Бас тақырыпОблыс әкімі

Татулықтың таптырмас тағылымы

Қазақстан халқының бірлігі күнін Арқа елі көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Кеншілер шаһарындағы татулық пен тұтастықты ұран еткен түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың астынан табылып, бір-бірін достық құшақта аялады. «Басымыз аман, бауырымыз бүтін болғай» деп құттықтады. «Жүзі басқа болғаны мен жүрегі бір, тілі басқа болғаны мен тілегі бір» этномәдени бірлестіктердің өкілдері жұмылған жұдырықтай бірігіп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салттан сыр шертетін көріністерді ұсынды. Қарағанды қаласының орталық мәдениет және демалыс саябағына жиналған ұлт пен ұлыс өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарын әр тiлдегi әндерi, билерiмен қарсы алды. Бұл күні облыстағы бірнеше көпбалалы отбасылар қоныс тойын тойлады. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов көпбалалы отбасыларға жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.

Бірлік күні мерекесінде облыс бойынша 27 отбасына пәтерлер беріліп, Қарағандыдағы жаңа «Үш жапырақ» тұрғын үй кешеніне 10 көпбалалы отбасы қоныстанды.

Аймақ басшысы бұл күні пәтер кілттерінің Теміртау, Балқаш, Саран, Шахтинск, Приозерск, Қаражал қалалары және Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Жаңаарқа, Нұра аудандарының тұрғындарына табысталғанын айтты. Тұрғындарды мерекемен құттықтап, жаңа пәтер иелеріне тапсырылған кілттердің игіліктің пен бақыттың нышанына айналуына тілектестігін білдірді.

– Халқымыз ең басты байлық – бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Елбасының бастамасымен елімізде ұлтаралық келісімнің бірегей үлгісі, сенім, ынтымақтастық пен өзара түсіністіктің ерекше ахуалы қалыптасты. Арамыздағы көпбалалы отбасылардың біршамасы Қарағандының жаңа орталығындағы 24 қабатты жайлы тұрғын үй кешенінің алғашқы тұрғындарына айналды. Баршаңызды мейірім тұнған жарқын мерекелердің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Әр шаңыраққа ортаймас ырыс-несібе, баянды бақыт тілеймін. Ұлтты ұйыстырып, ұлысты ұғыстыра білген тәуелсіз Қазақстанымыз өркендей берсін! – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі мерекелік салтанатты шарада жыл соңына дейін облыста 560 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылатынын айтты. Ал, мамыр айының соңына дейін 130-дан астам осы санаттағы көпбалалы отбасы баспанаға ие болады.

Мерекелік шарада Қарағанды қаласының тұрғыны Лаура Хасенова көпбалалы аналар атынан елдегі бейбітшілік пен келісім үшін Елбасына алғыс білдірді.

Пәтер кілтін алған аналардың бірі Айгүл Әбішева «Менің алты балам бар. Осы күнді 19 жыл күттік. Бұл күн – біз үшін ерекше күн» деді.

Мерекелік салтанатқа облыстың негiзгi өнер ұжымдары үлестерiн қосты. Татулық пен тұрақтылықты қалыптастырып, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы аясына біріккен этностар өкілдері елдегі тыныштық мен татулықтың нышанын байқатты. Ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықты ту еткен олар өздерінің ұлттық киімдерін киіп, дәстүрлі аспаптарын арқалай келді. Этномәдени бірлестіктердің әншілері мен бишілер ұжымдары бір-біріне сый-құрмет көрсетті.

Сондай-ақ, әрбiр этномәдени бiрлестiктер өздерiнiң салт-дәстүрлерi және өнерiмен таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырды. «Достық шаңырағы» облыстық этномәдениеттер фестивалі мерекенің сәнін келтірді. Жалпыхалықтық мейрамда этноауылдар әртүрлі дәстүр-салттардан көріністер қойды. Халыққа қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан туындыларын, тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық тағамдарды ұсынды.Түрлі ұлт өкілдері арасында дәстүрлі тағамдардың сайысы өтті.

Өздерінің ұлттық биімен әрі дәстүрімен көптің қошеметіне бөленген «Намус» әзірбайжан мәдени орталығының өкілдері ынтымақтың ықпалымен ауызбіршіліктің үлгісін көрсеткен ұлттарды мерекемен құттықтады.

«Қоғамдық келісімнің орнауы арқылы бейбіт өміріміз берекелі болып, ұлттар арасындағы бірлік нығая түсуде. Қазақ халқы – әр кезеңдерде пана іздеп келген жұрттардың бәрін бауырына басып, төрінен орын берген ел. Қазақ ұлтының ұстанымына еліне қарап, біз басқа ұлыстар мен ұлттардың тарихын, мәдениетін, тілін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын құрметтейміз» – дейді мәдени орталықтың өкілдері.

 Қарағанды облыстық еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі Вилен Молотов -Лучанский аталмыш мереке әртүрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарап, барлық этностар мүддесін қазақстандық ортақ мүддеге айналдыруды көздейтінін айтады.

– Бұл – ынтымағы жарасқан қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп жатқан жүзден аса ұлт өкілдері ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін жаңғыртатын мейрам. Татулық пен тұрақтылықты қалыптастыруға Ассамблея айрықша үлес қосып келеді. Дүние жүзіне үлгі болып отырған ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде тұратын ұлттар мен ұлыстардың дәстүрлі ел бірлігі мерекесін атап өтуге ықпал етуде. Сол арқылы әрбір ұлттың салт-дәстүрлері, мәдениеті мен әдебиеті жаңғыруда. Осы ретте облыс орталығындағы этномәдени және қоғамдық бірлестіктерге барынша көңіл бөліп, басын біріктіріп отырған Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді жұмысын атап өткен жөн, – деді еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы.

Мереке күні облыстың түпкір-түпкірінен келген этномәдени бірлестіктер мен өнер ұжымдарының қойылымдарын көпшілік тамсана тамашалады. Қала балабақшаларынан бастап, мектеп, университет, кәсіпорындар мен мемлекеттік мекеме ұжымдарында Бірлік күнін насихаттайтын жоғары деңгейдегі салтанатты шаралар ұйымдастырылды.

Балалар үшін Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы аттракциондар жұмыс істеді.

Жас буын өкілдері мызғымас достықтың белгісі ретінде аспанға мыңға жуық шар ұшырды.

Мерекеде шаһардың кішкентай тұрғындарын ертегілер әлеміне бағыттайтын хореографиялық композициялар қойылды. Безендірулер көңілінен шыққан бүлдіршіндер өздерін мерекелік салтанатты тамашалауға әкелген отбасымен естелік суреттерге түсті. Сөйтіп, бірлік пен татулықты паш еткен мерекеде халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ұлт пен ұлыс өкілдері ауызбіршіліктің ажырамас үлгісін көрсетті.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button