ҚарағандыРуханият

Мамандар бақ сынады

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты өңірлік байқауы өтті. Мемлекеттік қызметтегі мамандардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында ұйым­­дастырылған шара ZOOM платформасында онлайн режимде өрбіді.

Байқауға Жезқазған, Теміртау, Шахтинск, Балқаш, Сәтбаев, Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет, Ақтоғай, Осакаров, Ұлытау өңірлерінің мемлекеттік мекемелерінен 11 топ қатысқан. Олар латыннегізді әліпбиді қолдана отырып, берілген тапсырмаларды орындады. Ресми іс-қағаздардың дұрыс рәсімделуін көрсетіпті. Сонымен қатар, қазылар алқасы қатысушы топтардың сөйлеу мәдениеті мен тіл нормаларының сақталуын қадағалады. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов төрағалық еткен додада бас жүлдені Шет ауданының «Тіл-тұғыр» тобы еншіледі. І орынды Шахтинск қаласының «Жалын» тобы жеңіп алса, ІІ орынды Сәтбаев қаласының «Шамшырағы» мен Ақтоғай ауданының «Көзайым» топтары теңдей бөлісті. Ал, ІІІ орыннан Осакаров ауданының «Сарыбел», бұқаржыраулық «Мұрагер», Қарқаралының «Қарқаралы» топтары көрінді. Іс-шараның соңында қазылар алқасының шешімімен байқау барысында белсенділігімен көзге түскен «Тіл-тұғыр» тобының қатысушысы Қадірет Қалижан «Үздік қатысушы» деп танылып, жеке ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Ал, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталды.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button