Руханият

Әке мейірімі

Он баланың кенжесімін. Жаздыкүні масаханада қаз-қатар тізіліп ұйықтайтынбыз. Таңертең оянсам, бас жағымда бақшадан әкем жаңа үзіп әкелген сап-сары қауын жататын. Оның бұрқыраған иісінен әкемнің мені ерекше жақсы көретінін сезетінмін. Жасым он төртке жеткенде асқар тауым бізді тастап, мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. Содан бері әлі күнге оның шексіз мейірімі мен маңдайының тері сіңген сары қауын иісін аңсаймын. Оны сатып алуға да болады. Бірақ, әкеңнің үзіп әкелгеніндей қайдан болсын?..

«ӘКЕНІҢ ОРНЫ – БӨЛЕК, СӨЗІ – ЕРЕКШЕ…»

Ауылда Құрманғали деген мықты асаба болды. Оның басқарған тойы тұнып тұрған өнеге-тін. Әкені тілекке шақырарда «Әкенің орны бөлек, сөзі ерекше, Жасынан ақыл айтқан баласына…» деп өлеңдететін. Әке туралы мектеп оқулығынан оқып, анамның оған деген сый-құрметін көріп өссем де, осы өлеңнің әкемді ардақтап, үлгі тұтуға әсері мол болды. Бұл өмірде асқар тау әкенің қатал тәрбиесі мен шексіз қамқорлығына жетер не бар?.. Шынымен де, «Әкенің орны – бөлек, сөзі – ерекше…» ғой.

Мамандардың айтуынша, облыста 10 мыңнан астам неке тіркелсе, соның жартысына жуығы бұзылады екен. Осыдан-ақ, қаншама бала әке мейірімінсіз қалғанын бағамдай беріңіз. Бұған біреуді кінәлау қиын. «Жұлдызы жараспаған болар» дейміз амалсыз. Отбасымен ажырасқан ер-азаматтың бала болашағын ойламағанына қынжыласың. Бірақ, олардың өздерін әкесі қалай тәрбиелгенін ешкім білмейді…

Оның үстіне, қазір ұстаздың көбі нәзік жандар. Әкесі үнемі жұмыста, күнұзағына анасының қасында. Перзент ер адамның қамқорлығын аз көруде. Сондықтан, балаға әкесімен бір мезгіл доп тебудің өзі – үлкен бақыт. Осылайша, бір сәтке әке мейірімін сезіне алады.

«ЖАҚСЫ ӘКЕ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ…»

Бір досым бар. Әкесі сегіз айлығында өмірден озған. Мүлдем көрмеген, суретінен ғана таниды. Қазір өзінің екі ұлы бар. «Әкемді көру бақыты маңдайыма жазбапты. Енді, екі ұлыма жақсы әке болғым келеді. Өзім көрмеген мейірім-махаббатты соларға берсем деймін» деп күрсінеді ол. Тағы бір досым қанша жылдан бері перзент күтіп жүр. Әке атанғысы келеді. Бар жиған-тергенін соған жұмсап, оқытып, елдің қамын ойлайтын азамат қылып тәрбиелеуді армандайды. Оны көрген сайын, көздерінен әке атануға деген арман-аңсарын көріп, күрсінемін. Ал, келесі бір досымның әкесі біраз жасқа келді. Ол қайда жүрсе де, соны ойлайды. Жұмыс арасында «жалғызсырамасын» деп, әкесіне барып, бірге түстенеді. Оның өзіне берген тәрбиесі мен маңдай терін ақтағысы келіп, шарқ ұрады. Төртінші досым, тағдырдың жазуымен бірнеше рет үйленген. Әр жұбайынан бірнеше баласы бар. Бірақ, балаларын тастап, кейбіреулер сияқты безіп кеткен жоқ. Өз баспанасын бірінші әйелінің атына жазып берді. Одан кейінгісін де ретін тауып баспаналы етті. Әкелік парызын өтеп, барлығына алиментін уақытылы төлейді. «Баланың кінәсі жоқ. Олар ештеңеден тарлық көрмей өскенін қалаймын. Қараспай басымды алып қашсам азаматтығым, қане?!» дейді үнемі. Осындай достарыммен мақтанамын…

Иә, бұл төртеуі менің ең жақын сыныптас достарым. Олар осы жазбаны оқып отырған оқырманның арасында да болуы мүмкін ғой…

«ҚАСЫМНАН КЕТПЕҢІЗШІ…»

Бұрынғы әкелер алыс сапарға шығарда үлкен ұлына «Балам, сен мен оралғанша осы үйдің ер-азаматысың. Анаңа көмекші, бауыр-қарындасыңа қамқор бол» дейді екен. Мұны естіген бала да, сол сенімді ақтауға тырысқан. Бұл да әр әкенің қаперінде ұстауға тиісті дүние.

Мынадай бір аңыз бар. Бірде әкесі ұлынан «Балам, кім күшті мен бе, сен бе?» деп сұрапты. Сонда ол «Мен күштімін» десе керек. Әкесі таң қалып, екі-үш рет қайталап сұраса да, баласы сол жауаптан танбапты. Көңілі түсіп, бірнеше адым жүріп кетіп, соңғы рет сұрайды. Сонда ғана баласы «Әке, сіз күштісіз!» депті. Түсінбей, таңырқап тұрған әкесін құшақтаған ұлы «Сіз қасымда болсаңыз менен күшті жан жоқ. Сәл алыстап едіңіз, әлсіреп қалдым. Сондықтан, қасымнан кетпеңізші…» деген екен. Отбасы мен баласын қиып, ажырасуға баратын әр әке осыны есінде сақтаса, құба-құп…

Ертеде бір әйелдің күйеуі қайтыс болыпты. Оның даналығы сондай, қайтқан жолдасының ескі бешпетін қабырғаға іліп, қалтасына ақша салып қоятын көрінеді. Балалары ақша сұраса, «әкелеріңнің қалтасынан алыңдар» дейді екен. Отағасының жоқтығын білдірмей өсіру – осындай тағдырлы әйел затына ортақ парыз.

«ӘКЕГЕ ҚАРАП, ҰЛ ӨСЕР…»

Бұл сөздің де мағынасын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Әкенің әр басқан қадамы мен өзін ұстауы, отанасымен қарым-қатынасы, қоғамдағы қызметі және басқа да қасиеттерін бала тұла-бойына сіңіріп өседі екен. «Мен аузы дуалы, пәтуәлі сөз айта алатын, қоғамда өз орны бар тұлғаларды кемінде әр мереке сайын үйіме қонаққа шақырамын. Алдына барымды қойып, шамам келгенше сыйлаймын. Балаларым мен бірге үстел басында отырып, оның әңгімесін тыңдаймыз. Сұрақ-жауап алысамыз. Перзенттерім де соған үйренген. «Қонақ келген үйге құт қоса келеді» дейді бабалар даналығы. Оның үстіне, тұлғаның тағылымды әңгімесімен балаларымның ахлағын түзеуге тырысамын. Аз да болса, игі жақсының дәмді сөзін тыңдағаны маңызды. Ертең олар да менің немерелерімді солай тәрбиелегенін қалаймын» дейді көпбалалы отбасының иесі Қанат Шалқымаұлы.

ФИЛЬМДЕГІ ӘКЕ БЕЙНЕСІ

Басты рөлін американдық атақты актер Мэл Гибсон сомдайтын «Кіндік әке» дейтін фильм бар. Есті киноға әуес жұрт тамашалағаны сөзсіз. Онда тағдырдың жазуымен түрмеге түскен әке жалғыз қызына тәрбие бере алмай, өкініштен қан жұтады. Түрмеден шыққанда қызы қалада бұзақылармен жүргенін көріп, өкініші өзегін өртей түседі. Өйткені, ешкімді кінәлай алмайды. Қызы да оны ұнатпай жүреді. Түрмеде қанша бедел иеленсе де, жалғыз қызын мәпелеп өсіріп, оған үлгі бола алмау, бір жылы сөз айта алмау қандай қасірет десеңізші?!.

Ақырында, қызын қарақшылардан құтқару үшін басын бәйгеге тігіп, ажал құшады. Қызының қолында жан тапсырады. Жалғыз перзенті әкесінің өзіне деген кіршіксіз махаббатын кеш ұғады. Отандық фильмдерде де, әрине мұндай мысалдар баршылық. Бірақ, заманауи жастарға әкенің қадірін, әкенің жауапкершілігі мен отбасылық міндетін насихаттайтын осындай тартымды фильмдер керек-ақ…

ТҮЙІН

Әкем бір істің ретін келтіре алмасам, «Мен сенің қасыңда қашанғы жүремін. Өмірге бейімдел. Ертең әкесі түк үйретпепті дегізбе!» дейтін үнемі. Сол сөздері әрдайым есімде. Өзің әке болғаң соң, жетімдігің ұмытыла бастайды екен. Өйткені, перзенттерің алдындағы жауапкершілік, әкеңе деген сағыныштан салмақтырақ екенін сезесің. Кейде түсіме әкемнің сап-сары, иісі бұрқыраған қауыны кіреді. Ондайда, ертеңіне мұрнымнан әке мейірімнің иісі кетпей тұрып, балаларымның жақсы көретін ойыншығын сатып аламын. Кешкілік төсегінің бас жағына қойып, тәтті ұйқыға кетемін…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button