Руханият

Қазақ даласындағы емдік шөптер

Қазақ даласында ықылым замандарда дәрігер болмаған. Бірақ, емшілер мен сынықшылардың болғандығы әмбеге аян. Бала кезімде жүкті әйелдің ішіндегі баланы бәкісімен бөлшектеп алып шыққан емші жайлы әңгімені естіген едім. Ол кезде бала болдық қой. Кейін сол қариялардың көз жұмарын, айтылған әңгімелердің өзімізге керек боларын ол кезде білмеппіз…

Біздің ауылда Үйсінбай деген қария болды. Ол кісі шөптің мыңдаған түрін жатқа білетін. Бірақ, сол білімімен бөліспей кетті. Іштарлықпен сөйтті дейсіз бе? Қызыққан жан болмаған соң, шөбін теріп жүре берді де. «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» кеткен заман еді ғой ол кездер…

Қазақ жерінің асты да, үсті де бай. Қойнауы қазынаға толы өлкенің жері де шұрайлы. Небір өсімдіктер жайқалып өсіп тұр. Жалпы, емдік шөп дегеніміз білгенге – ем, білмегенге у дүние ғой. Оның мөлшерін, қай мезгілде пайдалану керектігін дөп басу қажет. Қолымызға түскен ақпаратқа сенсек, қазақ даласында 500-ден астам емдік шөп бар деседі. Енді, сол шөптердің біразына тоқтала кетейік.

Алабота

Бұл менің білуімше, бір жылдық шөп. Кей жылдары ауыл маңына ерекше қаптап кетуші еді. Егіншілікпен айналысатындар оны арамшөп тұқымына да жатқызады. Егін алқабында өсіп тұрған алаботаны өз көзіммен көргенім бар. Қазақтар осы алаботаны қайнатып, сабын жасаған екен.

Киікоты

Киікоты – көп дүниеге ем.

Еліміздің кей өңірлерінде күбіні осы киікотымен ыстайды.

Бала кезімде әжем бізге киікотыны тергізетін. Себебі, әжемнің буындары ауырушы еді. Сөйтіп, бала-шағасы жинап берген киікотыны қайнатып, бұлауға түсуші еді жарықтық.

Қан қысымы бар адамдар осы киікотыны демдеп ішсе, қысымы бірден қалпына келеді деседі. Оны ішіп, «Қақырығым түсіп, жақсы болып қалдым» деп жүрген талай жанды көрдік. Киікотының жапырағын арақ-шарап өндірісіне қолданады дейді. Бұл шөпті еліміздің кей өңірлерінде «Көкемарал» деп те атайды.

Меңдуана

Қазақтың оңды-солды сөйлей салатын адамдарға қарата «Меңдуана шайнап алғансың ба?» дейтіні бар. Соған қарағанда бұл өсімдіктен адамды елітетін «дәрі» жасауға болатын сыңайлы. Пушкиннің «Алтын балық» жайлы әйгілі ертегісінде кемпірінің тойымсыздығына, санаға сыймайтын талаптарына ызаланған шалдың «Что ты баба, белены объелась?» дейтіні бар. Сондағы айтып отырған «беленасы» – осы меңдуана.

Біздің көзіміз үйренген, ақшыл, сұрғылт гүлі бар меңдуанамыз «сасық меңдуана» деп аталады. Медицинада сасық меңдуанадан алынған препаратты өкпе демікпесі, тыныс алу жүйесі, теңіз және биіктікке бейімделе алмауға байланысты ауруларға қарсы пайдаланады.

Бұл өсімдіктің «қара меңдуана» деп аталатын екінші түрі де бар. Ол еліміздің барлық аймағында өседі. Қара меңдуанадан жасалған препараттар жүйке жүйесін тыныштандыруға, аяқ-қолдың дірілін басуға қолданылады. Өсімдік жапырағының ұнтағы «Астматол» препаратының құрамына кіреді, ол кеңірдектің демікпе ауруына қарсы пайданылады. Меңдуана майы адамды тыныштандыруға, сондай-ақ, ревматизм, радикулит ауруларына қарсы қолданылады. Үлкен кісілерден «әбден пісіп тұрған меңдуананы жеп қойған мал уланып өледі» дегенді естігенмін.

Мыңжапырақ

Кей аймақтарда бұл өсімдікті «Ақ басты гүл» деп те атайды. Өсімдіктанушылар бұл гүлді жусан тұқымдас шөптерге жатқызып, «Ақбас жусан» дейді. Елімізде оның оннан астам түрі бар екен. Құрамында ахиллеин алкалоиді, эфир майлары, камфора, туйон және құмырсқа, сірке, валериан, аконит, аскорбин қышқылдары, С, К дәрумендері, фитоцидтер, спориттер бар.

Ата-бабамыз бұл шөпті көбіне өтке тас жиналғанда, бауыр ауруларына қарсы, өкпенің қабынуына, геморройды емдеу мақсатында қолданған екен. Жапырақтарын қан тоқтату мақсатында да қолданады. Осы бағыттағы дәрі-дәрмектерге пайдаланылады. Қазіргі медицинада мыңжапырақтың рөлі артпаса, кеміген жоқ.

Жалбыз

Бұл шөптен жасалған дәрілер адамның бар ауруына ем десек, қателеспейміз. Түйілуді басатын, өт айдайтын, тырысуды тарқататын, тыныштандыратын, қабынуға қарсы, ауруды басатын әсерге ие. Ас қорытуды жақсартады, тәбетті ашады, асқазан сөлінің қышқылдығын төмендетеді, лоқсуды әлсіретеді, асқазанның түйілуін қайтаратыны және бар. Жалбыздан әзірленген шай ішсеңіз, қақырық түсіруге, жүйкені нығайтуға көмектеседі. Ішек құртын түсірудің ең қарапайым жолы да осы жалбыз шайын ішу екенін есіңізден шығармаңыз. Қыз-келіншектердің бет терісінің күтіміне байланысты маскалардың да түр-түрін осы жалбыздан әзірлеуге болады. Себебі, құрғақ терілерді ылғалдандыратын қасиетке ие деседі. Қыз-келіншектердің етеккірі қалыптан тыс көп келген жағдайларда да осы жалбыздың көмегіне жүгінген екен баяғы аналарымыз.

Күшәла

Қазақ даласында өсетін керемет өсімдіктің бірі – осы. Бала кезімізде мешел балалардың мойнына күшәла тағып қойғанды талай рет көргенбіз. Бұл өсімдік сал ауруларына, тері рагына, түрлі сыздауық пен шиқандарға, кеңірдектің қабынуына таптырмас ем екен. Әрине, пайдалану әдісін білсеңіз ғана.

Бір жылдары құлағым ауырған болатын. Сонда бір үлкен кісі «күшәла ұнтағын суға езіп, құлаққа тамызып отырсаң, тамаша ем» деген еді.

Бұрынғы үлкендер беті жансызданып қалған адамның бетіне күшәланы ұсақтап турап, таңып тастайды екен. «4-5 күн сайын күшәланы ауыстырып отырса, айналасы 15-20 күнде адамның бетіне жан кіреді» дегенді де естіген едім.

Күнбағыс

Әңгіме кәдімгі күнбағыс жайлы. Оның тамырын суға әбден қайнатып, сол сумен аузыңызды шайсаңыз, тісіңіздің қақсағаны басылады екен. Тіс етінің қабынуына да осы әдісті пайдаланыңыз. Тек, ескеретін бір жайт бар. Қайнаған суды әбден суытып алыңыз. Әйтпесе, қабынған тіс еттеріңіз жазылмақ түгілі, күйіп қалуы ықтимал.

Бүйрегіңізде, қуық жолдарыңызда тас болса, күнбағыс сабағының өзегін (сабақ ішіндегі ақ еті) суға қайнатып, күніне бір мәрте ішіп отырыңыз. Ал, ішіңіз өтсе немесе нәжісте қан байқалса, 30 грамм күнбағыс тұқымын суға бір сағаттай қайнатып, ішіңіз.

Қалақай

Бұл – түкті өсімдік. Түктерінің түбінде сөлі болады. Адам денесіне жанасса, әлгі түктері сынып, ішіндегі улы сөл шашырайды. Бұл сөл тері қабатын күйдіргендей әсер береді. Халық арасында «Қалақай шақты» деген түсінік осыдан туса керек.

Ертедегі қазақтар жылан шаққанда жараның аузына жас қалақай жапырағын таңған екен. Сондай-ақ, қалақай жапырағын теріге шығатын сүйел ауруларына да пайдаланған. Қалақай қосылған дәрілерді диабетпен ауыратындар ішсе, кептірілген жапырағынан жасалған қайнатпаларды қақырық түсіру және асқазанды тазарту мақсатында ішеді.

Құлмақ

Бұл өсімдікті «пивогүл» деп атайтындарды да кездестіргенмін. Сірә, сыра, квас өндірісінде кеңінен қолданылатын өсімдік болса керек. Халық медицинасында құлмақты тамаққа тәбеті тартпай қалған жандарға берген. Бауыр аурулары мен жүйке жүйелері сыр берген кезде де құлмақ қайнатындысын ішкен. Дәрі жасау үшін оның аналық гүл шоғырын толық ашылып тұрған кезінде жинап алады екен.

Итмұрын

Тау етегінде өсетін өсімдік. Бала кезімізде тікенек бұталарының арасына кіріп кеткен бұзауларды жыларман болып, әрең шығаратынбыз. Сондай кездерде «Адамға бір пайдасы жоқ осындай өсімдікті не үшін жаратты екен?» деп күйінетінімді несіне жасырайын. Күйінбей қайтесің?! Қышқыл дәмді жемісін сүйсініп жей алмайсың, ең болмағанда. Адам үшін пайдалы өсімдік екенін қайдан білейік. Сол итмұрыныңыздың гүлінен шай, жемісінен дәрі-дәрмектер жасалынатын болып шықты. Медицинада, негізінен, асқазан және бауыр ауруларына қарсы ем ретінде қолданылады. Тұмау тиген кезде итмұрынды қайнатып ішсеңіз, ағзаңызды С дәруменімен байытады.

Мия

Есекмия деп айтатындар да бар. Өте өміршең өсімдік. Тұқымы топырақ бетінде 1-2 жыл жатып қалса да, өз күшін жоймайды. Осы мияның «қызыл мия» деген түрі бар. Қытай және Тибет медицинасында сұранысқа ие. Бұл – біржылдық шөп емес. Медицинада 3-4 жылдық қызыл мияның тамыры қолданылады. Себебі, осы уақыт аралығында тамыр өзіне барлық құнарын жинап, толысады екен. Бала кезімізде өсіп тұрған мияны жұлып алып, бір-бірімізді сабалап ойнаушы едік. Сол кезде кейбір мияның тамыры кәдімгі сәбіздердей жуан болатынын байқайтынбыз. Сөйтсек, бір-бірімізді жәй ғана шөппен емес, ақшамен сабап жүр екенбіз ғой. Қара базарда бұл өсімдіктің тамырының тоннасын 600-900 доллар аралығында қабылдайды.

Қызыл мияның тамырында гликозид, сахароза, эфир майы,минерал тұздар, қызыл мия қышқылы, күрделі қанттар және крахмал сияқты көптеген ағзаға қажетті дәрумендер бар. Осы қасиеттеріне байланысты олар медицинада және тамақ өнеркәсібінде қолданылады. Қызыл мия жүрек сырқатына, асқазанға, ішек жарасының он екі түріне ем екен. Дәрілерден, қорғасыннан уланған жағдайда – таптырмас шипа. Тамырының жағымды тәтті дәмі бар. Тәттілігі қантпен салыстырғанда 50 есе жоғары деседі.

Жусан

Жусанды білмейтін қазақ жоқ шығар. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Егемен Қазақстан газетінде «АҚШ-тың Калифорния штатындағы университет ғалымдары ғылыми тілде Artemisia Annua деп аталатын өсімдіктің бір тәулікке жетпейтін уақыт аралығында өкпе рагы жасушаларының 98 пайызын түпкілікті жойып жібере алатын қасиетке ие екендігін анықтады» деген мазмұнды мақала жарияланған болатын.

Осындағы Artemisia Annua – кәдімгі жусан. Ежелгі гректер өсімдіктердің емдік қасиетін ашқан өсімдік құдайы Артемидтің құрметіне осылай атаған екен. Сол замандарда спорт ойындары жеңімпаздарына сыйлық ретінде жусан шырынын ішкізеді екен. Қазақстанда жусанның жиырма шақты түрі өседі. Олардың ішінде азықтық және дәрілік қасиеттері жағынан қара жусан, бөрте жусан және құм жусаны – шағырдың маңызы өте зор.

Қымыздық

Аға-әпкелеріміз қымыздықтың жапырағын шайнап, қышқылынан ләззат алып отыратын. Сөйтсек, оның жапырағында калий тұзы, сондай-ақ, белок, темір және өте көп мөлшерде С дәрумені бар екен. Қымыздық – бауыр қызметін реттеуге, қан тоқтатуға, өт қызметіне көп пайдасын тигізетін өсімдік.

Мінекей, біздің елімізде осындай керемет өсімдіктер өседі. Ал, біз білмейтін өсімдіктер қаншама? Бір жылдары көк жәшіктен берілген кәріс сериалындағы «Тәуіп Хожун» болып кетпесек те, дала жағдайында қандай шөптердің нендей пайдасы бар екендігін білгеннің еш зияны жоқ.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button