Руханият

Бейбіт күннің батырлары

Кез келген жағдайға сақадай сай жүретін полиция қызметкерлерінің жұмысы өте жауапты. Оның үстіне елдегі күрделі жағдай олардан бұрынғысынан да қырағылықты талап етуде. Карантин кезінде түрлі төтенше жағдайларға кезіксе де, ел игілігі үшін әбжіл әрекет ету – олардың борышы. Аймағымыздың сондай батыл полицейлерінің бірнеше ерлігіне қысқаша тоқталамыз.

Өткен қыстың қақаған боранында қаншама адам қар құрсауында қалғаны белгілі. Осындай сын сағатта батылдық танытып, ерлік көрсеткен патрульдік полиция қызметкерлерінің бірі – Дамир Құдайбергенов елдің мақтанышына айналды. Ол ауа-райының тосын мінезіне қарамай бар күш-жігерін салып, әріптестерімен бірге өз міндетін адал атқарған. Соның арқасында 40-тан астам адамды аман алып қалды. Оның батыл әрекеттері әлеуметтік желіде кең тарап, батыр атанды. Жұмысты жылдам ұйымдастыру мен жылдам шешім шығара алу полицей үшін аса қажетті қабілеттер. Осындай көптеген қабілеттерді бойына жинаған талапты Дамир кез келген құрметке лайық.

Күн сайынғы жұмыс барысында полиция қызметкерлері түрлі жағдайларға тап болады. Бұл төтенше жағдай және карантин кезінде де байқалды. Қарағанды қалалық полиция бөлімі, Жаңа Майқұдық полиция бөлімшесінің уческелік инспекторы Батихан Санике жұмысқа бара жатып, отқа оранып жатқан үйді байқайды. Ол еш ойланбастан жанып жатқан үйге жылдам кіріп, жалын арасынан шыға алмай қалған 27 жасар қала тұрғынын аман алып шықты. Дер кезінде сол маңнан табылған полицейдің батыл әрекетінің арқасында бір адамның өмірі сақталды. Мұндай тосын шешім қабылдай алатын полицейлердің ерлігі өсіп келе жатқан жас полиция қызметкерлеріне үлгі болары сөзсіз.

Ал, келесі оқиғада үш полицей ептілік танытқан. 21 сәуір күні кешкілік құрамында Полк патрульдік полициясының қызмет инспекторы, полиция лейтенанты Аман Әбілда, полиция аға лейтенанттары Рауан Оразбеков және Елубай Насруллаевтар бар автопатруль төтенше жағдай режимін сақтау бойынша Бұқар жырау даңғылында қызмет атқарып тұрған. Сағат 21.40 шамасында олардың жанына инкассатор көлігі тоқтап, көлік жүргізушісі көпірдің үстінен өткенін және ол жерде бір адамның көпірден секірмек болып тұрғанын хабарлаған. Патрульдік жасақ қызметкерлері аталған оқиға бойынша жедел басқару орталығына хабарлап, полицей Рауан Оразбеков автокөлікпен бірден сол жаққа бағыт алады. Ал, әріптестері Аман Әбілдә мен Елубай Насруллаев жаяу адамның көпірдің қай бетінде тұрғанын анықтауға кіріскен. Полиция қызметкерлерінің көлігін көрген қыз олардың қасына жақындамауын талап етіп, әйтпесе, төменге секіретінін айтқан.

– Оқиға орнына келгенімізде азаматша көпірдің темірінен ұстап, төмен қарай секіргелі тұр екен. Біз оның олай жасамауын өтіндік. Дегенмен, ол айтқан бетінен қайтпайтынын алға тартып, жылай берді. Әріптесім Елубай оның өмірін сақтап қалу мақсатында әңгімеге тартып, көңілін аулады. Мен ақырын жанына жақындадым. Ол қолын темірден босатып, секіруге оқталған сәтте ұстап қалуға мүмкіндігім бар екенін сездім де, шап беріп екі қолынан ұстап алдым, – дейді Аман Әбілдә. Осыдан кейін полицейлер қыз баланы қауіпсіз жерге шығарып, не үшін мұндай қадамға бармақ болғанын анықтауға тырысқан. Алайда, қыз жылаудан басқа тәртіп сақшыларына еш нәрсе айтпапты. Кейін олар оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлеріне 19 жастағы қызды аманаттаған. Осылайша, үлкен жүректі үш полицей болашақ ананы ажалдан аман алып қалды. Бір қарағанда «кез келген адам осылай жасар еді» деп ойлаймыз. Дегенмен, тосыннан болған оқиғада батыл қимылдап, адам өміріне араша түсу осындай ержүрек жігіттердің ғана қолынан келеді. Олар өздеріне жүктелген сенімді ақтаған ақ пейілді полицейлер! Көпке үлгі болар азаматтар!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button