Елмен егіз есімі (очерк)
Бүгін Қанат аға ерте оянған. Ана бір жылы өзі салдырып, бүгінде Изенді игілігіне айналып отырған ауыл мешітінен азан естілгенде бұл кісі тысқа шықты. Таңғы ауаның ызғары басым. Әжептәуір бой мұздатып, ой сергітері бар. Таңғы ұйқыны тәрк еткен жігіт ағасының бойы да, ойы да сергіп сала берді. Көз жанарын көк жүзіне қадаған. Шолпан жұлдызы күңгірттене туған екен. Әлгіндегі сергектігі секемге жол беріп қойсын.
– Апыр-ай, «Таразы туса – таң суыр, сүмбіле туса – күн суыр» деуші еді атам қазақ. Сүмбіле жарықтықтың мезгілі жеткен екен-ау. Таңғы шолпанның көмескілене тууында да бір гәп бар. Егін орағына ертерек қамданбаса, болмас, – деді өз-өзіне күбірлеп.
Иә, көзін ашқалы төрт түліктің төркінін таныған, ес білгелі ел мен жердің жайын ұғып, атқа қонғалы ғұмыры өріс пен егісте өткен ауыл шаруашылығының білгірі емес пе?! Табиғат-Анамен таңнан сырласып, құлақтанып атқан таң мен құлақтанып батқан күннің «ескертуін» мүлт жібермеген дағдысына басып, қарекет қылмаса, қапы қаларын сезіне қойды. Жылдам басып үйге беттеген. Екі минут болса да, ерінен ерте тұратын ежелгі әдетінен айнымаған асыл жары Нәсіп бұл кезде дастарқанын жайнатып, шайын қайнатып қойған-ды. Таңғы салқынға жаураңқырап қалған бойын ерекше бір жылылық шарпып өтті. Жар жылуы, отбасы шуағы. Әлгі ойына күдік ұялатып, күмән бұлтын қоюландырып жіберген сүмбіленің соңы мизам шуағы емес пе?! Осы Нәсіптің жан жылуы мизам шуағынан бірде-бір кем емес-ау… Осы бір ой Қанаттың бойын ғана емес, жүрегін де елжіретіп жіберген. Жақында ғана асыл жарына арнап жазған «Мизам шуақ» атты өлеңінің соңғы шумағы ойына орала кетті:
«Жаз жұбанып, күрең күз келген кезде,
Мизам шуақ төгілер көктен жерге.
Бара жатыр жарасып екі ғашық
Біз гүл терген баяғы таныс белге».
Әуесқой сазгер Амангелді (Шахарбаев) інісі де әуенін келістіріп жазып еді-ау.
Күзгі жиын-терім науқанына салқыны тиер деген таразы мен сүмбіленің ызғарын мизам шуағы жеңеді емес пе?! Тағдырдың сындарлы сынағы мен ауыр жүгін, ызбарлы күндер мен ызғарлы сәттердің залалын өзінің мизам шуағы – Нәсіптің ерік-жігері жеңіп, жылуы тағдыры таралғы еткен мұзқарды ерітті ғой. Ертеңгі келер мизам да шаруамды шалқытып, көрер қызық, терер жемісімді еселер. Осындай ойдың жетегінде «Мизам шуақтың» қайырмасын ыңылдай айтып, дастарқан басына жайғасты:
«…Аман жүрші қасымда
Құдай қосқан қосағым!»
…Бұл үйдің босағасынан жасандылық аттап, төріне жалтақтық жайғасып көрмеген. Шынайылық шыр бітіріп, тазалық таңғы нәсібін, табандылық – түскі, кеңпейілділік кешкі ырысын еселеген. Бүгін де сондай шуаққа малынып, ерекше нұрға бөленіп тұр. Жарының қолынан шай емес, нұр сімірген Қанат аға жұмысқа күндегіден ерте әрі асығыс аттанды. Қанаттанып бара жатыр.
Нұра ауданы, Изенді ауылындағы «Отқаншар» ЖШС директоры, белгілі меценат, «Құрмет» орденінің, «Парыз» Ұлттық сыйлығының иегері Қанат Жариясұлы Отарбаевтың қарбаласпен басталып, қанағатпен түйінделер күндерінің әр таңы осылай ататын-ды.
***
Машина-трактор ауласына директордың көлігі келіп тоқтағанда, мұндағы қарбалас та басталып кеткен. Шаруашылықтың бас инженері нұсқау беріп, механизаторлар өздеріне тиесілі комбайн-тракторларға беттеп барады екен. Өзінен ерте тұрып, жұмыстарына әлдеқашан кірісіп кеткен әріптестерінің адалдығына сүйсінді Қанат Жариясұлы. Таңмен таласа тырбанып, ел ырысын еселеуді ғана ойлаған механизаторлар қауымы бағыттарын кілт өзгертіп, кері бұрылды. Директормен амандасуға. Амандық-саулық сұрасып болған соң:
– Қалай, орақ салуға дайынбыз ба? – деді кішіпейіл қалпынан айнымайтын Қанат аға.
– Дайынбыз! Бүгін – дайындықтың соңғы күні. Техникалардың май-суын тексеріп, ертең бастаймыз, Алла қаласа, – деп жамыраса жауап берді серіктестері.
– Иә, Алла күнінің райын берсе… Түсім жаман болмайтын сияқты ғой. Алқаптың дені – бітік. Тек, ысырап қылмай жинап алсақ.
Директордың бұл сөзінің астарында алаң да, қанағат та, жауапкершілік те бар еді. Осыны сезінген серіктестері әңгімені ұзартқылары келмеген ыңғай танытып, іске жұмылды. Ауладағы комбайндар Қанат Жариясұлына кермедегі сәйгүліктердей әсер қалдырды. Атбегілері – механизаторлар. Тұлпарларының күтімін күйттеп, бабын келістіріп-ақ жатыр. Қамданыстың қарқыны қанаттандырып жіберген директор Қанат кеңсеге беттеді. Кеңсеге барар жолда ауылды бір аралап, әр ауланың ажарын бір шолып шығу – күнделікті дағдысы. Әр жұмыскердің іске деген құлшынысы – үйінің кескінінде, ауласының ажарында. Бұл – Қанаттың қағидасы. Жүдеу үйдің ауласынан құлшынып жұмыс атқарар азамат шықпайды.
Ойына туған ауылының сонау 90-шы жылдардағы кейпі оралды. Кеңес заманында асыл тұқымды қой түлігін өсіріп, дәуірлеген шаруашылық еді. 35 мың ұяң жүнді, құйрықты «Қарғалы» қойы өріске қаптайтын. Қанат аға көршілес «Балықтыкөл» совхозынан елге оралғанда (1991-1999 жылдары сол совхозда бас зоотехник болып қызмет еткен) «Изенді» АҚ-да 3000 ғана қой қалған екен. Тұрғындар қалаға үдере көшіп жатыр. Қаңырап бос қалған үйлер. Қоқысқа көмілген аулалар. Қоқыстың көптігі сонша, қоңсы қонған екі үй бірін-бірі көрмейтіндей жағдайға жеткен. Шаруашылықты сондай күйде қабылдап алған еді ғой. Азаматтары жұмысқа құлықсыз. «Табан ақы, маңдай тердің» өтеуі болмаған соң, жұмысқа кімнің құлқы болсын…
Әйтеуір, шаруашылықты қабылдап алған күні қаңырап тұрған үйлердің бірін де бұзуға бермеді. Қожайынымен келісіп, кесімді бағаға сатып алып отырды. Ескі бейіттің шырақшысындай болып, сол үйлердің бір шегесін суыртпап еді. Игілігін бүгінгі Изендінің халқы көріп отыр.
2002 жылы «Изенді» акционерлік қоғамы негізінде қайта құрылған шаруашылықты «Отқанжар» деп атауды ұйғарды. Өзінің туған ағасы Таңатар Жариясұлы екеуі құрылтайшы болып, шашылып қалған шаруашылықты аяғынан тік тұрғызды. Оңай болған жоқ, әрине. Кетеуі кеткен дүниені оңдаймын дегенге сенетін де ешкім қалмаған. Ағайынды екеудің жоспар-мақсаты ауыл тұрғындары үшін қиял-ғажайып ертегісінің желісіндей көрінген. Шаруашылық атауының «Отқанжар» атануында екі астар бар. Біріншісі Отарбаев Қанат Жариясұлының бастапқы буындарынан алынған болса, екіншісі Қақаңның «Оттай лаулап, қанжардай жарқылдатамын» деген жігерлі мақсатынан туындаған. Ақыры мақсатына жетті. «Отқанжар» оттай лаулап, қанжардай жарқылдады.
Уақыт – төреші. Ауыл ажарланды. Тамырына қан жүгірді. Екі жылғы табыс та, бойындағы намыс та ауыл көшелерін қоқыстан тазартуға кетті. Алғашқыда «осылай жасаймын» дегеніне өздері сенбеген ауыл тұрғындарының енді күл-қоқыстан тазарған көшенің келбетіне көздері сенбеді.
Асыл мұрат – асқақ абыройдың бастауы. Шопандардың балалары үшін интернат салды. Мешіт бой көтерді. Спорт кешені, би алаңы, «Той – қазына» тойханасы, наубайхана, «Алакөл» қымызханасы, «Ақбота» балалар ойын алаңы… Шаруашылық қаржысына салынған әлеуметтік нысандарды санамалай беруге болады, егер екі қолыңыздың саусағы жетсе… Кітапхана, фельдшерлікакушерлік пункт, пошта байланысы деген секілді бюджеттік мекемелерге ғимаратты да «Отқанжар» салып берді. Мемлекеттің «Дипломмен – уылға!» бағдарламасы қабылданардан он жыл бұрын Қақаң оқуға ынталы, шаруаға бейім ауыл жастарын шаруашылық есебінен оқытып, өзіне серік етіп алған. Айтпақшы, біздің үкімет тауықтың жұмыртқасын санап жүргенде, Қанат аға өмірге келген нәрестеге шаруашылық қаржысынан жөргекпұл тағайындап тастаған. Жөргекпұлдың көлемі Тәуелсіздік жылнамасымен белгіленеді. Мысалы, биыл туған нәрестелерге Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығына орай 27 мың теңге беріліп отыр. Келер жылы – 28 мың. Халыққа қолайлы жағдай жасап, игілікті істі ұйымдастыра білген басшының аудан, облыс, тіпті, республика көлемінде абыройы асқақтай берді. 2008 жылы «Білім меценаты» атанып, 2010 жылы Ұлттық «Парыз» сыйлығының «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» аталымы бойынша алтын жүлдесін иеленді. 2003 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен жарқыраған омырауы 2010 жылы «Құрмет» орденімен толықты. Алайда, осынша марапаттан халықтың алғыс-батасын биік қоятын парасатты азаматтың есімі елімен егіз аталды. Мұндай асылдарды «Елжанды» деп атайтын атам қазақ. Қарапайым халықтан оқшаулануды білмейтін қасиетін қарашыл тұлпардың тұрпатына ұқсатарсыз. Міне, бүгін тағы көшені айналып, елінің ажарын тағдырының базарына балайтын нағыз азаматтың болмысына сүйсініп отырмыз.
***
…Бүгін тағы ерте тұрды. Күндегісінен де ертерек. Өйткені, түнімен терезесін қағып шыққан жаңбыр тамшысының тырсылы ұйқысын қашырған. Нәсіптің қоюлата демдеген таңғы шайына да қарамай, машина-трактор ауласына құстай ұшқан. Келді. Кешегі механизаторлар қарсы алды. Бірақ, кешегі жігер, кешегі құлшыныстан жұрнақ та жоқ. Еңселері еңкіш тартып, жігерлері құм болғанға ұқсайды. Құбылмалы келетін күздің райына бола бұлармен бірге мұңайса, мұның несі басшылық? Көліктен түскен бетте серіктестерімен жарқылдай амандасқан жайдары басшы:
– Білесіздер ме, біз сіздермен бірге осы ауылды қоқыс үйіндісінің астынан аршып алып шыққан едік қой. «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз». Жаңбыр жауса, ол – Алланың нұры! Ұнжырғаларыңыз түспесін! Ең бастысы, барлық техника – сақадай сай. Жауын басылған соң, ел ырысын қамбалап аламыз. Үлгереміз! Әзірге демалып, өз үйлеріңіздің шаруасын күйттей тұрыңыздар. Қора-қопсыларыңызды қысқа дайындап дегендей. Көңілдеріңізде титімдей де алаң қалмасын! – деп, күннің райынан да бетер түнеріп тұрған қабақтарды жадыратып жіберді.
…Сүмбіленің бұлты көпке дейін ашылмады. Жауын үдете жауып, екі апта бойы екпінін баспады. Қанат Жариясұлы сабырына бекем болды. Ақыры, алқапта бір түйір дән қалған жоқ. Мизам шуағы жадырап, «Отқанжар» ЖШС гектарына 12 центнерден өнім алды. «Сабан той» салтанатына жиналған ел Қанат Жариясұлының мектепке барған, сүндеттелген, өмірге келген немерелеріне жасалған ұлан-асыр той қызығын тамашалады. Арқа жұрты «Құланөтпес» өзенінің бойында ат бәйгесін тамашалап, көкпарға делебесі қозды. Келіншектер жаяу жарысқа қатысып, жігіттер жамбы атып, теңге ілді. Жалғыз қызы Ақнұрдың жолдасы Арқаның ақберен айтыскері Дидар Қамиевтің шашбауын көтеріп келген ақындар айтыс жасап, «Қаратомар» мен «Изенді» көлдері асау жырмен толқыды.
…Қанат аға Мизам шуағын жақсы көреді. Нәсіп жеңгемізге арналған әсерлі әннің «Мизам шуақ» аталуы тегін емес. Табиғаттың мизам шуағы да, тағдырының Мизам шуағы – Нәсіп жеңгеміз де ырысын еселеп келеді. Қамбаға толған астық пен өрісте мыңғырған төрт түлік те, кіндігінен өрбіген Аслан, Руслан, Ербұлан, Еламан, Ақнұр да – Мизам шуағының жемісі.
***
Науқан науқанға ұласқан қарбалас шақ. Егін орағын аяқтап, мал қыстату, күйек алу науқандарының дайындығын пысықтауға жолға шықты. Бағыты – «Кеңжарық», «Алакөл» бөлімшелері. Өзінің кіндік қаны тамған «Кеңжарығы». Анау қырда әкесі Жарияс пен анасы Қамила мәңгілікке тыныстаған. Анасынан 7 жасында, әкеден 16 жасында айырылып, ағасы Таңатардың қолында қалды. Майдангер әкенің қайраты мен жігері қанына сіңіп, жанына дарыған. Анасының кеңдігі мен сабырлылығы ортасында қадірлі етіп, көш бастатып жүр. Қазір ел алдында жүрсе, шаруасы шалқып, өрісіне 11 мың қой, 900 жылқы, 140 ірі қара өргізген іргелі шаруашылықтың тізгінін ұстап, тұтас бір ауылдың 120 тұрғынын (науқан кездерінде 150 адам) жұмыспен қамтып отырса, осының барлығы – марқұм ата-анасына дарыған қарапайымдылық пен еңбекқорлықтың арқасы. Одан қалды, ағасы Таңатардың тәрбиесі.
Бүгін асқаралы алпыстың асуына көтерілген Қанат Жариясұлының қанағатшыл болмысында асып-тасу, кеуде соғу деген мүлде жоқ. Дарақылықты дара қасиет деп бағалаған кезі болмапты. Ал, дархандықтың жөні бөлек! Қанат ағаның бойындағы дархандық даладан дарыған. Қарапайымдылық пен қанағатшылдық қанмен дарыған. Елін сүйеді, халқын құрметтейді. Асқақ абырой, артық ырыс келіп жатса, оны Алланың қалауы мен адалдықтың өтеуі деп қабылдайды. Есімі елімен егіз аталып жүр. Изендіні айтқан ел Қанаттың есімін қатар атап, «Отқанжарды» айтқан ел Отарбаевты сұрайды.
…Қыр басына көлігін доғарған Қанат аға жерге түсіп, изеннің бір түбін жұлып алды да, құмарлана иіскеді. Қуаңшылыққа төзімді, Арқаның қызыл изені. Өз тағдырына ұқсатты изен гүлдің тағдырын. Бұл да анасынан ерте қалып, мейірімге шөлдеп өсті ғой. Бірақ, төзімді болды. Тамырын тереңге тартып, тағдыр сынына мойымады. Міне, асқаралы 60 жасқа да алқынбай жетіп отыр. Алпысты тал түске балайды дана қазақ. Артта қалған алты белестің жарқын елесі жадында жаңғырған Қанат заманның тыныштығын, елдің амандығын тілеп атқа қонды. Туған жерін түлетпекке қамданып, ат болдыртып жүрген азаматтың амандығын елі тілеп отыр.
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»