Пікірлер

Түсінгенге – төте жол осы

Әдебиеттерде жиі айтылатын «Аплатонның ақылы» немесе «ақылы Аплатондай» деген тіркес есіме түсіп отыр. Аплатонның ақылы алты құрлыққа жететін болса керек. Мемлекет басшысының бұл сұхбатын мен тұщынып оқып шықтым. Қазақ қоғамына Абайдың көзімен қарап, байыптайтыны сезіледі…

Саясат пен экономикада, руханият пен мәдениетте күллі халықаралық қатынастар мен әлемдік ахуалды терең бажайлап отыр. Осы жағдайда қазаққа қандай қарекет қылу керек? Қалай даму керек, кімді үлгі тұту керек? Билік қолынан келгенін жасаса, халық та қарап қалмауы керек, көрші өзбектерше жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруы керек. Белден басып бәрін бір-ақ күнде төңкеріп тастауға саяси ахуал, сыртқы күштердің ықпалы барын да ескеретін сауатты халыққа айналар кез жетті. Әрі-беріден соң, әрбір қазақ елінің болашағы өзіне байланысты екендігін жан-жүрегімен сезініп, саналы қарекет қылмайынша, түк те өнбейді. Ахмет Байтұрсынның «Аққу, шортан һәм шаяны» болғаннан не шығады? Тіл мәселесіне келгенде, не істеу қажеттігін жіліктеп айтып берді. Тәуелсіз елдің өз бақыты үшін күресі – бәрін бірден шайқап тастау емес. Барды бағалай отыра, оған нұқсан келтірмей, күрмеуі қиын түйіндерді табанды байыптылықпен шешу деген сөз. Тіл үшін күрес – ұлт үшін күрес болса, бұл жерде ұлттың қажыр-қайраты керек. Егер ел талапшыл әрі сол талабы жолында табанды болып, саяси жағдайды бағамдап, бейбіт әрі жүйелі әрекетке көше алса, біздің елдігіміз сонда ақталады. Осы тұрғыдан келгенде, Президенттің айтқандары әбден құптарлық!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Халықаралық Қазақ ПЕН-клубының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button