Рухани жаңғыруРуханият

Жаңа кітаптар – оқырман игілігіне

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абай аудандық орталықтандырылыған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі оқырман назарына «Жаңа кітаптар» виртуалды көрме-презентациясын ұсынды. Шараның мақсаты – жаңа түскен кітаптармен оқырман қауымды таныстырып, кітап оқуға баулу, бос уақыттарын тиімді өткізуге түрткі болу.

Кітаптар – біздің рухани байлығымыз, білім теңізіндегі өз компасымыз. Өйткені, ғаламның бар құпиясы кітаптарда сақтаулы. Ұлттық болмысымыз бен тарихымызды, салт-дәстүріміз бен тілімізді сүйіп, оны бойға сіңіруде кітапхана қорына келіп түскен жаңа кітаптардың септігі тиері анық. Көрме-презентация арқылы жаңа туындылар жұрттың назарына кітапхана сайты һәм әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы ұсынылды. Көрмедегі жаңа кітаптар кітапхана қорына Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша әкелінген.

– Еліміздің белгілі жазушылары мен ғалымдарының қазақ тіліндегі жаңа кітаптары барлық оқырмандардың қызығушылығын арттырып отыр. 2-ші тамызда кітапханамыз жұмысын бастайды. Сондай-ақ, білім алуға тың мүмкіндіктер мен жаңа орта қалыптастыру үшін «Кітапханалық кеңістікті түрлендіру» атты курс аштық, – дейді кітапхана директоры Наталья Филипенко.

Қорға түскен кітаптар сан саланы қамтиды. Атап айтсақ, Х.Есенқарақызы құрастырған «Ақ жол» газетінің I-XXV томға дейінгі көптомдығы, С.Досановтың XII томдық таңдамалы шығармалары, Ш.Елеукеновтің көптомдық шығармалар жинағы, Н.Омашевтың таңдамалы шығармалар жинағы, Ә.Тарақовтың «Ғаламның жыр данасы» (Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың поэзиясын талдап, жаңаша бағалау) кітабы, қазақ және орыс тілдеріндегі Әлихан Бөкейханның шығармалары (мақалалар, ғылыми зерттеулер, экспедиция материалдары, фельетондар, көркем аудармалар), Қ.Сәкидің «Ер қаруы – бес қару» туындысы, Н.Бегалыұлының өлеңдері, поэма, аудармалары, Т.Медетбектің шығармалары, А.Бектемісовтің «Тәуелсіздік тартуы» кітабы, Нәзір Төреқұловтың таңдамалы мақалалары мен архивтік құжаттар жинағы, қазақ, ағылшын, орыс тілінде Джон Уорделлдің «Қазақ даласында» кітабы, С.Абдрахмановтың «Абыз Әбіш» (Әбіш Кекілбаевтың ойшылдығы туралы толғаныстар) туындысы, Сәуле Досжанның II томдық шығармалары және тағы басқа көптеген кітаптар бар.

Абай аудандық кітапханасының кітап сөресі әр жылы жаңартылып отырады. Биыл 3086 дана жаңа кітап түсті. Жаңа кітаптар коллекциясындағы негізгі басымдық Абай Құнанбаевтың – 175 жылдығына, Әл-Фарабидің – 1150 жылдығына, Ұлы Жеңістің – 75 жылдығына арналған туындыларға беріліп отыр.
Наталья Сергеевнаның айтуынша, аудан аумағындағы ауылдық кітапханалар да заманға лайық жабдықталуда. «Қазіргі таңда 5 ауылдық кітапханада коворкинг орталығы ашылып, жаңа жиһаздармен қамтылды. Биыл тамыз, қыркүйек айларында Южный кенті мен Құлайғыр, Жартас ауылдарындағы кітапханалардың жанынан коворкинг орталықтарын ашып, жиһазбен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Өзім қазақтың салт-дәстүрлерін, тілін, болмысын қатты сүйемін. Мұндай қасиеттер әлемнің дамыған елдерінде де жоқ. Болашақта аудан орталығында жаңа кітапхана тұрғызу ниетіміз де бар», – деп ағынан жарылды ол.
Осы сәтте, Абайдың «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген өлең жолдары оралды тіліме. Поэзия Пайғамбарының атымен аталатын ауданның орталық кітапханасы осындай ортақ іске мүдделі болып отыр.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button