Жаңалықтар

27. Доскейдегі дүмпу: Иесіз үй қалмайды

Олег есік алдындағы темір гараждың ауыр қақпасын күшене ашты. Әдетте, көлік тұруы тиіс гараждың іші тола ағаш, көмір. Әр жерден тамызыққа деп жинаған картон қораптар да текшелей жиналып тұр оң жақ бұрышында. Қолындағы қос шелектің біріне – ағаш, біріне көмір толтырып, қалақтай картонды қолтығына қысып, үйге қарай беттеді. Бес қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтерінің табалдырығынан аттағанша едәуір ентігіп те қалды. Әкелгенін кіреберістегі пештің алдына қойып, бірауық демін басып отыра тұрды. Еріне қимылдап, қақпағын ашты…

«Әй, бұл машақаттан да құтылатын күн алыс емес-ау…

Шіркін, қаладағыдай қысты отын-суға алаңсыз өткізгенге не жетсін?!»

… Бұқар жырау ауданының Доскей ауылындағы Доскей көшесі, №39 үйдің тұрғыны Олегтің күн райы суытқаннан әр таңы осылай басталады. Отыз жылға жуықтады. Жұмысқа кеткенше түнімен азынап кеткен баспанасын жылытып үлгеруі керек...

ҚОЛДЫҢ КҮЙЕСІ КЕТЕР КҮН ЖАҚЫН

Олег тұратын үй – бес қабатты, қырық пәтерлі. Кеңес өкіметінің шаңырағы ортасына түсіп, арбасы доғарылған тұста Доскейдегі өзге де көпқабатты үйлер сынды бұл да жылусыз қалды. Қиындықтан қашқан жұрт биік үйден үдере көшті. Тек, 39-шы үйдің тұрғындары ғана соңына дейін күрескенді жөн көріп, тығырықтан шығар жол іздеді. Іргедегі қалаға барғанда жайлы қоныс қайдан табылсын?! Қарағанды да асын подъезд алдындағы алауға пісіріп, жарық-жылусыз отырған еді ол кезде… Сөйтіп, Олегтің қырық көршісі қырық пешті пәтер ішіне орнатып алды. Бірі құдық пеш салды, ендігісі «буржуйка» қойды дегендей. Ал, маңайдағы 5-6 үй қараусыз қалды. Әйтсе де, бұл иесіз үйлер қырық пәтердің қажетіне жарады… №39 үйге көшіп келгенде ешкім кейін отынқора керек болатынын болжап білмегені ақиқат. Тіпті, алып империя күйреп түсетіні үш ұйықтаса да түсіне кірмеген жұрт пешке қарап қаларын сезіп пе… Пеш болған соң оған көмір қажет, ағаш қажет. Ал, мұнда отын-су сақтайтын жер жоқ. Сонда көрші маңдағы үйлердің бірінші қабаты отынқораға айналып шыға келді. Осы үйдің Ержан есімді тұрғыны сол жылдарды ерекше тебіреніспен еске алады.

– Жанымыздағы, қарсы беттегі үйлер түгел бос қалды. Біздің көршілер ғана кеңесіп, көшпеу туралы шешім қабылдадық. Барлығымыз пеш салуға кірістік. Пеш ті тұрғызғанда да бір қабырға принципі бойынша салдық. Әйтпесе, әрқайсымыз пәтеріміздің әр тұсынан қаласақ, аралық блоктар біраз уақыттан кейін кірпішті көтере алмай, опырылып түсуі мүмкін еді. Ал, отынды жанымыздағы, бос қалған №38 үйдің бірінші қабатында сақтадық. Әркімнің өз бөлмесі болды. Таңертең елдің бәрі қолына шелегін ұстап, шанасын сүйретіп, сол үйге ағылып бара жатушы еді, – дейді Ержан.

Қазір де №39 үй тұрғындары пеш жағу күйбеңімен жүр. Дегенмен, жақын уақытта Олег пен Ержанның көршілерінің қолы күйеден тазаратыны анық. Доскейде модульді жылу қазандығы салынды. Қараусыз қалған үйлер жөнделіп жатыр. Міне, осы үйлермен бірге 39-шы үй де орталық жылу желісіне қосылмақ…

ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ДЕ АРНАЛҒАН ЕКІ ҮЙ БАР

Иә, Доскейдің кіреберісіндегі бірнеше үй жылдар бойы қараусыз қалды. Үңірейген терезелер көрген жанның зәре-құтын алып, небір сұмдықты ішіне түйіп тұрғандай көрінетін. Бұл – жалғыз Доскейдегі жағдай емесі белгілі. Облысымыздың әр тарабында тоқсаныншы жылдардан бері бос тұрған ғимараттар жетерлік. Бір шүкіршілігі – кейінгі жылдары осы үйлер жөнделіп, ел игілігіне жарап жатыр. Доскей – жарқын мысалы. Биыл қаңтарда жылдар бойы отынқора міндетін атқарып келген Доскей көшесіндегі №38 үй мұқтаж жанға тапсырылды. 40 әулет баспаналы болды. Енді, ақын есімін иеленген №40, 41, 42 үйлер күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл үйлердің екеуі аудандық әкімдік иелігінде болса, бірі облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы балансына берілген. Яғни, әкімдік бұл пәтерлерді арендалық негізде түрлі санаттағы тұрғындарға тапсырса, басқарма баспана кілттерін мәдениет саласының өкілдерінің қолына ұстатпақ. Доскей ауылдық округі әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі Нұркеш Шакманов үш нысандағы жұмыс қыс бойы жалғасатынын айтты.

– Бұл үйлердегі жұмыстар жазда басталды. Наурыздың соңында аяқталуы тиіс. Бекітілген кесте бар. Барлығы – 140 пәтер. Яғни, келесі жылы 140 отбасы баспаналы болады сеніміміз зор. Жылыту желісі модульді қазандыққа қосылады. Жаңа сіз көрген №39 үй де сол қазандықтан жылу алады. Бүгінде тұрғындармен кездесулер өткізіліп, барлық жағдай түсіндірілді, – дейді Нұркеш Нұрланұлы.

Аулалар абаттандырылып, қазіргі заманғы талаптарға сай жабдықталады. Балалар ойын алаңдары, футбол, баскетбол, басқа да спорт алаңдары беріледі. Жарық шамдары орнатылып, тротуарлар төселмек. Сондай-ақ, бөлім меңгерушісінің айтуынша, Доскейдегі үйлерді қалпына келтіру жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Бейбітшілік көшесіндегі №1, 2 үйлер облыстың денсаулық сақтау басқармасына беріліп отыр. Ол үйлерге дәрігерлер қоныстанады. Және тағы үш үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы түзілуде. Егер, қаржыландыру көзі шешіліп кетсе, келесі жылы Доскей баспанамен қамту көрсеткіші бойынша облыстағы ауылдар арасында алдыңғы қатарға шығуы бек мүмкін дейді ішкі түйсігіміз. Доскейдегі құрылыс дүмпуінің арқасында иесіз үй қалмайтынына да сендік.

ҚҰРЫЛЫСШЫ ЕҢБЕГІ ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ

Мұндағы бір нысанның жөндеу жұмыстарын «Райс kz» ЖШС міндетіне алыпты. Бригадир Жанарыс Бекжановты көпқабатты үйдің жертөлесінен кездестірдік.

– Жұмысты жазда бастадық. Ішкі бөліктерін бұзып, қайта қалап жатырмыз. Дайын күйінде тапсырамыз. Жаңа қожайын тек шабаданын көтеріп кіре салады. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бұйыртса, наурыздың соңында бар шаруаны тәмамдаймыз деп отырмыз, – деген Жанарыстың бригадасында 16 жігіт бар. Тас қалаушы, сылақшы, дәнекерлеуші, металл кесуші мамандардың әрқайсы – өз ісінің шеберлері. Ерлан Аймұрзаев есімді азамат та бұл нысанда жоба басталғалы еңбек етіп келеді. Міндеті – кірпіш қалап, қабырғаны тегістеп, әктеу.

– Құрылысшы – ежелгі мамандықтардың бірі. Біздің маңдайымызға құрылысшы болу жазылыпты. Кірпіш қалау қырағылық пен ептілікті қажет етеді. Ертең қалаған қабырғаң қисық шығып, опырылып, кісі жазым болып жатса, обалы өзіңе тиеді. Сондықтан, басқа да жігіттер сияқты мен де кірпіш қалау, қабырға тұрғызу ісіне жауапкершілікпен қараймын. Артымыздан қаңқу сөз ермегенін қалаймын, – дейді кәнігі құрылысшы.

Қыстың көзі қырауда қолына қалақ ұстап, маңдайы тершіген жігіттердің қи мылына бәрекелді демеске лажың жоқ. Ел игілігі үшін еселі еңбек етіп жүрген азаматтар қандай құрметке де лайық екені анық. Өңірлеріне бір-бір сөлкебайдан қадап берсе де сөкет көрмес едік… Биыл құрылыс саласында Қарағанды облысы егемендік жылдарында алғаш рет бұрын-соңды болмаған рекордқа қол жеткізді. 662 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Жаңа шағынаудандар салынды. Баспана құрылысы былтырғымен салыстырғанда 25 пайызға өсті. Әрине, бұл әр пайыздың артында Жанарыс пен Ерлан сынды жанкешті жігіттердің тамшылаған тері жатқаны анық…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

СУРЕТТЕРДЕ: 1. Бригадир Жанарыс Бекжанов, Доскей селолық округі әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі Нұркеш Шакманов және құрылысшы Ерлан Аймұрзаев жұмыс барысын кеңесуде. 2. Жөндеу жұмысы жүріп жатқан Доскей көшесі, №40 үй. 3. Доскей көшесі, №39 үй тұрғындары Олег пен Ержан есік алдында. 4. №39 үй тұрғындары отын сақтайтын гараждар.

Суреттерді түсірген автор.

Басқа материалдар

Back to top button