Көмек қолын созды
Соңғы бір апта ішінде кеншілер шаһарындағы қайырымды жандардың қатары жаңа есімдермен толықты. Бұл, әрине, дертке шалдыққандарға қол ұшын созып, көмектесуге пейілді азаматтардың аз емес екендігінің айғағы.
Мәселен, қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорынының ардагері Қорғабай Күлшәріпов медициналық санитарлық орталықты, №1 орталық аурухана мен туберкулезге қарсы диспансерді азық-түлікпен қамтамасыз етті. Кәсіпкер Бауыржан Мұқашев пен Саят Балмағамбетов №1 орталық аурухана қажетін өтеу үшін 2 оттегі концентраторы мен 5 пульсометр сатып алып берді. Ал, «Самға» ЖШС №1 орталық ауруханаға 680 литр тазартылған ауызсу ұсынса, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС ардагерлер кеңесі №1 орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне 25 жиынтық төсек-орын жабдығы мен санитарлық тазалық құралдарын сыйға тартты. «Виола» дәріханасы №1 орталық ауруханаға 250 бетперде тапсырды.
Сондай-ақ, еріктілер жалғызбасты қарт адамдарға 200 данадан астам парацетамол мен аспирин дәрілерін таратты.
Қасымхан ҒАЛЫМ.
СӘТБАЕВ қаласы.