Руханият

Жаңғыру кілті – ел ішінде

Қазақ халқы ауыз әдебиетімен сусындап, атаның сөзін балаға жеткізе білген халық қой. Содан да болар өз басым оқып алған ақпаратқа қарағанда көзбен көріп, құлақпен естіген ақпаратты қабылдауға бейілмін. Төтенше жағдайдан титықтап шығып, «Қайда барып сергісек екен?», – деп жүргенімізде айтыскер ақын Айтбай ЖҰМАҒҰЛ ағамыздан қоңырау түсті. Айтекеңнің облыстық «Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесінің басшылығына бірер ай бұрын отырғанын естігенім бар еді. Қысқа әңгімеден-ақ Айтекеңнің жұмысқа деген көзқарасы ұнап қалды. Түп-тамырымызды ел ішінен, ауыл жақтан іздемек екен. Сөйтіп ағамыздың жол бастауымен 4 маусым күні Бұқар жырау ауданына, 12 маусым күні Қарқаралы ауданына сапарлайтын болып шештік…

Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентіндеміз. Менің пайымымда жаттанды есептер мен іш пыстырарлық баяндамаларға рухани жаңғыру бойынша еш орын жоқ. Сондықтан да өзім білмейтін, бұрын естімеген ақпараттарымды қағып алып отыруға тырыстым. Мәселен, Ботақара кентіндегі Бұқар жырау бабамыздың ескерткішінің қашан ашылғанын, ол кімге қойылған ескерткіш екенін (танымайтын, білмейтін адам жазуынан оқып болса да біледі) көбіміз білеміз. Ал, енді сол ескерткіш жайлы қызықты мәліметтерді осы сапарда білдім. Бұл рухани жаңғыру бағдарламасының жемісі деп білемін. Сондай қысқа да нұсқа мәліметтерді сапар барысында әлеуметтік желіге бірден салып отырған жөн. Себебі, сол жерден алған әсерің тарқап кетпей, темірді қызған кезде соғатын ұсташа жұмыс істеуің керек.

Сонымен, Бұқар жырау ескерткіші 2014 жылы қойылған. Бабамыздың табанынан басына дейінгі биіктігі – 8 метр 40 сантиметр. Астындағы тұғырының биіктігі 4 метр 20 сантиметр. Облысымыздағы ең алып ескерткіш осы Бұқарекеңнің ескерткіші болар бәлкім…

Ботақара кентіне жақын орналасқан Шешенқара кенті бар. Мен бұл екі елді мекеннің атауының бір-біріне қатысы бар екенін білетінмін. Аңызын осы аймақ тұрғындарының аузынан естіп те жүрдім. Түп-тамыры Нарбота атты қазақ жігіті мен Цецен атты қалмақ қызының махаббатында жатқанын көбіміз білеміз. Ал, осы аңыз желісі бойынша салынған алып картинка барын білуші ме едіңіз? Білмесеңіз енді білесіз. Ботақара кентіне бара қалсаңыз аудандық музейге міндетті түрде бас сұғыңыз. Тілге тиек етіп отырған картинка сол жерде ілініп тұр. Музейден одан бөлек біраз құнды жәдігерді көзіңізбен көріп, рухани жаңғырып шығарыңызға мен кепіл.

Бұқар жырау ауданына қарасты Керней ауылына да соқтық. Бұл ауылда жалпы білім беретін тірек мектебінің бар екенін білмеппін. Қаладағы мен деген мектептерден кем емес. Ішкі безендіруі, заманауи технологиялар, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген арнайы сыныптар, мектеп ішіндегі табиғат мүйісі, коворкинг орталығы, жыршы-термешілерге арналған сыныбы барлығы керемет. Алғашқы әскери даярлық сыныбындағы қолдан әдемілеп жасалған макеттерді мен әлі еш мектептен кезіктірмеппін.

Мәселен, Жаңақала ауылын алайық. Кеңес Одағы ыдырағаннан бері тұрғындары қалаға көшпеген ауыл бар ма екен елімізде? Ауыл тұрғындары мен ауыл әкімінің айтуынша бұл ауылдан ешкім көшпепті. Жаңақаланы жайдан-жай айтып отырғаным жоқ. Бұл облысымыздағы ағаштан соғылған екі мешіттің бірі тап осы ауылда. Бұқарекеңнің мерейтойына тарту ретінде ауылдан шыққан кәсіпкер азамат өз қаржысына салдырған екен. Жертөлесінде 150 адамдық асханасы бар бұл мешітті жолдарыңыз түсе қалса бір көрмей кетпеңіздер.

Бұқар жырау ауданына сапарымыз Далба тауының етегіндегі баба мазарының басына барып, құран бағыштаумен аяқталды.

12 маусым күні ат басын Қарқаралы ауданына бұрдық. Бұл аудан тәптіштеп таныстыруды қажет етпейтін, әр тасы тарихқа тұнған мекен екені белгілі ғой. Дегенмен, кейінгі жылдары аудан орталығына тамаша ескерткіштер орнатылғанын көбіміз білмейміз. Ауданның кіре берісінде сізді үстел басында қазақтың жай-күйіне алаңдап отырған Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков және Ахмет Байтұрсынов ескерткіші қарсы алады. Бұл ескерткіштің ерекшелігі сюжеттік тізбекте жасалғандығы. Ескерткішке қай ракурстан қарасаңыз да мәні мен мағынасы жоғалмайды. Атқа мінген не болмаса алысқа көз тастап тұрған жаттанды ескерткіш емес. Сіз бұл ескерткішті көрген сәтіңізде төргі бөлмеде ақылдасып отырған Алаш арыстарының үстінен есігін қақпай кіріп келгендей әсерде қаласыз…

Облысымызда ағаштан соғылған екі мешіт бар дедік қой. Соның алғашқысы осы Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешіті. 1851 жылы толық салынып біткен бұл мешіт республикалық жәдігерлер тізіміне енген. Ал, осы мешіттің қанша мәрте күрделі жөндеуден өткенін білесіз бе? 1992 жылы алғаш жөндеуден өткен. Оған дейін бұл мешіттің төрт қабырғасы және шамалы бөлігінің төбесі ғана қалқайып тұрған. 2010 жылы екінші мәрте күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Мешітке кіріп, төбе тұсына қарасаңыз Құнекең салған тақтайларды жазбай танисыз…

Қарқаралыда тарихи ғимараттар мен киелі орындар жетерлік. Оның бәрімен танысып шығу үшін сізге кемі 5 күн қажет. Дегенмен, әкесі Қарқаралының аға сұлтаны болып тұрған кезде Абай Құнанбайұлының жиі түскен үйіне бас сұқпай кетуді жөн санамадық. Бұл көпес Қалиолла Бекметовтің үйі. Күрделі жөндеуден өткен кезде бұл үйдің табанындағы екі бөрене мен 17 терезесі ғана ауысқан. Қалған жерінің барлығында Құнанбай мен Абайдың алақаны мен табанының табы қалған. Тіпті бір жақтарда голланд пеші, кей жақтарда орыс пеші дейтін пештерінің өзі істеп тұр деседі. Жалпы үйдің ішінде осындай 8 пеш бар екен. Көпес Қалиолла Бекметовтің бұл үйінде қазақтың біраз зиялыларының бас қосқаны анық. Мәселен, Жақып Ақбаев Қалиолла көпестің Гүлбаһрам деген қызын алған. Жақып Ақбаевқа еріп бұл үйге сол кездегі қазақтың зиялыларының біразының келгені анық. Бұл сапардан алған тағы бір құнды мәліметім осы Көпес Қалиоллаға байланысты. Балқаш қаласының маңайында Гүлшат атты елді мекен бар. Сол Гүлшатымыз осы Қалекеңнің қызы екен. Ал, көпес Қ.Бекметов осы кеніштің алғашқы акционерлерінің бірі.

Қарқаралы сапарымыз қазақтың ақын-жазушыларының біразының шығармашылығынан ойып орын алған, атақты «Шайтанкөлге» баруымызбен аяқталды. Жалпы Қарқаралы өңірі ішкі және сыртқы туризмге сұранып тұрған мекен. Сондай-ақ, табиғаты қысқы әрі жазғы туризмді де әкете алатындай жерде орналасқан.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button