы мәселемен айналысады, ал оқушылар қайткен күнде де сабағын тоқтатпайды, – деді ол.

Абзал Нүкенов барлық мектептерде ұстаз ауырып қалса, мұғалімдерді сақтандыру үшін қосымша ресурстар ұйымдастырылатынын айтты. Жұртты оған түсіністікпен қарауға шақырды.

Балабақшалардың жұмысы бақылауда

Дерекке сүйенсек, Қарағанды облысында 196 балабақша 17 тамыздан жұмысын қайта бастаған. Оларда 729 кезекші топ жұмыс істесе, толықтырылуы 15 адамға дейін артқан. Балалар мен қызметкерлер денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтамалармен қабылданады. Бірақ, шағын орталықтар әлі жұмыс істемейді.

– Қосымша білім беру ұйымдарында ата-аналардың қалауы бойынша жағдайға байланысты жұмыс қашықтықтан және штаттық режимде ұйымдастырылады. Бұл ретте балалар үйірмелерде жеке немесе шағын топтарда санитариялық нормаларды сақтай отырып, айналысады, – деп түсіндірді Гүлсім Шабданқызы.

Ал, ерекше қажеттіліктері бар балалар арнайы мектеп-интернаттарда кезекші сыныптарда қашықтықтан оқитын болады. Арнайы ұйымдар мен оңалту орталықтарында балаларға кеңес беру онлайн-режимде және алдын ала жазылу бойынша штаттық режимде жүргізіледі.

Кезекші сыныптардағы оқу процесі ауысыммен ұйымдастырылады. Мұғалімдерге қолдау ретінде, кезекші сыныптарға деген қажеттілікті қанағаттандыру үшін педагогикалық практикадағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері тартылады.

«Ата-аналардың өтінішімен мектепалды даярлық сыныбы оқушылары кезекші топтарда оқытылады. Бірінші сыныптарға балаларды қабылдау аяқталды. Биыл облыста бірінші сынып оқушыларының саны – 21 446» деп толықтырды Гүлсім Қожахметова.

Баспасөз мәслихатында басқа да маңызды сұрақтарға толыққанды жауап берілді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button