Руханият

Ұлттың асыл мұрасы

Халқымыз орта ғасырларда жас ұрпақты ауыз әдебиеті һәм салт-дәстүрі арқылы тәрбиелеген. Ал, оның негізгі тірегі – ата-бабамыздан қалған асыл мұра, алтын қазына, баға жетпес байлық – тіліміз. Ата Заңда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Еліміздегі өзге жұрт өкілдері баба тілімізді құрметтеп, сөйлеуді үйренуі үшін оларға үлгі болуымыз керек.

Данышпан Абай: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы» деп тіл тазалығына қатты мән берген. Демек, Отанымыздың әр азаматы төл тілінде білім алып, туған жердің тарихын, мәдениетін сол тілде білуі керек.

«Молодежный» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын, балалар мен жасөспірімдердің қазақ тілі мен әдебиетіне қызығушылығын, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» атты Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған мәнерлеп оқудан онлайн байқауы өткізілді. Онда қатысушылардың мәнерлеп оқу шеберлігі, қазақ тілінде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеуі, шығарманы орындау шеберлігі һәм сахналық мәдениеті сынға түсті.

8-10 жас аралығында I орынды Қарағанды қаласы №33 мектебінің 2 сынып оқушысы Әлия Айсабазова иеленсе, 11-13 жас аралығында I орын Қарағандыдағы №4 мектептің 7 сынып оқушысы Лейман Давид пен қазақ бөлімі оқушылары арасында №32 мектептің 5 сынып оқушысы Саида Айтказинаға бұйырды. 14-15 жас аралығында жүлделі I орынға №30 мектептің 10 сынып оқушысы Ангелина Коновалова, қазақ бөлімінен Балқаш қаласының №9 мектеп оқушысы Жанғазы Ақтілек және №25 мектептің 10 сынып оқушысы Ажар Ақылбекова жүлделі орындарға ие болды.

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру, баба тіліміздің бай мұрасын насихаттау, дамыту бағытындағы басқа шаралар алдағы уақытта жалғасады.

Тіл – асыл мұра. «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді», – дейді Ғабит Мүсірепов. Сондықтан, әр адам ана тілін қадірлеуге міндетті.

Айнұр ӘБДІУӘЛИЕВА,

«Молодежный» мәдениет үйінің әдіскері.

Басқа материалдар

Back to top button