Руханият

Он алты жасар автор

Зарина бар болғаны 16 жаста. Болашақта ғалым болуды армандайды. Осындай асқақ арманы алғашқы кітабын жазуға жетеледі. Атауы – «Арқауы алтын азамат». Кітаптың бас кейіпкері көп жылдар елге қызмет етіп, қой шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан, бұрынғы Жезқазған облысы кезінде облыстық мәслихат депутаты болған ел ағасы – Мереке ТҮСІПҰЛЫ.

Мереке Түсіпұлы есімі елге белгілі, Арқа жұрты «әулие» ретінде құрметтеген Ысқақ қажының немересі. Жаңаарқа ауданын көркейтуге талмай атсалысыпты. Зейнетке шыққан соң, ауырып жүрсе де, бірнеше жыл тегін жұмыс істеуі, елін сүйген азамат болғанын дәлелдейді.

Кітапта оның шыққан тегі, отбасы, атқарған елеулі істері жайлы баяндалады. Еңбек түсінікті тілмен баяндау әдісінде жазылған. Оқыған адамды патриоттық сезімдерге жетелейді.

Заринаға әжесі Нескен Түсіпова атасы жайлы естеліктер айтып, медальдарын, жетістіктерін көрсетіпті. Содан кейін-ақ, Зарина еш ойланбай осы шағын еңбекті жазуға кіріскен.

108 беттен тұратын кітапты Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қаламгер» баспасынан 2000 данамен, өз қаржыларына шығартыпты.

– Мереке атаммен мақтанамын. Нескен әжем 15 құрсақ көтерген ардақты ана. Мен – атамның кенжесі Кәмшаттың қызымын. ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқығым келеді. Мектепті үздік аяқтадым, көптеген жетістіктерім бар. Кітаптың тұсауын ауылда, Қызылжарда кестік. Енді, облыс орталығындағы кітапханаларға таратсам деймін. Тағы кітап жазатын ойым бар, – дейді Зарина Игенова.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button