Спорт

250 шақырым шақырады

Қарағандыда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай марафон басталды. Бұл жолы марафоншылар қашықтығы 250 шақырым болатын Қарқаралы ауданы, Нұркен Әбдіров ауылын бетке алды. Марафонның мақсаты – батыр-ұшқыш Нұркен Әбдіровтің ерлігін еске алу. Құрамында 26 жүргізуші мен 15 велошабандоз таңсәріде Нұркен Әбдіров ескерткішінің алдына жиналып, Қарқаралыны бетке алды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Марафоншылар әуелі медициналық тексеруден өткен. Әрі діттеген жерге жеткенше ақ халаттылар мен полиция қызметкерлері жіті қадағалап отырады. Әуелі олар ескерткіш алдына бас қосып, батыр рухына тағзым етті. Батыр ерлігін бір минут үнсіздікпен еске алды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев те арнайы қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бұл марафонның маңызы зор. Себебі, өскелең ұрпақ саламатты өмір салтын қалыптастыруы керек. Ал, осы мейрам аясында марафонның ұйымдастырылуында зор маңыз бар. Батырларымыздың, ардагерле­ріміздің ерлігін насихаттаушыларға ал­ғыс айтамын, – деді басқарма басшысы.

Жарысты Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің жиені, ішкі істер органының ардагері Әбубәкір Әбдіров бастады.
Қатысушылардвң ең ересегі – 72 жастағы шахтер-ардагер, марафоншы Ислам Мүслімов. Оның айтуынша, бұл топ жастарға үлгі болуды мақсат етіп отыр.

– Мен үнемі спортпен айналысамын. Бұл жүгіруге біз ақпан айынан бастап дайындалып, күн сайын жаттықтық. Біздің идеяны жастар қолдағанына қуаныштымын. Қашықтық ұзақ, бірақ бәрі де мықты. Марафон басталар алдында қатысушылар медициналық диспансерде толық тексеруден өттік. Біз жүгіре алатынымызға сенімдіміз, – деді Ислам Мүслімов.

Маршрут Нүркен Әбдіров даңғы­лынан басталды. Акцияға қатысушылар бірінші аялдаманы Бұқар жырау ауданының Ботақара ауылында жасап, орталық алаңдағы ескерткішке гүл шоқтарын қояды. Содан кейін жүгірушілер Қарқаралыға дейін барады. Онда да «Азалы Ана» мемориалының жанында салтанатты іс-шара өткізу жоспарланған. Содан кейін соңғы нүкте – Жарлы ауылында болады, онда жүгірушілерді батыр ұшқыштың жерлестері қарсы алады.

Сапқа тұрған марафоншыларға дабыл берілісімен Қарқаралыны бетке алды. Айта кетейік, марафоншылардың қатарында спортқа әуес мұғалімдер, кеншілер мен өрт сөндірушілер және басқа да мамандық иелері бар.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button