Облыс әкіміРесми

Мемлекеттік тіл мәселесі – басты назарда

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен мемлекеттік тіл мәселелеріне арналған онлайн-кездесу ZOOM платформасында өтті. Оған аймақ басшысының орынбасары Абзал НҮКЕНОВ, Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан ҚҰСАЙЫН және басқа да басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері, аймақтың зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, ғалымдар, оқытушылар және қоғам белсенділері қатысып, мемлекеттік тілді ілгерілетудің өзекті мәселелерін талқылап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Алдымен облыстық тілдерді дамыту мәселелері жөнідегі басқарма басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбекова аймақта атқарылып жатқан шаралар мен акцияларға және алдағы жоспарларына тоқталды. Биыл респуликада тіл саясатына қатысты 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру басталды. «Мемлекеттік қызметшілер мен басқа да санаттағы азаматтарды мемлекеттік және ағылшын тіліне оқыту бағытында облыста 6 оқыту орталығы (біреуі жекеменшік) мен 13 оқыту курсы бар. 2018 жылдан бастап оқыту үдерісінде жаңа технология кеңінен қолданылып, 120 адам Skype бағдарламасы арқылы мемлекеттік тілді үйренді. Бұл тәжірибе індет кезінде 14 өңірде мемлекеттік және ағылшын тілдерінің курсын қашықтан оқыту жүйесіне көшіруге септігін тигізді. Бірінші жартыжылдықта барлығы 1378 адам — қазақ, 967 адам ағылшын тілі курсын аяқтады. Жалпы, жыл сайын облыста мемлекеттік тілге 2 мыңнан астам, ағылшын тіліне 1600-ге жуық адам оқытылуда. Оқыту басталған 2011 жылмен салыстырғанда мемлекеттік тілге оқыту 2 есеге, ағылшын тілін оқыту 9 есеге артты» – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, қазақ тілі әліпбиін латыншаға көшіруді үйлестіру мақсатында 2018 жылы басқарма жанынан ресурстық тіл орталығы құрылып, әр өңірде жауапты мамандар анықталып, олар соңғы 2 жылда облыстың 300 мыңнан астам тұрғынын қамтитын іс-шара өткізді.

Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен қайта атауды ғылыми негізде ұйымдастыру мақсатында соңғы 10 жылда тарихшы ғалымдар облыстың 9 ауданында топономикалық зерттеу әзірледі. Нәтижесінде 2014-2020 жылдары облыста 21 елді-мекеннің, 668 құрамдас бөліктің, 36 мекеменің атауы өзгертілді.

Тоқсан сайын басқарма бастамасымен облыс аумағында өткізілетін рейдте «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық» айлықтарында соңғы үш жылда 20 мыңнан астам нысан қамтылып, 3801 заңбұзушылық анықталып, 85%-ы (3232) түзетілді. Биыл 3219 нысан қамтылып, 524 заңбұзушылық анықталды, бүгінге дейін оның 406-сы (77,4%) түзетілді.

Еркін форматта өрбіген кездесуде қатысушылар сұрақ қойып, ұсыныс-пікірін көпшілік талқысына ұсынды.

«Ғасыр адамы», тіл жанашыры Темірғали Көкетаевтың айтуынша, жиналыс мемлекеттік тіл үшін өте маңызды. «Мемлекеттік тіл – аса қажет рухани құндылық. Бірақ, өз тұғырына әлі орналасқан жоқ. Өйткені, қажеттілік болмай тұр. Оны жоғарыдан және мектеп пен балабақшадан бастап қолға алған жөн. Аралас мектепті жою керек. Қазақстан Халқы Ассамблеясы қазақ тілін тұғырына қондыруға атсалысуы керек. Онда көп этнос өкілі бар. Олар да қазақша сөйлесуі керек. Тіл басқармасына айыппұл салуға құзіреттілік берсе екен» деді ол.

– Мәселе көп, шешілмегені біршама. Сондықтан, кездесу ұйымдастырдық. Пікірлеріңіз құнды. Мектептер ашылуда, көбісі аралас. Биыл 3-ақ қазақ мектебі ашылды. Болашақта ашылатын мектептің бәрі қазақша болады. Биыл аймақта мектептердің құрылысы мен жөндеуге 17 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған, – деді аймақ басшысы.

Ал, ақын Серік Ақсұңқарұлы: «Қазақ тілі құрып барады демеу керек, қазақ тілі құрымайды, өйткені, эпосы, ауыз әдебиеті, Абайы бар. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие бола алмай отыр деген жөн. Бірге жұмыс істеп, жұмылайық. Ал, Тілдерді дамыту басқармасы өте белсенді жұмыс атқаруда» деді.

– Орысшадан қазақшаға аударуды қою керек. Ол тілді құртады. Сөзді дұрыс қолданайық. Әкімнің бұл мәселені қолға алғаны — жақсы нышан. Абзал Нүкенов пен Ерлан Құсайынның әкімге көмекші болғаны, қуанарлық жайт. Бірақ, көп ата-ана баласын орысша мектепке беруде. Мен деген азамттардың, ақын-жазушылардың, биліктегі азаматтардың үйінде балалары орысша сөйлеседі. Бұл қалай сонда? Ескірген атауды өзгертудеміз. Октябрь ауданы әлі сол қалпында. Тіл өлсе, құримыз, – деді қоғам белсендісі Жексен Әбдірахман.

– Қазір көп жиын әкімдікте қазақ тілінде өтуде. Қатысып отырған аудан, қала әкімдері ескереді деп сенемін. Жалпы, Әлихан Бөкейхан есімін Октябрь ауданына беру мәселесі күн тәртібінде тұр. Қазір шектеу шараларына байланысты кешеуілдеп жатыр. Шектеу шаралары аяқталған соң, бұл жөнінде қоғамдық тыңдау өткізіліп, қаралады. Бұл мәселе назарда. Сондай-ақ, жыл соңына дейін жыл басында мақұлданған 10 көшенің атауы ауыстырылады, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

ҚарМТУ-дың оқытушысы Әділ Ержан да тұщымды ойын ортаға салды. Оның айтуынша, тілдік дағдарыстан гөрі тілдік шиеленіс артуда, байқамасақ, күрделене түсуі мүмкін. «Екі тілде сөйлейтін адамдар арасында шиелес болдырмауды ойлау керек. «Тілдерді дамыту басқармасы» деген атауды «Мемлекеттік тіл басқармасы» деп өзгертіп, құзіреттілін арттыру керек» деді ол.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Әділ Ержан мырзамен қажет болса, осы көтерген мәселелері туралы кездесіп, көзбе-көз сөйлесуге уақыт табатынын айтты.

Облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Бекзат Алтынбеков «Ақыл айту, сын айту оңай. Ал, нақты жұмыс істеу қиын. Негізі мұны отбасынан бастау керек. Бәріміз үйде қазақша сөйлеуді бастайық» деп бір қайырды.

Қазақстанның Құрметті журналисі Сағат Батырханқызының ойынша, мемлекеттік деңгейдегі ұлттық идеология жоқтығынан ақсап тұрмыз. Сананы оятып, намысты қамшылау керек. Онсыз бәрі бос. Шетелге барған жастар, намысы оянып, қазақша үйреніп келеді. «Тіл сақшысы» мәселесін қолға алсақ, дамимыз деген пікірде.

Ал, жиынға қатысқан Галияс Марина «Шахтер» стадионында аудармашы болып істейді. Ұлты өзге болса да, қазақшаға судай. «Қазақ тілін білу — парызым, өйткені бұл менің Отаным. Жұмыс барысында аула клубтарына келетін өскелең ұрпаққа ұлттық ойынның атауы мен оған қатысты терминді қазақша үйретеміз. Бастысы – ынта, ниет керек» дейді ол.

Заң ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Сыздық мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге септігін тигізетін 7 түрлі мәселені атап айтты. Олар: Қала орталығындағы орысша атауларды қазақшалау, жарнаманы қазақ тілінде жазу, аудармадан енген қате сөздерді жою, балалар әдебиетіне көңіл бөлу, әдеби дәмхана ашу, тіл жанашыры сыйлығын өзге сала мамандарына да беру, жаңа салынатын нысандарды бірден қазақы әрлеуді қолға алу.

Ал, жақында тағайындалған Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бектайұлы тіл саясатын жүргізгенде әр өңірдің қазақша сөйлеу ерекшелегін ескеру керектігін айтты.
Абзал Нүкенұлы жиынның хаттамасы толтырылып, барлық ұсыныс-пікір қаперге алынатынын жеткізді.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің ұсынысымен енді Абзал Нүкенұлы ай сайын тіл мәселесіне қатысты жиын жұмысын жалғастырса, аймақ басшысының төрағалығымен әр тоқсан сайын осындай шара өтіп тұрмақ. Жыл аяғында өтетін жиында аралас мектеп пен балабақша, ескірген аудан, қала, көше атауын өзгерту мәселесі жан-жақты талқыланатын болды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button