Біздің сұхбат

«Адам баласының ең жаманы – талапсыз»

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жас мамандар үшін мемлекеттік қызметте «әлеуметтік лифт» құру мақсатында жастар арасында кадр резервін қалыптастыру мәселесін көтерген. Сындарлы серпіліс жасап, еліміздің дамуына елеулі үлес қоса алатын талантты да қабілетті жастар үшін бұл үлкен мүмкіндік еді. Қатысуға өтінім берген 13 мың жастың ішінен іріктеп, 300 қазақстандықтың есімін ресми жариялады. Солардың арасында қарағандылық Мұрат ОРАЗБАЙ да бар. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап ол Президент әкімшілігінің келісімімен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ішкі аудит департаменті директорының орынбасары – мемлекеттік аудитор лауазымына тағайындалған. Қызметі де нәтижесіз емес екен. Орайы келгенде, Мұрат мырзаны әңгімеге тартып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Мұрат Асқарұлы, еліміздің жаңа буыны үшін пәрменді әлеуметтік лифт жүйесін құру мақсатындағы Президенттік жастар кадрлық резервіне өтіп, таңдаулы 300-дің қатарына ендіңіз. Құжат тапсыруға не түрткі болды?

– Тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір азаматының бойында Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімі болуы тиіс. Онсыз ештеңе мүмкін емес. Құрығанда ата-анаға, бауырларыңа деген махаббаттың өзі еліңді сүюге тәрбиелейді. Осындай асыл рухтан бастау алған туған жерге деген шексіз махаббаттан халыққа қызмет ету сезімі оянады. Ол – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Елдің дамуына титтей де болсын үлесімді қосқым келеді. Осы мақсатым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы аясында бастау алған жобаға қатысуыма түрткі болды.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деген сөзі ойыма келіп тұр. Елдік, мемлекеттік мүддеге келгенде, біз әрқашан да алға ұмтылуға міндеттіміз!

– Іріктеу қалай өтті?

– Жалпы, бірнеше кезеңдерден құралған іріктеуге 13 200-ге жуық кандидат қатысты. Іріктеу кезеңдерінің басым көпшілігі автоматтандырылған онлайн платформа арқылы нақты уақыт режимінде өтті. Қатысушылар кандидаттарды тіркеу және құжаттар қабылдау, қабілеттерді тестілеу, тестілеуді верификациялау, әлеуетті бағалау, Сарапшылық комиссияның мүшелерімен сұхбаттасу және Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның кандидаттарды қабылдау секілді кезеңдерде бақ сынады. Екінші кезеңнен өткен үміткерлер өз жобалары жайлы эссе жазып, жасаған презентацияларын көрсетті. Эссе арқылы үміткерлер эрудициялары мен білімдерінің кеңдігін, сыни ойлау деңгейін, логикасын, тұжырымдардың дәйектілігі мен негізділігін көрсетуі қажет еді.

– Үздік 300-ден тұратын кадрлық резервке өткендер қатарынан өз аты-жөніңізді көрдіңіз. Кейін, Президентпен кездестіңіз. Сол кездегі әсеріңізбен бөліссеңіз…

– 300 резервшілер қатарынан өз атыжөнімді көргенде, бойымды үлкен мақтаныш сезімі биледі. Бұл – маған берілген мүмкіндік пен ел алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан, өз білімімді мемлекеттік қызметте, халқымның өркендеуіне пайдалануға шешім қабылдадым.

Ал, Президентпен кездескен сәтімді айтып жеткізе алмаймын. Кеудемді белгісіз бір күш кернеп, керемет күйге ендім. Қанша дегенмен де Мемлекет басшысымен бірінші кездесуім ғой…

Ақордада өткен кездесу барысында резервшілерге әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі проблемалық мәселелері жайлы сөз сөйлеу құқығы берілді. Осындай жоғары деңгейдегі кездесулер кімнің болмасын жадында мәңгі сақталары анық.

– Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен соң, көп кешікпей жаңа қызметке кірістіңіз. Жаңа орында өзіңізге жүктелген міндет те ауыр болған шығар?

– Қазіргі қызметімде қиындықтар бар деп айта алмаймын. Себебі, Президенттің артқан сенімі бойыма үлкен күш-қуат пен серпіліс берді. Дегенмен, бұған дейінгі атқарған жұмысым мен қазіргі қызметімде айырмашылықтар мен ұқсастықтар да жоқ емес. Осыған дейін облыс деңгейінде сыртқы мемлекеттік аудитті жүргізіп келсем, қазір Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінде, оның ведомстволық бағынышты ұйымдары мен мекемелерінде ішкі мемлекеттік аудит жұмыстарын жүргізу жүктелді.

– Белгілі бір салада жұмыс өтілі, болмаса, тәжірибесі жоқ жастарды жоғары лауазымға тағайындау дұрыс деп ойлайсыз ба? Әлде ол үшін алдын ала дайындықтан өту қажет пе?

– Барлық резервшілер міндетті түрде қатаң іріктеуден өтеді. Қазір олардың көбісін жақсы білемін. Басқалары секілді емес, ойлау қабілеттерімен ерекшеленеді.

Менің пікірімше, резервшілерді жұмыс өтілінсіз қызметке орналастыру қателік емес. Себебі, қазіргі жастардың ұмтылысы жоғары. Бойларында жұмысқа деген қызығушылық пен еңбекқорлық басым. Бұл қасиеттер адамды дамытатыны айдан анық. Сондықтан, оларға білмеген жерлерін үйретіп, жауапты жұмысты жүктеуден қашпауымыз қажет.

– Жаңа қызметке кірісерде алдыңызға қандай мақсаттар қойдыңыз?

– Қазіргі заманғы әлемдік экономика, коронавирустық инфекция падемиясы жағдайында, басшы ретіндегі менің мақсатым – жұмыс сапасын арттыру және бизнес үдерістерді оңтайландырып, еңбек ресурстарын тиімді пайдалану.

Сұхбаттасқан Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button