Руханият

Ұстазын ұлықтағандар

Қарағанды қаласындағы Құрылысшылар даңғылы 13 үйге белгілі тележурналист, ұлағатты ұстаз, марқұм Мартбек ТОҚМЫРЗАҒА арналған мемориалды тақта орнатылды. Талантты сатирикке арналға белгінің ашылу салтанаты облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан ҚҰСАЙЫННЫҢ құттықтау сөзімен басталды.

Іс-шараға республиканың түпкір-түпкірінен шәкірттері, қаламдас достары, әріптестері мен туыстары жиналды. Тақтаның орнатылуына шәкірттері себепкер болыпты. Бұған дейін олар  марқұмның артында қалған әдеби мұрасын жинап, облыс, республика көлемінде еске алу кештерін өткізген екен. Омар ЖӘЛЕЛ, Мейрамхан ЖӘПЕК  секілді үзеңгілес достары да есімін кейінгі ұрпаққа насихатап жүр.

 – Қазақтың қай өңірі болмасын қасиетті, қастерлі. Оның ішінде Арқа өңіріндегі қазақ баспасөзінің алатын орны ерекше.  Қылышынан қан тамған заманда да ұлттың ұпайын түгендеген Нұрмұхан, Рамазан ағаларымыздың салған сара жолы айрықша. Сол ағаларымыздың жолын жалғап, Қарағанды журналистикасының жарқын бір өкілі болған – Мартбек ағамыз еді. Студент кезімізден қасында жүріп, ақылын тыңдадық. Биыл қайтқанына он жыл толып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен тұспа-тұс келген игі іс ұзағынан сүйіндірсін – деді Ерлан Бейсембайұлы.

Інісі Болатбек, «Жоғалғанымыз табылып, өлгеніміз тірілгендей» күйдеміз дейді.

 – «Жақсының аты өлмейді» деген осы емес пе? Ағамның қысқа ғұмырында қалдырған еңбегі қазақ халқының келешегіне қосқан тамшыдай болса да үлесі. «Орнында бар оңалар» деп тек ұрпағына емес, тәрбиелеген шәкірттеріне де арнап айтса керек. Бүгінде ағамның шәкірттері әр өңірде қызмет істеп, ағамның есімін ел есіне салып жүр. «Шәкірті бар ұстаз – өлмейді» деген. Барлығына алғысымды білдіремін – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button