Баған

«Мемлекеттік тіл – ұлт мәртебесі»

Бүгінгі күнге дейін тіл білімі саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын талқылауда ойларын айтып, бөлісіп жүр. Әрине, ұлт үшін маңызды мәселелердің оңды шешілуіне қосып отырған кәсіби мамандардың пікірлері ескерілсе құба-құп болар еді. Қазір ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Сонымен қатар, интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған.

Латын әліпбиіне көшуде осындай бастапқы жұмыстар атқарылуы қажет. Қазақ халқы ертеден қолданған латын әліпбиіне қайта оралу – ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады. Түркі және жаһандық білім әлемімен ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады деп ойлаймын.

Бүгінгі күнгі бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері арасында кеңінен талқыланып жатқан мәселелердің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үрдісі. Себебі, жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері.

Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс. Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз үндестік табады. Ол – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін алтын көпір. Ал, жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне, тіпті, әлеуметтік психологиясына әсер етеді.

Бұқаралық ақпарат деректеріне сүйенсек, бүгінде әлем елдерінің 70 пайыздан астамы латын жазуы арқылы білімғылымды игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда. Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт тағы басқа салаларға қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен берілетінін аңғартады. Қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралатынын білдіреді. Демек, латын әліпбиінің еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Сүйіндік Жанысбай ағамызбен кітапханада болған бір кездесуде осы мәселе жөнінде әңгіме өрбіткен едік.

– Негізі, латын әріптерін енгізу компьютерде жұмыс істеуді жеңілдетуді көздейді. Бірақ, алты әріптің төбесі түртіледі. Осы әріптердің төбесіне белгі қоя алмай қиналамыз. Ондай шрифтерді арнайы орнату қажет. Сондықтан да, жаңадан клавиатура нүктелерін енгізіп жатпас үшін қазіргі бар әріптердің өзін қолдану қажет деп санаймын. Қосарлы әріптер де пайдаланылуы мүмкін. Онда тұрған ештеңе жоқ. Сол сиықты і және и әріптері үшін қашанғы бір таңбаны пайдаланамыз. Бұл да өте қолайсыз. Кейде қателіктерге ұрындырады, – деп өз ойын білдірген еді жазушы ағамыз.

Сөз соңында айтарымыз латын әріптерін пайдалану өркениет көшінде жаңа жетістіктерге жол ашатын сан тараудың бірі екені ақиқат.

Махаббат СӘМЕНОВА,

М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың кітапханашысы.

Басқа материалдар

Back to top button