Руханият

Терминология немесе тіл сақтаудың төте жолы

(Соңы. Басы өткен санда).

Қазақ тілінің асқан білімпазы – данышпан Ахмет Байтұрсынұлы. Бүгінгі Шерубай Құрманбайұлы айтқан принциптер, ұсыныстарды басшылыққа алып сөзжасам саласындағы әлем терминологтарының, қазақ тілі мамандарының ойларын ескере келе қазіргі замандағы ғылымның, техниканың, технологияның қарыштап дамыған уақытында ұлттық тіліміз әлемдік тілдердің қатарында болсын десек терминология мәселесін соза бермей, тез, нақты іс-шараға кірісуіміз керек.

Сонымен, сөзжасам тақырыбындағы мәселелерді қорыта келе ғылымның қандай саласынан болса да, қай тілден болса да терминге:

1. Өзіміздің бай тіліміздің мүмкіндігін сарқа пайдаланып, тыңғылықты, байыппен, асықпай балама іздеп табуымыз абзал.

2. Ұлттық тілден балама, аударма табылмаса қазіргі заманда ғылым мен технология жағынан дамыған түбі бір туысқан түрік тілінен қарастыру. Бұл тілден терминдер мағынасы түсінікті болғандықтан, тілімізге тез енеді.

3. Араб, парсы, латын тілдерінен.

4. Еуропа, орыс және басқа тілдерден.

5. Келесі мәселе: кірме сөз, жат сөз, бөгде сөздерді тілімізге қалай енгіземіз. Басқа тілдерден, әсіресе ғылым, технология, экономика жағынан дамыған елдерден сөзалмасуды заңды үрдіс деп санау қажет. Әрине, олардан алынған терминдердің тұпнұсқасы негізінен сақталып, ана тіліміздің заңдылықтарына барынша икемделіп алынуы жөн болады. Ол үшін міндетті түрде латын әлипбиіне көшкенде Ахаңның 28 дыбысын ғана қалдырып, орыстың бірде-бір дыбысын енгізбеу керек.

Мен басқа тілдерден кірген сөздерді дұрыс жазу үшін қазақ тілінде жоқ орыстың төрт дыбысын (в, ф, х, һ) әлипбиде қалдыру керек дейтіндерді түсінбей-ақ қойдым. Олар не қазақ тілінің жаулары, не бастарының үлкен кемшілігі бар қазақтар болуы мүмкін.

Мен өзге тілдерден сөз алынбасын, термин алмаспасын деген ойдан аулақпын. Егер дұрыс пайдаланса олар төл тіліміздің дамуына, баюына, тіпті, тіліміздің терминқорын қалыптастыруға оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Тек қана ол сөздер негізінен түпнұсқа тілдегі мағынасын сақтай отырып, ұлттық (қазақ) тілдің толық дыбыстық жүйесіне сәйкестендірілуі қажет. Егер де алдағы бекітілетін латын әліпбиін орыстың бір дыбысы қалып қойса, жоғарыдағы жақсы тұжырымдардың бәрі далаға кетеді, баяғы сорлы қалпымызда боламыз.

Термин, сөзжасам мәселесінде еліміз үшін ерекше жағдай бар. Ол осы уақытқа дейін, кез келген өзге тілден енген сөздер, тек қана орыс тілі арқылы келген. Заман солай болды. Және ол уақытта қатаң орыс тілінде қалай айтылса, солай жазылып айтылатын заң бұйрықпен іске асырылды. Сондықтан, біздің санамызда, тіпті, ойымызда, көз алдымызда сол қалпында ұялаған, одан құтылу оңай емес. Бірақ, одан құтылмай термин тақырыбы бос сөз күйі қала береді.

Енді біз орыстың сөзін де өзге ел тіл ретінде дұрыс қабылдауымыз қажет. Мысалы, физикада «hol» деген сөз (термин) бар. Бұл сөздің мағынасы электрон орнынан ығысып кетсе, оның орнын ағылшын тілінде «hol» дейді. Осы сөзді (терминді) орыстар тікелей аударып «дырка» деп алған. Біз «дырканы» – орыс тілінен «тесік» деп аудардық. Күлкілі жағдай болды. Бірақ, біраз уақыт солай айтылып құлақ та, көз де үйреніп алды. Шындығында, мағынасы мүлдем дұрыс емес, онда ешқандай тесік жоқ, электрон ығысып кеткенде оның орны теріс зарядталады. Келесі мысал: «Дегрейшын» деген сөз бар. Ол бірнеше электрондық деңгейлердің энергиясының бірдей болып, ажыратылмайтын жағдайы. Осы ағылшын сөзін орыстар «вырожденный» деп аударған. Орыстың бұл сөзі нақты бірнеше сөзбен аударып «берекетсізді», «азғындаған» деп физиктер тікелей аударып шатасып жүргеніне 40-50 жылдай болды. Осы жолдардың авторы 10-15 жылдан бері ол сөздің физикалық мағынасы «тоғысқан» болатынын дәлелдеп келеді.

1972 жылы редакцияның ұсынысымен Қазақ Кеңес энциклопедиясына орысша «полупроводник» деген физикалық сөзге мақала жаздым. Қатты дене физикасы саласының негізгі бір үлкен мақала тақырып еді. Ағылшын тілінде «semiconductor» деп айтылады. Мен мағынасына қарай «шала өткізгіш» деп аударып едім. Ол кездегі редакция мүшелері орыс тілінен тікелей аударып, «жартылай өткізгіш» деп энциклопедияға енгізіп жіберді. Қазір көпшілік физика қауымы «шала» деген дұрыс деп, кейінгі 5-10 жылда қабылдап жүр. Бұл кристалдар электр тоғын жартылай өткізбейді, егер дененің температурасын төмендетсе электр тоғын өткізбейді, ол жоғарлатылса керісінше толық өткізеді.

Ғылымның әр саласы бойынша қандай терминдердің қажеттігін сол саланың мамандары ұсыну керек. Шет тілдерден енген терминдерді сала мамандары жасап, олар өз еңбектерінде пайдаланып, терминге қойылатын талаптар толық ескеріліп, сұрыптаудан өткізіп барып терминді жақсылап, тіл мамандарымен ақылдасып бекіту абзал.

Біздің елдің билік басында, Жоғары жақта отырған шенеуніктер неше түрлі адамның ойына келмейтін қызық істер жасап жатады. Мектептің жоғары сыныптарында физика, математика, биология, химия, информатика сабақтарын ағылшын тілінде оқуға бұйрық шығарып қойыпты. Сонда біз мемлекеттік тілді қалай дамытамыз? Қазақтың ғылыми тілін қалай жасаймыз, ғылым тілінің қайнар көзі терминді қалай дамытамыз, ұлт екенімізді білдіретін ең құнды қазынамыз, мемлекетіміздің басты белгісі қазақ тілін ел Президенті Қ.Тоқаев айтқандай қатынас тілі болуына қалай қол жеткіземіз?

Эстондар өз тілінде физикадан ғылыми семинарларда баяндама жасағанда таза эстон тілінде сөйлеп тұрғандай естіледі. Біздікіне ұқсап жарты сөзі шет тілінің сөзі болып естілмейді. Себебі, олар өзге ұлттар сөзін сингармонизм және басқа да заңдылықтарды пайдаланып, қаптаған кірме сөзерді өз сөздері етіп жіберген.

Терминология туралы мақала жазам деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмес еді. Алматыдағы №12 мектеп-интернатта оқып жүргенде математиканы жақсы көретінмін. Марқұм Мұғайым Беков деген ұстазым болды. Керемет жақсы ұстаз еді. Сабағын балалар түсінбей қалды ма деп жаны шығардай болып жүретін. Ол анық сезілетін біздерге. Беков орта бойлы, қараторының әдемісі еді. Кейде оқушылардың көбісі түсінгенін сезсе бетінен нұры төгіліп, риза болатын. Немесе – керісінше. 8 сыныпқа келгенше мен неше түрлі жарыстарға, олимпиадаларға қатысып, республика бойынша І орын алып жүретінмін. Мені ол кісі өте жақсы көретін.

Содан 8 сыныптың екінші жартысынан кейін математикадан басқа мұғалім келді. Ол бұрынғыдан жасы үлкендеу, жай сөйлейтін, соғыстан аман келген адам. Сабақ беріп тұрғанда көңілін бұзып жіберсең, не сұрақ беріп қалсаң «нтак-нтак» деп кекештеніп қалатыны бар екен. Мен кішкентай қате болса, жүгіріп барып мына жері дұрыс емес деп көрсетсем, «нтак-нтак» деп тұрып қалады. Оны қызық көріп, балаларды күлдірем деп қайта-қайта сондай жағдай бола берді. Маған орныңнан қозғалмай, тыныш отыр деп ұрысады. Мен қоймаған соң, арамыз жақсы болмады. Бақылау жұмысы болғанда, есепті бірінші шығарамын, басқалары көшіріп алады. Жаңағы менен көшіріп алғандар «5» алады, менің дәптерімнің бірнеше жеріне қызыл қойып «4» қояды. Содан мен есепті бірінші шығарып, сыныпта тексертіп, «болса менің қатемді көрсетіп, бағасын қойып, дәптерімді маған тастап кетіңіз» дейтін болдым. Менің тәртібім де онша жақсы болмады. Бірде дәретханада темекі тартып тұрғанда ұстап алды. Бір күні мектеп директоры Айдарбеков деген ағай мені шақырып, ескерту жасады. Тағы да бірнеше жағдайлар болды.

Мектепте оқып жүргенде математикадан басқа тарих сабағын физика, орыс әдебиеті пәндерін жақсы оқитын едім. Жазда ауылға келгенде ойланып осы 3 сабақтан физиканы таңдадым. Келесі жылы математиканы қойып, физикаға ауыстым. Физикадан С.Нұрманов деген мұғалім сабақ беретін еді. Сонымен, 1956 жылдан бастап 60 жылдан артық уақыт физика саласында оқып, ғылыми зерттеумен шұғылданып келемін.

Сабырғали Нұрманов үлкен, қапсағайдай етженді, жай сөйлейтін, мінезі салмақты, сабағына өте ұқыпты, жазуы әдемі, физиканың өрнектерін әдемілеп жазып, оған өзі керемет риза болатын. Мені физикаға ғышық еткен сол ұстаз еді. Ол «физика қиын сабақ емес, негізіне терең ден қойып түсінсе өте қызық пән, физиканың қызық болмайтын себебі мұғалімнен, сабақты оқушы қызығатындай өткізбегендіктен» дейтін. Қазір мен де солай ойлаймын.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын 1964 жылы жартылай қазақша, жартылай орысша бітіріп, Эстониядағы Тарту университетіне барғанымда физикадан сөздік құру деген ой еріксіз, кездейсоқ пайда болды. Себебі сол уақытта бізде қазақ мектептері жабылып, жоғары оқу орындарындағы қазақ топтары қысқарып жатқанда, Тарту университетінің физика факультетіндегі жалғыз орыс тобын жауып жатқан. Сабақтың бәрі эстон тілінде (біздегі сияқты жартылай қазақша-орысша емес) өтетін. Тарту қаласында жалғыз орыс мектебі (бізде Алматыдағы жалғыз №12 қазақ мектебі жабылған) болды. Ғылыми зертханаларда, семинарларда орыс сөзі (тіпті ағылшын сөзі де) естілмейді, тек эстон тілінде сөйлейтін. Мен үшін таңданатын жағдай болды, әрі-бері ойланып, мен де әр сөздің қазақша баламасын іздей бастадым. Осы ізденіс 1964 жылдан басталып еді.

Содан 1969 жылы Алматыға оралып, өзім оқыған ҚазПИ-дің физика факультетінде теориялық физика пәнін қазақша оқи бастадым. Бір-екі жылдан кейін қазақ совет энциклопедиясы шыға бастады да, оған мақала жазуға шақырды және ол энциклопедияның 1972 жылдан бастап аяғына дейін физика саласы бойынша редколлегия мүшесі болдым. Осы кезден бастап сөздік жинауға саналы түрде кіріскен едім. Елу жылдан артық уақытта біраз сөз жиналып қалған екен. Белгілі бір мақсатпен жиналмағаннан кейін көшіп-қонып жүргенде біразы жоғалып қалыпты. Сөздік кітап шығарамын деген ойда болмаған еді.

Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейін, «Тіл туралы» Заң шығасымен физика мамандығы бойынша факультетте қазақ бөлімін (топ емес) аштым. Ол уақытта физика факультетінің деканы едім. Қазақ тілінде сабақ жүргізетін оқытушылар жоқ. Барлық оқытушылар жылай бастады. Содан жинаған сөздерді тауып, физика терминдерінің орысша-қазақша аз таралыммен университет ішінде қолданатын сөздікті тездетіп шығардық. Сол кітапты шығарған кезде термин деген ұғыммен таныстым. Содан басқа университеттердің физика факультетінің көптеген оқытушылары, профессорларынан сөздік шығару туралы өтініш, сұраулар қаптап кетті.

Ол сөздікті шығару оңай шаруа емес екен, міне, сонда терминология жөнінде оқи бастадым. Өйтіп-бүйтіп жүріп 500 таралыммен 2014 жылы шығардым-ау, «Физика терминдерінің орысша-қазақша сөздігі» деген кітапты.

Осы кітапты шығару барысында термин жөнінде сонау Алаш білімпаздарынан бастап, қазіргі термин мәселесімен тікелей айналысып жүрген А.Қайдаров, Ә.Айтбаев, Ш.Құрманбайұлы және басқа ғалымдардың еңбектерімен танысып, бұл тақырыптың маңыздылығын, өзектілігін қазіргі таңда уақытты созып алмай кірісу керектігін түсініп, осы мақала терминологияның мамандарына және қазақ тілі жанашырларына нақтылы іс-шараларға жұмылдыру қажеттігін ортаға салу мақсатында жазылды.

Бұл мақалада мен, әрине, ешқандай жаңалық ашқаным жоқ. Термин мәселесінің ұлттық тіліміздің дамуына, өркендеуіне, сөзжасамның, терминологияның дамуына зор әсер ететінін ескере отырып, оның арғы жағында тіліміздің тағдыры, келешегі тұрғанын, терминнің қазақ тілінің өн бойына қан жүгіртіп, оны қуаттандыратын, әрлендіретін, түрлендіретін, байытатын маңызды мәселеге бейжай қарамай, бүгінге дейінгі түрлі пікірлерді қорытып терминологтар, тіл мамандары, тіл жанашырлары бас қосып, негізгі ұстанымдарды саралап алуға түрткі болса деп ойлап едім. Ол үшін келесі ұсыныстар болады.

Ондай шаруаны іске асыру үшін біріншіден: 10-15 адамнан (одан да көп болуы мүмкін) тұратын филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА толық мүшесі академик Шерубай Құрманбайұлының басшылығымен ұйымдастыру алқасы құрылса. Оның құрамына терминшілер, қазақ тілі мамандары, ғылым салалары мамандары қамтылса. Бірақ, ол адамдар атағына, лауазымына, бұрынғы беделіне, жасына қарамай бүгінгі күні сөзжасам мәселесімен шұғылданып, тер төгіп жүрген, жан-тәнімен осы өзекті мәселеге өз еркімен берілген болу керек. Ұйымдастыру алқасының міндеті:

1. Қазақ сөзжасам ғылымының негізгі ұстанымдары термин сөздерін қалыптастырудың ғылыми принциптерін құрылтайға ұсыну.

Әлемде терминжасам әдістемелерінің негізгі заңдылықтарын біздің қалай қабылдауымыз туралы ұстанымын қалыптастыру.

2. Келесі құрылтайды ұйымдастыру.

Екіншіден, барлық терминологияға қатысты мәселелерді мемлекеттік деңгейде басқару және ұйымдастыру, бекіту жұмыстарын іске асыратын республикалық деңгейдегі Мемлекеттік орган терминология комитеті құрылу керек, және ол комитет тікелей міндетті түрде Президент аппаратының немесе Премьер министрдің құзырында болу абзал. Ол бекіткен терминдер міндетті түрде үкімет қаулысымен бекітіліп, мемлекеттік жеке меншік органдарына бүкіл республика көлемінде іске асырылады. Сонау заманда Францияның терминология жұмысын ел президенті Миттеран басқарған. Қазір Францияда тіл полициясы бар!

Үшіншіден, сөзжасамға (терминологияға) арналған республикалық арнайы журнал болғаны дұрыс. Ол журналда әрбір жаңа сөз, термин жарияланып, ашық пікір алмасу және бекітілген сөзердің тізімі міндетті түрде жарияланып тұру қажет.

Темірғали КӨКЕТАЙ,

«Халықаралық Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры.

Басқа материалдар

Back to top button