Жетістікке жету жолы

Біздің бағамдауымызда Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына арнаған екінші Жолдауы – жетістікке жету жолдары терең сипатта қарастырылған аса мазмұнды һәм маңызды құжат. Сан салалы бағытты қамтыған Жолдаудың қай тарауы болсын, шынайылығы және салмақтылығымен ерекшеленеді.

Мәселен, Мемлекет басшысының мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне қатысты сараптамалық үлгідегі пікірлері мен содан өрбитін нақты ұстанымдары көңілге қонымды екендігі ақиқат. Осыған қатысты реформаларды «…мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз керек» деген сөзінде терең мән жатыр. Себебі, барлық мәселелердің түпкі түйінін тарқату жайы басқару тетігінің тиімділігіне тікелей байланысты. Бұл – талқылауға жатпайтын, өмірдің өзі өлшеп-кесіп, тұжырымдап берген қағида.

Алуан түрлі көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалардың әзірленуіне тежеу қою талабы да – тың әрі орынды шешім. Шынымен де, «Барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобаларға көшкен жөн». Президент, міне, дәл осылай деді. Өйткені, «Негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиіс».

Ал, реформалар жөніндегі жоғары президенттік кеңестің құрылуын қарапайым халық зор қанағат сезімімен қабылдап отыр. Түптеп келгенде, халықтың ықыласы мен қолдауы – маңызды мәселе.

Гүлмира РЫСПАЕВА,

Ұлытау ауданы мемлекеттік архивінің басшысы.