БаспасөзРуханият

Басылым жанашыры

Өзінің «Facebook» парақшасы – Жаңаарқа ауданының тыныс-тіршілігінен хабар береді. Одан бөлек руханияттың легі үзілмейді. Ақын Сайлаухан НӘКЕНОВТІҢ жалынды жырларын да жұрт назарына үнемі әрі үзбей ұсынып отырады. Мұнысы да – еңбек. Осының барлығы жаңаарқалық ұстаз Нұргүл ШАМАЕВАНЫҢ шарапатты ісі.

Біздің «Орталықты» сыныбындағы 23 баланың ата-анасына өз қаражатына жаздырыпты. Оны жария етпепті. Ата-аналары да бұдан мүлдем хабарсыз. Тосын-сый болсын деген ойы екен. Бұнысына бас иіп, алғыс айтуға әбден болады. Демек, 23 шаңырақ «Орталықты» оқиды. «Газетке күштеп жазғызады» деп заң соғып жүрген кей ұстаздарға бұл үлкен үлгі болмақ. Ұстаз ұлтты тәрбиелейді десек, онда Нұргүл нағыз ұлт жанашыры…

«Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген тәмсілді де ескеріп, 9 көршісін де біздің газетке жазғызып, түбіртектерін қолдарына табыстапты. Онсыз да Нұргүлдің қоғамдық жұмыстарға білек сыбана кірісетінінен хабардар олар бұл игілікті ісіне ризашылықтарын білдіріпті.

Ол ол ма? Жомарт жандардан өтініп, қаражат жиып, ардагерлер мен көп балалы аналарды да газетімізге жаздыруды ұмытпапты. Бұдан елге деген ыстық ықыласын аңғарсақ, екінші тұсы газет оқырманының санын арттыруды да көздеп отыр. Сөйтіп, Нұргүл ұстаз елдің шынайы алғысын арқалаған жайы бар. Газет – халықтың көкірек көзін ашады деп бір қарасақ, елдің рухани кемелденуіне жол бағыттайды деп тағы бір балайық. Ол – ормандай оқырманы бар «Орталықтың» кәнігі үрдісі. Бұдан хабардар Нұргүлдің нұрлы ісін, ұстаздар қауымы үлгі тұтса игі…

Жоғарыда Нұргүлдің әлеужеліде белсенді екенін айттық қой. Соған тағы тоқтала кетсек. Анығында ол Жаңаарқа жаңалықтарын сол жақтың газеті, баспасөзінен бұрын жұп-жұмыр, жып-жинақы жеткізеді десек, артық айтпаймыз. Қоғамдық шаралардың қай-қайсында болсын Нұргүл төбе көрсетеді. Оны сол мезет тағы да парақшасына жариялап, оқырмандарымен бөліседі. Бұл да ұстаздың ерекше ұстанымы болса керек.

Жазиралы Жаңаарқа өңірінен бөлек, жалпы Арқа ардақтыларының еңбегін де жиі жариялап, парақшасында тек маңызы мол жазбалармен бөліседі. Оның парақшасынан ой түйесіз. Рухани байып шығасыз. Міне, Нұргүлдің шағын образы – осы.

Жарайсыз, Нұргүл Шамаева!

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button